Қоғам

Мерейтой мерейімізді өсіреді

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу бойынша облыстық қоғамдық штаб отырысы өтті. Кездесуге ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты.

Облыста 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда, оның 24-і – халықаралық (оның ішінде Түркия, Британия, Польша, Қытай,Ресей елдерінде), 21-і – республикалық. Оларды ұйымдастырып, өткізуге өңірлік жоғары оқу орындары, ғылыми және мәдени қауымдастық, Жазушылар және Суретшілер одақтары, үкіметтік емес ұйымдар, жастар тартылған. Тұтас алғанда, іс-шаралар ағартушылыққа, білім беруге, жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған.

Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Раушан Нұрмұханова айтқандай, қазірдің өзінде облыстық жоспарды іске асырудың нақты нәтижелері бар. Осы жылдың 10 қаңтарынан бастап облыс мектептерінің 5-8 сыныптарына арналған, «Қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша колледждердің бірінші курсында оқитындарға арналған «Абайтану» элективті курстары енгізілген. Облыстағы барлық 277 толықжинақты мектепте және екі педагогикалық колледжде «Абайтану» кабинеттері ашылған. Семей қаласының 56 мектебінде «Абай еліне саяхат» клубтары құрылған. «Абай әлемі» әдеби жобасы жалғасуда – қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі 20 кітап басуға бекітілген, оларға отандық жазушылардың жалпы таралымы 21 мың дана болатын туындылары еніп отыр.

Ақын мерейтойына дайындық мәселелерін пысықтау үшін негізгі бағыттар бойынша бес штабтың құрамы бекітілген, егжей-тегжейлі жоспарлар әзірленген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес концерттік бағдарламаларды, театрландырылған қойылымдарды даярлау кезінде басымдық отандық әртістер мен мәдениет қайраткерлеріне, облыстың шығармашылық ұжымдарына беріледі.

Атап өтерлігі, өңірдегі университеттермен бірлесіп, волонтерлық мәселесі қаралуда. Қазіргі кезде 500 еріктінің тізімі анықталып жатыр, олар іс-шараларға атсалысатын болады. 47 кәсіби гидтің тізімі қалыптасқан, арнайы дайындықтан өткен жастар қатарынан қосымша 50 аудармашы мен гид тартылады. Абай ауданы, Қарауыл ауылы жанындағы киіз үйлер қалашығында әр қала мен ауданнан «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер», «Этнография және фольклор», «Абайдың шығармашылығы мен өмірі» тақырыптары бойынша көрмелік киіз үйлер орнатылады. Киіз үй қалашығы аумағына көктемде шамамен 2 мың көшет егілмек. Тамызда қалашықта  Абайдың 175 жылдығына орай өткізілген барлық спорттық сайыстардың қорытындысы шығарылады. Спорттың алуан түрі бойынша аймақта мұндай 93 іс-шара жоспарланған.

Көзтартар сайыстардың бірі  ұлттық ат спортының 15 түрі бойынша фестиваль болмақ. Мұнымен қоса, волейбол, баскетбол, шағын футбол және жартылай марафоннан ұлдар мен қыздар арасында сайыстар ұйымдастырылады. Қатысушылардың жалпы саны бір мыңнан асады.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің ақпараты бойынша, Абай ауданында және Семей қаласында нысандар құрылысы, жөндеу және абаттандару жүргізу бойынша 88 жоба жоспарланып отыр. Оның ішінде Қарауылда 300 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр, облыстық маңыздағы жолдарды, Қарауылдағы көшелерді жөндеу, «Жидебай» мемориалдық кешені аумағында Абай мұражайын салу, Сырт Қасқабұлақ бұлағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Көлік қатынасын ұйымдастыруда қосымша жергілікті тасымалдаушылардың 31 көлігін тарту жоспарлануда, Семей – Қарауыл, Жидебай – Қарауыл – Этноауыл бағыттары бойынша қосымша автобус маршруттары әзірленген.

Баяндамашылардың есебін тыңдаған аймақ басшысы Даниал Ахметов 14-16 тамызда Семей қаласында және Абай ауданында өтетін негізгі іс-шаралар тұжырымдамасын пысықтау үшін шығармашылық топ құрамын анықтауды тапсырды, оған көрнекті мәдениет қайраткерлері енеді. Белгілісі, шығармашылық топты бұрынғы мәдениет министрі, Ұлттық мұражай директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы басқармақ. Сондай-ақ боксер Серік Сәпиевтің жетекшілігімен спорттық іс-шаралар бойынша штаб құрылады.

–Бұл ауқымды іс-шараның Елбасының тапсырмасымен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауымен өтетіні аса маңызды. Біз ұлы ақынның, жерлесіміздің тойын атап өтетінімізді мақтан тұтуымыз керек. Абайдың 175 жылдық мерейтойыел дамуының 30 жылдығымен тұспа-тұс келеді. Ендеше, бір айтулы оқиғаны мерекелеу отыз жылдағы рухани, идеологиялық және мәдени даму жолында атқарылған жұмыстардың есебі тәрізді, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button