Меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін білмеіз бе?
Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан Республикасында мемлекеттік және жеке меншік танылатыны және бірдей қорғалатыны белгіленген.
Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді.
Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
Жер құқығы қатынастарының субъектілері – жер құқығы қатынастарына қатысушылар болып табылатын және соған орай құқықтары бар әрі осы құқық қатынасында міндеттер атқаратын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттер.
Жер заңнамасының қолданыстағы нормаларына сәйкес (Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 22-бабы) жер учаскесiне меншiк құқығы:
1) меншiк құқығын табыстау;
2) меншiк құқығын беру;
3) меншiк құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды.
Осы шарттарға ұқсас, жерді пайдалану құқығы да туындайды.
Жер учаскесiне меншiк құқығы жіне жер пайдалану құқығы:
1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;
2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.
Жерді пайдалану құқығын тек мемлекет бере алады. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер пайдалану құқығы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде жүргізіледі (Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 32-бабы).
Жеке меншік құқығы, бір жылдан астам мерзімге жер пайдалану құқығы, жер учаскелерін немесе жер пайдалану құқығын кепілге қою, жер учаскесіне сервитуттар және басқа да заттай құқықтар мемлекеттік тіркелген кезден бастап туындайды.
Жер учаскелерін жеке меншікке берумен қатар қолданыстағы заңнама меншік иесіне (мемлекеттік органдардың қандай да бір рұқсатын алмай) өзінің жер учаскесіне қатысты оның нысаналы мақсатын өзгертпей Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген мәмілелерді жасауға мүмкіндік береді.
Жерді пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады. Жер пайдалану құқығына меншік құқығы туралы нормалар қолданылады, өйткені бұл осы Кодекске немесе заттық құқықтың сипатына қайшы келмейді.
Жер учаскесiне меншiк құқығы басқа адамға мәмiле жасалған кездегi барлық ауыртпалықтарымен берiледi (Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 25-бабы).
Жер учаскелерін пайдалану кезінде жер учаскелері меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 64, 65-баптарында көрсетілген.
Жер учаскелерi меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың:
1) жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу;
2) ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар мен екпелер себу мен отырғызуға, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару;
3) өз шаруашылығының мұқтажы үшiн жер учаскесiнде немесе өзіне тиесілі жер учаскелеріндегі жер қойнауында бар кең таралған пайдалы қазбаларды, екпелердi, жерүстi және жерасты суларын кейiннен мәмiлелер жасау ниетiнсіз, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану;
4) жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемiнде өтетiп алу;
5) жердi аймақтарға бөлудi ескере отырып, меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкестiкте тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу;
6) белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзу, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасау;
7) меншік құқығын, уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде, акционерлiк қоғам акцияларының төлемiне немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердегі жер пайдалану құқығын иеліктен шығару;
8) өзіне меншік құқығымен тиесілі жер учаскесін салу құқығын инвесторға талаптары тараптардың келісуі бойынша белгіленетін азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде беру құқығы бар.
Уақытша жер пайдаланушылар үшін жоғарыда көрсетілген 2), 3), 5) және 6) тармақтардағы өкілеттіктер жер учаскесін беру актісімен немесе жалдау шартымен (уақытша өтеусіз жер пайдалану туралы шартпен) шектелуі мүмкін.
Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға;
санитариялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін өндіріс технологияларын қолдануға, өздерi жүзеге асыратын қызмет салдарынан адам денсаулығына зиян келтіруге, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдайдың нашарлауына, экологиялық залал келтіруге жол бермеуге;
жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға;
жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және Қазақстан Республикасының заңдары мен шартта көзделген басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өсімдіктер, жануарлар дүниесiн, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртiбiн сақтауға, мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени, табиғи мұра объектілерінің және жер учаскесiнде орналасқан басқа да объектiлердiң сақталуын қамтамасыз етуге;
жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) сақтауға;
мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi уақтылы табыс етiп отыруға;
басқа меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және оның құнарлылығының нашарлауына, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу құнарлы қабаттың бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатымен оны сыдырып алуға жол бермеуге;
сервитуттар берудi қамтамасыз етуге;
өздерiнiң меншiгi болып табылмайтын анықталған өндiрiс пен тұтыну қалдықтары туралы жергiлiктi атқарушы органдарға хабарлауға;
топыраққа агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу үшін жер учаскелеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен учаскенің жер пайдаланушылары жер учаскесіне ауыртпалық түсіретін барлық міндеттерді атқарады (оны мақсаты бойынша пайдалану, сервитуттар беру, салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді төлеу және т.б.).
Жер заңнамасының талаптарын сақтамау жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға қатысты тиісті шаралар қабылдауға әкеп соғады.
Шығыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы