Қоғам

Меновнойдағы құрылыс келесі күзде аяқталады

Меновнойдағы құрылыс келесі күзде аяқталады


Баспанаңыз жайлы әрі жылы болса одан артық не керек?Ал енді шүмекті бұрағанда ыстық-суық су ағып, кәріз желісі істеп тұрса тіпті жақсы. Өскеменнің Меновной ауылындағы құрылыс жұмыстарын жүргізудегі мақсат осы дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

Естеріңізге сала кетейік, биыл жазда басталған су және кәріз желісін жүргізу жұмыстары ауыл тұрғындарына біраз қолайсыздық туғызғаны рас. Алайда «Әрбір қиындықтан кейін жеңілдік бар» демекші, бұл уақытша қиындықтың өтеуін меновнойлық ағайын келесі жылы көреді. Өйткені аталмыш жобаны өскемендік мердігер мекеме «DK Proekt» ЖШС келер жылдың қыркүйегіне дейін толық аяқтап, әрбір тұрғын үй су мен кәріз желісіне қосылуға мүмкіндік алады.

– Осы ауылдың тұрғындарынан су құбыры мен кәріз желісін тарту жөнінде талай рет өтініш түскен. Биыл жобаны қолға алдық, бүгінге дейін жермен байланысты жұмыстардың барлығы дерлік аяқталды. Келер жылға тек абаттандыру ғана қалып отыр. Ол жұмысты мердігер компания жоспарда көрсетілген 2018 жылдың желтоқсан айында емес, одан ертерек, яғни 1 қыркүйекке дейін тындыруға уәде беріп отыр, – деді қалалық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руфат Акрамов.

Ресми дерекке сүйенсек, Меновной ауылындағы жалпы ұзындығы 29 шақырым болатын кәріз желісінің құрылысына бюджеттен бір миллиардтан астам теңге қаражат бөлінген-ді. Бүгінгі күні құбырдың 27,5 шақырымы тартылған. Алдағы уақытта қалған 1,5 шақырымы жүргізіліп, абаттандыру және жолдағы қопарылған асфальтті қалпына келтіру жұмыстары атқарылады.

– Жұмыс келісілген уақытта аяқталуы керек. Тұрғындарға қолайсыздық туғызбау жағын да ойластырыңыздар. Содан кейін көктемгі топан судың алдын алу үшін суағарлар мен арықтарды тазартып, ретке келтіру қажет. Бұл мәселеде жергілікті тұрғындармен, оның ішінде ақсақалдармен ақылдасу артық болмайды, – деген қала әкімі Жақсылық Омар қыраулы қыста қапы қалмаудың қамымен Меновной ауылындағы №6 және №7 жылу қазандықтарын көрді. Қазандықтар қалыпты тәртіпте істеп тұр екен. Көмір қоры жеткілікті. Дейтұрғанмен қала басшысы қыстың қақаған аязында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу жеткізуде ешқандай мәселе болмауы қажеттігін ескертті.

Қазіргі күні екі қазандық жартылай ғана істеп тұр. Себебі түсінікті, күн жылы. Ал енді қыс қаһарына мінгенде жылыту нысандары толық жұмыс қуатына көшеді. Оған әлеуеті жеткілікті.

– Мамандар ұсынған мәліметтерге қарағанда қазандықтардың жылу шығыны көп емес екен, шамамен 17 пайыз. Ол жақсы. Жалпы, болашақта біз шағын қазандықтардан құтылып, «Өскемен ЖЭО» сияқты орталықтандырылған жылу желісіне қосылуға басымдық беруіміз керек, – деді Жақсылық Омар.
Қиналғандарға қол ұшын созады

Өскемендегі «Ульба» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы көмекке зәру талай адамды қанатының астына алып, қамқорлық көрсетіп келеді. Жақында бұл мекемені баспанасы өртеніп, барар жер, басар тауы қалмаған бір отбасы келіп паналапты.

– Алты адамнан тұратын бір отбасының тұрып жатқан баспанасы өртеніп, уақытша бізге орналасты. Енді осы жерде екі аптадай болады. Бұл уақытта біздің қызметкерлер қажетті құжаттарды жинастыруға, басқа да қажетті көмек көрсетуге тырысады, – дейді «Ульба» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Сәния Аубакирова.

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жұмысымен танысқан аталмыш орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге, жалпы көмекке мұқтаж адамдарға әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Бүгінгі күні мекемеде 16 мүмкіндігі шектеулі бала мен 60 ересек адам көмек алуда. Олар күн сайын таңертеңгі сегізден кешкі беске дейін осы жерде болады.

Жартылай стационар тәртібінде жұмыс істейтін «Ульбаның» қызметіне жүгінгісі келетіндер қатары қалада тіптен көп. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің тізімі бойынша ондай адамдардың кезегі 2021 жылға дейін бос емес көрінеді.

Әйгерім Қайратқызы

Осы айдарда

Back to top button