Қоғам

Мерекелік балға жиналды

Мерекелік балға жиналды


Үлкен Нарында мерекелік бал өтті. Оған аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, туған жерінің гүлденуіне сүбелі үлес қосып жүрген белсенді жастар қатысты.

Мерекелік іс-шара шымылдығы аудандық Мәдениет үйінің әртісі Немерехан Дәулетханның сырнайда құйқылжыта орындаған «Фин әуендері» атты музыкалық композициясымен ашылды. Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев пен аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рауан Нұрмолдин жиылған қауымды құттықтады.

– Жастар жылында жаңа буын өкілдеріне беріліп отырған мүмкіндіктер көп. Сол себептен сіздер Елбасының сенімін ақтап, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін, – деді Ренат Құрмамбаев.

Салтанатты жиында белсенді жастар марапатталып, сый-құрметке бөленді. Олардың қатарында Даяна Тұрарбекова, Жансая Қадылбекова, Николай Волженин, Ілияс Нұрмұханбетов, Қуаныш пен Гүлмира Абдырғалиевтар, Қанат Хабитқанов, Азиғат Сүйіндінова, Мадина Катенева, Тілек Байғалиев, Азамат Дүлденов, Дәулет Жансұлтанов, Әділет Рамазан, Ернат Қабдырахманов, Алма Тілеубаева сынды жастар бар.

Мерекелік балға қатысушылар арасында би байқауы өтті. Оған сегіз ауылдық округтің қыз-жігіттерінен құралған топтар қатысып, вальс әуендеріне ырғала би билеп, кеш көркін қыздырды, көрермендерді шаттыққа бөледі.

Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды Үлкен Нарын ауылдық округінің жастары жеңіп алса, екінші және үшінші орынды Қ.Дамитов орта мектебі (Үлкен Нарын ауылы) мен Алтынбел ауылының жастары өзара бөлісті.

Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button