Қоғам

Мерейтойлық велошеруге шықты

Танымал велосаяхатшы Дамир Кушеев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған жаңа велошеруін бастады. Велошеру 12 қазанда Алматы қаласынан басталып, Талдықорған, Өскемен, Семей, Павлодар бағыттары бойынша жалғасын тапқан.

21 қазанда саяхатшы 1 120 шақырымды артқа тастап,  Өскемен қаласына жетті. Облыс орталығында екі күн болған ол одан соң Семей қаласына аттанды. Жалпы, велосаяхатшы 1,5-2 ай ішінде жалпы ұзындығы 5,5 шақырым жол жүріп, еліміздің тоғыз облысын аралап өтуді жоспарлауда. Нақтырақ айтсақ, Алматыдан басталған сапар барысында Дамир Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарын басып өтіп, қайтадан Алматыға оралмақ.

Дамир саяхатта алған әсерлерімен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісуде. Саяхатшы аялдаған жерлердің фотолары мен видеоларын жариялап, жер-жердегі халықтың қонақжайлығына алғыс айтуда. Сондай жердің бірі – Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылы болыпты. Аудан орталығына кіреберісте саяхатшыны патрульдік полиция қызметкерлері күтіп алған.

– Міне, Шығыстың қонақжайлылығы деген осы. Жігіттер менің не қалағанымды білгендей, маған белгіленген жерге тез жетуім үшін энергетикалық сусын сыйлады. Бұл – жағдайымды сұрап, көмек ұсынған екінші патруль. Мұндай жайттар ерекше мотивация береді. Алматы облысынан өтіп, патрульдік қызмет тарапынан мұндай қолдауды кездестірген емеспін. Жігіттерге рақмет, – деп жазды Дамир Кушеев өз парақшасында.

Айта кету керек, бұл – Дамирдің бірінші саяхаты емес. Өткен жылдың жазында ол інісімен бірге Алматы қаласынан жаяу шығып, артына 1 200 шақырымды тастап,  қазақтың Ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының жеріне дейін барған болатын. Олар өздерінің саяхаттарын «Абайға жол» деп атады. Сол жылдың қазанында Дамир Алматы мен Ақтөбенің арасын жалғаған велошеруге шықты. 24 күн ішінде ол 2 200 шақырым жүріп өтіп, Қазақстанның бес облысында болды. Ал биылғы жазда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне Қазақстаннан Түркияға дейін велосипедпен сапарлады. Бес апта ішінде ол үш мыңнан астам шақырым жолды жүріп өтті.

 

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button