Мерекені атап өтудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан

Бүгін елімізде рәміздер күні аталуда. Кез келген мемлекетті айқындайтын бірден-бір белгі– рәміздер,ал отансүйгіштіктің негізгі көрінісі – мемлекеттік нышандарды қадір тұту. Көк байрағымыз, қанатты пырақтары бар Елтаңбамыз, жүрек елжіретер Әнұранымыз –бәрі де Қазақстанныңқастерлі айшықтары.
«Мемлекеттік рәміздер –егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», – деген Елбасы 1992 жылғы 4 маусымда «Мемлекеттік Ту», «Мемлекеттік Елтаңба» және «Мемлекеттік Әнұран» туралы тарихи заңдарға қол қойды.
Бұл күн ел тарихына мемлекеттік символиканың пайда болған күні ретінде енді. Ал 2007 жылдың 4 маусымында «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заң қабылданып, содан бері бұл күн рәміздер күні болып аталып өтеді.
Аталмышзаңның бірінші бабында: «Мемлекеттік рәміздер –кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін атрибуттарының бірі. Қазақстанда Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады» деп көрсетілген.
Мемлекеттік рәміздерді қадірлі ету үшін ең алдымен әр азаматолар жайындабілуі тиіс. Рәміздердегі бейнелердің қандай мағына беретінін білу – әркімнің парызы.
Мәселен, Елтаңбаның жүрегі – шаңырақ отбасын, қанатты тұлпарлар өшпес өмірді суреттейді. Алтуымыздың көгілдір түсі– бейбіт өмірдің,күн – байлықтың, қыран – азаттықтың нышаны. Осыны әр азамат бес саусағындай білуі тиіс.
Еліміздің әдеби-сазды төлқұжаты – Әнұран. Жас пен атақ-шенге қарамастан Әнұранды түрегеп орындау, оң қолымызды жүрек тұсына қою да Отанға деген құрмет болып саналады. 1986 жылы бостандық пен еркіндікті аңсаған қазақ жастарының бейресми әнұраны «Менің Қазақстаным» болған еді. 2006 жылғы 7 қаңтарда олмемлекеттік Әнұран ретінде бекітілді.
Біздің облыс Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеудің тамаша үлгілерін көрсетуге, оны ата салт-дәстүрімізбен сабақтастыруға үлкен үлес қосып келеді.Айталық, мереке күніниет білдіргендерӨскемен қаласындағы «Қазақстан» деген жазуы бар тауға жүгіріп шығудан жарысады.Бұл таудың ең ұшар басына тұғыр орнатылып, оған еліміздің көк байрағы тігілген, Елтаңбамыз орнатылып, Әнұран мәтіні бедерленген.
Шығыс өңірі мемлекеттік мерекені ереше формада, тың мағынада атап өтудің өзіндік бір дәстүрін қалыптастыра білді. Бүгін да ұлық мейрам өңірімізде кең көлемде аталап өтпек. Айталық, Өскеменнің барлық ықшам аудандарында, мекемелер мен мектеп жанындағы лагерьлерде Әнұранды бірігіп орындау ұйымдастырылады. Таңғы сағат 10-нан бастап Мемлекеттік Туды қаланың басты даңғылдарымен алып жүреді. Сағат 11-де «Нұрлы жол» саябағында «Біздің Ту! Біздің Елтаңба! Біздің Әнұран!» патриоттық акциясы өтіп, Әнұран айту, мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімдері ұйымдастырылады. Мерекелік шара «Ұлы дала елінің рәміздері жасасын!» концертімен аяқталады.
Сондай-ақ Байрағымыз Ертіс өзенін бойлап өз саяхат жасайтын «Алтай, «КС-111», «КС-112» катерлерінде желбірейді. Мереке «Отанды жүрекпен сүю!» жастар акциясымен түйінделмек. Іс-шара барысында қаланың қоғамдық орындарында жұртшылыққа көк жалаушалар таратылады.
Ержан Әбіш