Руханият

Мерейтойлар мен мерекелер жылы

Мерейтойлар мен мерекелер жылы


Босағадан аттап, төрге озған жылдың жаманы жоқ. Әр жылдың өзінің жақсылығы, несібесі бар. 2019 жылдың да қазаққа жайлы, құтты жыл болатынына сенгіміз келеді. Бұл – мерейлі мерейтойлар мен мерекелер жылы. Иә, сонымен 2019 жылы облыс бойынша аталып өтетін және еске алынатын күндерге тоқталайық.

Ең алдымен, 2019 жыл – елімізде Жастар жылы болып белгіленгенін атап айтқымыз келеді. Сонымен қатар бұл жылы «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20, кеңес әскерлерінің Ауғаныстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толмақ. Сондай-ақ Семей ядролық полигонында тұңғыш рет атом бомбасы сынақтан өткеніне 70 жыл толатын болса (29 тамыз, 1949ж.), осы жылдың 29 ақпанында «Невада-Cемей» антиядролық қозғалысының құрылып, ядролық сынақтардың тоқтатылғанына да 30 жыл болады екен.

Жалпы, Шығыс өңірі – ақындар мен абыздардың, шешендер мен батырлардың мекені. Осы орайда қазақ әдебиетіне тамшыдай болса да үлесін қосқан ақындарымыз бен жазушыларымыздың мерейтойларын елеусіз, ескерусіз қалдыруға болмас. 2019 жылдың 10 қаңтарында Ұлан ауданының тумасы, бұрынғы «Коммунизм туы», қазіргі «Дидар» газетінде ұзақ жылдар еңбек еткен қаламгер, жазушы жерлесіміз Мүсілім Құмарбеков тірі болса 80 жылдық, ал 12 қаңтарда Зайсан ауданының тумасы, сыршыл ақын, журналист, аудармашы Ғалым Байбатыров 70 жылдық мерейтойын атап өтер еді-ау. Бірақ, әріптес қаламгерлердің «өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ», мерейтойлары ескерусіз қалмас деген үмітіміз зор.

Ақырған ақпанның 12-cінде Зайсан ауданының тумасы, медицина ғылымдарының кандидаты, жазушы Советхан Ғаббасовтың туғанына 80 жыл толса, 29 сәуірде ақын Ұлықбек Есдәулетов 65 жасқа толады екен. Бұл қаламгерлеріміз де ат шаптырып, дүрілдетіп той жасамаса да, туған жерге келіп, топырағына аунап-қунап кетер деген үмітіміз бар.

Ал Семей өңірінің тумасы, КСРО халық әртісі, әнші Бибігүл Төлегенова апамыз 2019 жылы 16 желтоқсанда 90-ға толады. Бұлбұл әншінің 90 жылдық торқалы тойын облыс қана емес, республика көлемінде тойласақ та артықтық етпейді. Сонымен қатар 2019 жылдың 8 наурызында Абай ауданының тумалары, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың туғанына 100 (1919-2006), 22 наурызда әнші, сазгер Жәнібек Кәрменовтің туғанына 70 жыл (1949-1992) толмақ. Сонымен қатар осы ауданның тумасы, педагог, жазушы-драматург Тайыр Жомартбаевтың туғанына 135 жыл толады. Ол – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне үлес қосқан, халықты оқуға, өнерге, ғылымға үндеп, мәдениетке шақырып, прогрестік, үлкен мәні бар күрделі мәселелерге үн қосқан ақын жазушылардың бірі. Оның «Қыз көрелік» атты романы 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспаханасында жеке кітап болып басылып шыққан.

Қалың оқырманға бұрынғы Шұбартау ауданының тумасы, жазушы Төлек Тілеухановтың да есімі жақсы таныс. 18 маусымда «Көрші келіншек», «Шарапатты жан», «Өзгенің бақыты үшін», «Өмір арнауы», «Мәуелі бәйтерек» әңгіме-повестері, «Келешек кіріспесі», «Үш ұрпақ мұңы» атты романдарының авторы Төлек Тілеуханов ағамыз да мерейлі 80 жасқа келеді екен. Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы, ғалым-филолог Хасен Әдібаев та осы Шұбартаудың түлегі. Егер көзі тірі болғанда, бұл ағамыз да өзінің 95 жасын тойлар еді-ау. 2019 жылдың 3 қыркүйегінде айында ұландық әдебиетші Шерияздан Елеукеновтің туғанына 90 жыл толмақ. Ол кісі 1951–1959 жж. Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай большевигі», кейін «Коммунизм туы» газетінде қызмет істегенін бүгінгі «дидарлықтар» ерекше мақтан етеді. Ендеше Ш.Елеукенов ағамыздың да қазақ руханиятына қосқан үлесі елеусіз қалмайды деген ойдамыз. Қазіргі қазақ әдебиеті өкілдерінің бірі, үржарлық жазушы, оқырманға «Жарық дүние» (1994, «Жалын»), «Дүние кезек» (1997, «Жазушы»), «Қүдірет-Кие» әңгімелері мен драмалық хикаяттарымен жақсы таныс Роза Мұқанова да 55 жастың есігін қақпақ.

2019 жыл – өңірдегі бірқатар мекеме, өнер мен білім ордалары үшін де ерекше жыл. Қазан айында Семей педагогикалық институтының (қазіргі Семей педагогикалық университеті) ашылғанына 85 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық мұрағатының құрылғанына 80 жыл, Жарма ауданы, Шар қаласының құрылғанына 90 жыл, Защита-Зырян теміржол желісінің іске қосылғанына 65 жыл, Семей қаласындағы ет-консерві комбинатының іске қосылғанына 85 жыл толады.

Сонымен бірге, 12 мамырда Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрының, 1 қазанда Ф. Достоевский атындағы орыс драма театрының құрылғанына 85 жыл толады Ал 25 мамырда Семей облыстық филармониясына әнші Әміре Қашаубаев есімінің берілгеніне 40 жыл болмақ.
Қалай десек те, 2019 жылдың мерейтойлар мен мерекелер жылы екені рас. Жылжып келген доңыз жылы құтты болсын!

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button