Қоғам

Мердігерлердің жұмысы мандымай тұр

Мердігерлердің жұмысы мандымай тұр

Үржар ауданында салынып жатқан мектептердің құрылысы баяу жүргізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан жаңа құрылыс нысандарына тиісті қаржы бөлінсе де, кейбір мердігерлер қаржыны игере алмай отыр. Былтыр Қарабұта, Айтбай орта мектептерінің құрылысы аудан халқының атсалысумен зорға аяқталды. Шынын айту керек, аталмыш мектептер аудан әкімі Серік Зайнулдиннің қатаң қадағалауымен, жұрттың асар жасауымен ғана бітті.

Алайда, қаржыны қалтаға басып, еш қимылсыз отырған компаниялар да бар. Мәселен, құрылысы 2011 жылы басталып, қайраңдап қалған 80 орындық Лайбұлақ, Ер Қабанбай орта мектептерінің құрылысын жүргізген «Топипроект», РСУ «Асар» ЖШС-інің істері сотқа беріліп, басталған жұмыстарды аяқтауға басқа мердігерлермен келісімшарттар жасалып, қазір бұл мектептердің құрылысы қайта жанданды.

Енді бұл нысандарда құрылыс жұмыстарын «Малик» ЖШС жүргізуде. Бүгінгі күні Қабанбай, Жаңатілек ауылдарындағы 320 орындық мектептердің құрылысы да шатқаяқтап, алға баспай тұр. Сол сияқты, Нұржан Байкенов басқаратын «ОСТСПЕЦСТРОЙ» ЖШС-інің де жұмысы көңіл толтырмайды. Серіктестік Тас-кескен ауылында екі пәтерлі тұрғын үй мен Үржардың орталығында 320 орындық мектеп ғимаратының құрылысын мерзімінен кешіктіріп келеді.

Басты міндет – жаңа мектептерді дер кезінде салып бітіру. Аудан әкімі Серік Зинабекұлы бастаған жұмыс тобы үнемі нысан басына барып, құрылыс қарқынын бақылап отыр. Жуықта аудан басшылары БАҚ өкілдерімен бірге таңғы сағат 8-де нысан басында болып, жағдайды өз көздерімен
көрді. Осымен әлденеше ауызша ескертулер берілген мердігер компанияның бұл істі одан әрі жүргізе алмайтыны белгілі болды.

Былтырғы маусым айында басталған құрылысқа бөлінген 771,0 млн. теңгенің бүгінгі күні игерілгені – 231 млн. теңге ғана. Жұмыс тобы келген сәтте құрылыс алаңында басшы, бригадирлерден басқа жан болмағанын немен түсіндіруге болады? Ал мектеп енді екі айдан соң толық аяқталып, есігін оқушыларға айқара ашуы керек болатын. Тапсырыс беруші Үржар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мердігер компаниямен жасалған келісімшартты бұзып, істі сотқа беруден басқа лажы болмай отыр.

– Біз заң аясында әрекет етіп отырмыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жарқынбек Байсабыров. – Бір жылдан бері тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізбей отырған «ОСТСПЕЦСТРОЙ» ЖШС-нің орнына енді заңды түрде басқа мердігер компанияны таңдауға мәжбүрміз.

Осылайша, жұртты да, өздерін де әуре-сарсаңға салған серіктестіктен құрылыс нысаны қайырып алынып, басқа мердігер компа-
нияға берілетін болды.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button