Қоғам

Мерседес мініп жүрсе де, қойторысын аңсайды

Мерседес мініп жүрсе де, қойторысын аңсайды


Бірнеше этномәдени бірлестікті қанатының астына алған Бесқарағай ауданының Достық үйі – тарихи-мәдени байланыстардың тамырына қан жүгірткен қарашаңырақ. Татулықтың түтінін түзу ұшырып, ұлы мұраттардың ұйтқысы болған мекемеге аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ арнайы ат басын бұрған.
Құрылғанына биыл бес жыл ғана толса да, бұл ұжым осы уақыт аралығында ұлтаралық тұрақтылық пен дінаралық келісімді нығайтып, бейбітшілікті насихаттауда қатарынан озып, өзгелерге үлгі болып жүр. Достық үйінің директоры Мейрамгүл Әбілғазинованың айтуынша, қазір онда сегіз этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ғимарат ішінде қазақтың киіз үйі мен славян үйі стилінде жасалып, жабдықталған екі мұражай кабинеті ашылған. Қадым замандарға жетелейтін көне экспонаттар мен әртүрлі керек-жарақтар жинастырылған неміс бұрышы да тарихқа һәм мәдениетке қызығушылығы бар кез келгеннің назарын аударып, өзіне еріксіз тартып әкетеді. Ал көрмеде тұрған әртүрлі ұлттардың киімдері кигізілген кішкентай қуыршақтар нағыз шебердің қолынан шыққаны айтпаса да көзге ұрады.

– Бүгінде біздің ауданда 28 ұлттың өкілдері тұрады. Достық үйінде сегіз этномәдени бірлестік құрылған. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Ұқсастық және бірлік» атты төртінші қадамында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында бірсыпыра жұмыстар атқарылды. Бесқарағай өңірін мекен еткен этностардың ешбірін бөле-жармай барлығының тілін, ділін, дінін, дәстүр-салты мен мәдениетін сақтауға, дамытуға жағдай жасалған. Бұл бағытта аудан немесе облыс көлемінде шектеліп қалмай, шекаралық аймақтармен де жақсы байланыс орнатылған. Мәселен, Павлодар облысы мен Ресейдің Алтай өлкесіндегі көршілерімізбен мемлекеттік, ұлттық мерекелерді бірге атап өту дәстүрі қалыптасқан, – дейді Мейрамгүл Әбілғазинова.

Бұл бергі жағы ғана. Бесқарағайлықтардың мәдени байланыстары шекаралық аймақтармен шектелмей Еуропаға қарай етек жая бастаған. Қарағайлы өлкеде қанатын қатайтып, кейін әртүрлі себептермен Германияға қоныс аударған, алайда, кіндік кескен топырағынан жырақ кетсе де, туған ел-жұртымен қарым-қатынасын үзбегендер баршылық. Ұлтаралық достықтың жалауын желбіреткен мұндай интернационал отбасылар өздері арқылы адами-рухани құндылықтарға шөліркеген еуропалықтарға қазақ даласында салтанат құрған татулық пен келісімнің шынайы үлгісін паш етуде.

Бір мысал. Тілектес Тоқсейітов, Күлжауһар Нұрсейітова, Галина Баюн сынды қариялардың балалары бұл күнде Германияда тұрады. Дәлірек айтқанда, бұл кісілердің ұлдары неміс қыздарына үйленген. Ерлі-зайыпты өмірдің алғашқы жылдарын Қазақстанда өткізген олар кейін Германияға қоныс аударыпты. Қазір сол жақта тұрып жатыр. Неміс, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеп, ата-бабасының салт-дәстүрін, ырым-тиымдарын, жалпы мәдениетін жастайынан бойына сіңіріп өскен балалар батыстық өркениетке біржола бой алдырмай, тегін сақтап келеді. Әрине, бұған аталған отбасылардың жыл сайын жазғы демалыста атамекенге ат басын бұрып, ағайын-туыспен араласып, қаймағы бұзылмаған қазақы ортамен қауышуы, ауылдағы тұрмыс-тіршілікті көзімен көріп, жан-тәнімен сезінуі оң ықпалын тигізгені даусыз. Ең бастысы, қандастарымыз өздерін нағыз қазақстандық, оның ішінде бесқарағайлық ретінде санайды. Ал Күлжауһар Нұрсейітованың ұлы болса балаларын шетелде оқытып, бір-бір мамандық иесі атандырған соң отбасымен Қазақстанға қайта оралмақшы.

– Германияда балаларымның жағдайлары жақсы, дегенмен туған жерге бәрібір жетпейді ғой, – дейді Күлжауһар Нұрсейітова.
Иә, немістің мерседесін мініп жүйткіп жүрсе де, қазағының қойторысын аңсаған бұл қандастарға қалай разы болмайсыз…

Серік Әбілхан
Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button