Қоғам

Мерекелік онкүндік жарияланды

Тұңғыш Президент күніне орай

Мерекелік онкүндік жарияланды

Тұңғыш Президент күні облысымызда он күн бойы тойланады. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ақпаратлық орталықта өткен брифингте мәлім етті.
Ұлт Көшбасшысын ұлықтайтын айтулы мерекенің жылуы облыстағы әрбір жанұяға жетуі тиіс. Осы мақсатты ұстанған ұйымдастырушылар мерекелік онкүндік жариялап отыр. Жақсылық Омар мерекенің жаппай халықтық сипат алуына мән берілетінін айта келе, декаданың әр күнінде қандай шаралар өтетінін атап көрсетті.
– Онкүндік барысында 100-ден астам шара ұйымдастырылмақ. Сол шаралар арқылы Елбасының тәуелсіздікті баянды ету жолындағы еңбегі мен әлемдік саясат сахнасындағы орнын халыққа мақтанышпен насихаттауды көздеп отырмыз. Биылғы мерекенің бұқаралық сипаты ерекше болады. Мерекенің бірінші күнінде облыс аумағындағы 666 мектепте «Менің Президентім» тақырыбында шығарма конкурсы өтеді. Осындай ресми мерекелер кезінде балаларға жеткілікті көңіл бөлінбей жататыны жасырын емес. Биылғы мерекеде осы олқылықты жібермеу мақсатымен шығарма конкурсын ойлап таптық, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Екінші күні, яғни, жиырма бірінші қарашада «Отаным саған арнаймын» тақырыбымен суретшілер байқауы ұйымдастырылады.
22-қараша күні мерекелік эстафетаны мұражай қызметкерлері іліп әкетуі тиіс. Біздің өңір республика бойынша мұражайлар саны ең көп облыс саналады. Осы артықшылықты мерекені насихаттау жұмысына ұтымды пайдалану мақсатында барлық аудандар мен қалаларда «Заманымыздың ұлы тұлғасы» атты көрме есігін айқара ашпақ.
Ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Ұлт Көшбасшысының бастамасымен құрылған «Жас ұлан» ұйымдары да мерекелік онкүндікке өз үндерін қосады. 23-қараша күні олардың қатары жаңа мүшелермен толығып, салтанатты қабылдау шаралары өтеді.
Аймақтағы 300 кітапхананың қызметкерлері мен оқырмандары 24-қараша күнгі «Әлемдік деңгейдегі тұлға» атты көрменің көрігін қыздырмақ. Президентіміздің өз қолымен жазған кітаптарынан бөлек, ол туралы белді қаламгерлердің еңбектері жан-жақты талдануы тиіс бұл күнде.
Мемлекеттік тілге құрметпен қарайтын өзге ұлт жастарының «Бір тарих – бір ел – бір тағдыр» атты форумын өткізу қарашаның 25 жұздызына жоспарланған. Форум арқылы өзге ұлт жастары өз замандастарын Мәңгілік Елдің тілі мен Көшбасшысының маңайына топтасуға үндемек.
Президенттің ән өнеріне деген құрметі мен бейімдігінен бүкіл қазақстандықтар хабардар. Халық әндерін нақышына келтіре орындап қана қоймай, өзі де әндерге сөз жазатынына бүгінгі Әнұранымыз куә. Мемлекет басшысының Теміртауда қызметте жүрген кезден бастап бүгінге дейін шығарған әндері мен сүйіп тыңдайтын әуендерінен құралған концерттік шаралар барлық мәдени ошақтарда өтуі тиіс.
26-қараша күні жас журналистердің арасында «Ұлт Көшбасшысымен бірге жарқын болашаққа» атты сайыс жалауын көтереді. Қазірдің өзінде бұл ерекше конкурсқа жүзден астам үміткерден өтініш түскен. Өңірдегі 80 колледждің студенттері 27-қараша күні «Ұлы дала ұрпақтары» атты шығармашылық конкурста бақ сынаспақ. Колледж студенттерінің мерекелік тартуын келесі күні өтетін «Біздің Бірінші» жастар конгресі жалғайды.
Қысқы спорт түрлеріне құмартушылар үшін онкүндіктің тоғызыншы күні ерекше болмақ. Өйткені, бұл күні қысқы спорт маусымы ашылады. Бұл күні облыс бойынша барлық хоккей қораптары мен шаңғы жолдары халық игілігне қызмет ету маусымын бастап кетеді.
Онкүндіктің соңғы күндері халық игілігіне берілетін әлеуметтік нысандардың ашылуымен есте қалатын болды. 30-қарашада Семей қаласындағы жедел жәрдем стансасы қолданысқа берілсе, желтоқсанның бірінші күнінде облыс орталығындағы ардагерлерге арналған оңалту орталығы ашылады. Аталмыш нысан бастан-аяқ демеушілердің қаржысымен салынғандығымен ерекше. Жақсылық Омар әлеуметтік мекемеде Кореядан келген мамандар қызмет көрсететінін айтты. Сол күні Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттерге арналған 500 орындық жатақханасы қолданысқа беріледі. Онкүндікті облыс орталығы мен қалалардың, аудан орталықтарының негізгі алаңдарында өтетін халықтық мереке түйіндемек. Облыс орталығында мерекелік қыдырыс кешкі отшашуға ұласпақ.
Биыл Тұңғыш Президентті атаулы мерекемен құттықтағысы келген тұрғындар үшін де ерекше жағдай жасалып отыр. Мерекеге орай ашылған «Kz.1.kz» сайты арқылы кез келген интернет қолданушы өз лебізін білдіріп, Елбасына құттықтау жолдай алады. Он күн ішінде жиналған құттықтауларды Ақордаға тапсыру жоспарланған. Жоба авторларының бірі – Денис Соколовтың айтуынша, сайтқа мобиьді телефон арқылы да оңай кіруге болады. Тек құттықтау мәтіні 120 символдан аспауы керек. Ол сондай-ақ, сайтқа лебізін қалдырушылар арасында телефон нөмірлеріндегі сандарды автоматты түрде анықтау арқылы 20 смартфонға ұтыс ойнатылатынын жеткізді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button