Қоғам

Мәрсековке құрмет көрсете алдық па?

ХХ ғасырдың басында ел тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш арыстарының ерлігі – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Қылышынан қан тамған қызыл империя Алаш арыстарының атын атауға, ерлігін дәріптеуге тыйым салды. Аллаға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғалы олардың бостандық үшін күресін, ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа айтуға мүмкіндік туды.

Мысалы, 2021 жылы Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығын, 2022 жылы А.Байтұрсыновтың 150 жылдығын бүкіл республика атап өтті. Десек те, осылармен бірге жүріп, ұлттық мемлекет құруға күрескен қайсыбір Алаш арыстарының іс-әрекеті, көрген азабы әлі толық зерттелмей, көптің зердесіне жетпей отыр. Айталық, Шығыстан шыққан Алаш арысы Райымжан Мәрсековтің ел тәуелсіздігі үшін күрескен ерлігін, сол жолда тартқан азабын, өмірін де қиғанын бүгінгі жас буын біле ме?!

Райымжан Мәрсекұлы 1877 жылы бұрынғы Семей облысы, Өскемен уезінің Айыртау болысында (қазіргі Ұлан ауданы) дүниеге келді. Мәрсектің әкесі Сасықбай – найман ішінде терістаңбалы. Семей, Өскемен өңіріне танымал сөзге шешен, әділ, даналығымен елге сыйлы адам болған. Ұлы Мәрсектің дұрыс азамат болуына үлкен әсер еткен. Сол заманда қазақ жеріне қоныс аударған орыстың қара шаруаларымен Мәрсек тығыз байланыста болып, тілін үйреніп, кейін Өскемен уезіндегі басшыларға аудармашы болған.

Заман ағымын түсіне білген Мәрсек ұлдары Райымжан мен Шериязданды орыс-қазақ мектебіне беріп, сауатын ашады.

Райымжан Омбы қаласындағы классикалық гимназияны бітіріп, 1897 жылы күзде Петербордағы императорлық университеттің заң факультетіне түседі. Сонда оқып жүріп, қазақ жастарымен араласып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Оқуда жүрген студенттер 1899 жылы 8 ақпанда және одан кейін де патша билігіне қарсы қозғалыстарға қатысып, ақыры қара тізімге ілігіп, оқудан шығарылады. Талантты жас ізденіп жүріп, әділетсіздікке қарсы тұрып, университетке қайта қабылданады. 1902 жылы оқуын аяқтап, елге оралады. 1902-1908 жылдары Семейдегі орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінде қызмет етеді. 1908-1912 жылдары Омбы қалалық сот палатасында жұмыс атқарады.

Бұрынғы сырлас, идеялас қазақтың бас көтерер біртуар азаматтары Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов тағы да жаппай қуғындалып, түрмеге қамалып, жер аударыла бастайды. Бұдан қауіптенген Райымжан дереу Семейге қоныс аударады.

Райымжан ХХ ғасырдың басынан Алаш қозғалысына, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құруға жан-тәнімен қызмет етті. Оның үстіне барлық ой-пікірлерін халық үні болған «Қазақ», «Дала уәлаяты газеті», «Сарыарқа», тағы басқа газет-журналдарда жариялап отырған. Баспасөзде негізінен жер, тіл, дін туралы келелі мәселелерді айта білді. Алаш үкіметін құруда, басқаруда белсенді еңбек еткен Райымжанның өмір жолы өте күрделі. Ол Алашорда үкіметі құлаған соң қуғынға түсіп, елден кетуге мәжбүр болған.

20-шы жылдардың аяғында жан сауғалап, қиындықты көре жүріп, Қытайға қашып өтеді. Туыстарының деректері бойынша, Шәуешек қаласында тұратын атақты Қызыр төре ауылын паналайды. 1932 жылдары Шығыс Түркістан губернаторы Кеңес үкіметінің келісімімен Қытайдағы Алаш мүшелерін жаппай тұтқындай бастайды. Сезіктенген Райымжан Құлжа қаласы маңында тұратын татар досын паналайды. Досының көмегімен ауылда қазақша-орысша мектеп ашып, мұғалім болады. Алайда тыңшылардың көмегімен Қытай үкіметі 1937 жылы Райымжанды тұтқындайды. Бір дереккөзде ол 1938 жылы көптеген Алаш арыстарымен бірге өлтірілді десе, енді бір деректе 1940 жылы 108 Алаш азаматымен бірге Қытайдағы Саяпіл деген жерде тірідей көмілген делінген.

Қуғынға ұшыраған ер-азаматтың жанұясы, ұрпақтары, туыстары Қытайда, Қазақстанда тарыдай шашылып өмір сүріпті деген дерек бар.

Естуімізше, әлі талай Алаш арыстары толық ашылып, айтылмай, танылмай жатыр. Келешекте облыс атқамінерлері, тарихшылар Райымжан Мәрсековтің атқарған қызметін кеңінен зерделеп, ауыл-көшелерге есімін беріп, ескерткішін қойып, құрмет көрсетсе, құба-құп болар еді.

Мәуітқазы Зүкенов

 Өскемен.  

 

Осы айдарда

Back to top button