Қоғам

Мерей Америкада бас жүлде алды

Мерей  Америкада бас жүлде алды


Нью-Йоркте өткен халықаралық фестивальда жас әнші Мерей Зейнеш бас жүлдені қанжығалады. Мұндай фестивальда гран-приге қол жеткізген тұңғыш қазақстандық әнші – біздің жерлесіміз. Катонқарағайдың тумасы.

Халықаралық фестивальда Австралия, Канада, Франция, Жапония сынды елдердің мықты әншілері өнер көрсетті. Алайда, бас бәйге қазақстандық әнші Мерей Зейнешке бұйырды. Оның орындауындағы әні, дауысы, өзіндік стилі өзгелерден ерекше көрінгенін әділқазылар бірауыздан мойындап, жоғары бағаларын берді. Қазақстанның Көк туын желбіретіп, хрустальды микрофонға ие болған Мерей әлі талай фестивальдарда топ жаратынына сенімді.

– Мұхиттың арғы жағында өткен байқауға үлкен дайындықпен бардым. Байқауға қатысқан әншілердің барлығы мықты әншілер. Солардың ішінен суырылып шығып орын аламын деп ойламаған едім. Қолдап, қолпаштаған жерлестеріме мың алғыс. Бұл жеңісімді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын, – деді жас әнші журналистерге берген сұхбатында.

Мерейдің әкесі Бауыржан Зейнеш кезіндегі «Жерұйық» тобының әншісі. Әке жолын қуған ұл әншілікті он екі жасында Өскемендегі музыка мектебінің эстрада ұжымында бастаған. Кейіннен Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Бұл жерде оқып жүріп, академиялық грантқа түседі де, білімін АҚШ-та жалғастырады. Небәрі 17 жасында алғашқы музыкалық композициясын жазып, Оңтүстік Кореяда өткен бүкіл әлемдік поп-фестивальде жеңімпаз атанған. Заманауи стильде «Офлайн», «Мен сені сүймеймін» сынды клиптер түсіріп, көрермен назарына да ұсынды. Енді міне, Нью-Йорктің төрінде топ жарып, американдықтардың өздерін таңғалдырды. Мерей Зейнеш әншіліктен бөлек, еркін күрестен де жеткен жетістіктері бір төбе.

Мерей  Америкада бас жүлде алды

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button