ТОП

Мәңгілік бала сезімді Ерсайынға қолдау керек

Айна Ескенқызы

Бірде Қасым Қайсенов кентіне жұмыс бабымен бара қалдым. Көшеде «апа, апа»  деген дауысқа жалт қарасам, бір бала арсалаңдап, жүгіріп келе жатыр. Қасында өзінен кішірек балалар бар, маған қолындағы кәмпитін ұсынып, басын бір жағына қисайтып, «ал» дегендей ишарат жасады. «Жо-жоқ, рақмет, өзің жей ғой» дедім Ерсайынды бірден танып. Ол маған қарап риясыз күлді де, өз жөніне кете барды.

Жасы жиырмаға келсе де, Ерсайынның сезімі әлі күнге бейкүнә сәбидікіндей таза, көңілі баланікіндей кіршіксіз. Біздің қоғам мұндай ақыл-ойы кем, психологиялық ауытқуы бар балаларды түсіне бермейді. Алайда Ерсайын осы кентте төрт жасынан тұратындықтан, тұрғындардың барлығы да оны жақсы таниды. Ол да бала кезінен кенттің әр тасы мен кірпішін, ауласын жақсы біліп алған. Мейірімді, өз бетімен өзгеге соқтықпайтын, мәңгілік бала сезімді балақай өз әлемінде періштелермен тілдескендей, әлдене деп күбірлеп, үнемі  күліп жүреді. Жүрегі қатыгездікті білмейтін ол жастайынан жануарларға әуес болып өсті. Көшеде мысық пен ит көрсе  оларды сипап, бауырына басып, қолындағы тамағымен бөлісетін. Қарлы жаңбырда бүрсеңдеп тоңып тұрған мақұлықтарға жаны ашып, талай рет үйге де алып келген. Өздері қуықтай бөлмеде тұрып жатқандықтан, анасы оған ит-мысық асырауға мүмкіндік  жоқтығын ақылмен түсіндіруге тырысатын.

«К» деген мектеп

Ерсайынның анасы Динаның сөзіне қарағанда, ұлының жарымжан болып тууына босанған кезде алған жарақат себеп болыпты.

– Бала кезінен кенттегі түзету орталығына да апардым, Сол жағалаудағы арнайы түзету мектебінде үш жылдай оқыды. Бірақ диагнозы күрделі болғандықтан, зейіні нашар, сабақты қабылдай алмады. Үш жылда жалғыз ғана «к» дыбысын айтуды үйреніп шықты. Қазір ол мектепті «к » дейді. «Мәдә к» десе, бауырының мектепке кеткені. Апа, ата, апай сияқты қарапайым сөздерді айтады. Қалғанын шамасы келгенше, ымдап түсіндіреді, –  дейді анасы.

Ол көбінде далада өзінен кішкене балалармен, жануарлармен ойнағанды ұнатады. Кент тұрғындары да оны жақсы таниды, ешкімге зияны жоқ балаға кейде тәтті-мәтті беріп, оны еркелететіндер де бар.

– Ерсайын біздің түзеу кабинетіне бірнеше жыл келіп жүрді, онымен бес-алты жылдай жұмыс істедік. Оны алдап, кейде еркелетіп шақырмасаң, кабинетке кірмей тұрып алатын. Бірақ жаны таза, өте мейірімді, қолы ашық бала, біреу өзіне тиіспесе,  ешкімде жұмысы жоқ. Оны ызаландыруға болмайды, ондай кезде ол өзін-өзі ұстай алмай кетеді.  Қазір ол үлкен жігіт. Анасы Динаны да танимын, ақкөңіл, жақсы адам.  Осы кентте «баланы неге арнайы мекемеге өткізіп тастамайсың?» деп ақыл айтқандар да табылған. Әрине, мүмкіндігі шектеулі баланы бағып-қағу оңай емес.  Бірақ Дина ондайға бармады. Сол үшін де оны барлығымыз сыйлаймыз, – дейді Ұлан ауданы психологиялық-  педагогикалық түзеу кабинетінің дефектолог маманы Нұргүл  Кабиева.

Динаның әріптестері де Ерсайынды бала кезінен таниды. Ұжыммен табиғат аясына шыққан кезде анасы ұлын үнемі өзімен ертіп жүреді екен.

– Біз бәріміз оны жақсы көріп кеттік. Судан шықпайтын. Мамасы бір уақыт демалсыншы деп, біз оған өзіміз бас-көз болуға тырысатынбыз. Жаз кезінде міндетті түрде Алакөл, Бұқтырмаға демалысқа апарып жүретінін білеміз. Күн жылыда Ертістің жағалауында серуендеуге анау кенттен қалаға арнайы алып келгенін де көргенбіз. Ақыл-ойының кемістігі болмаса, аяқ-қолы балғадай, зор денелі жігіт болып өсіпті, –  дейді Динаның әріптестерінің бірі.

Мамандар ерекше балалардың қоғамнан оқшау болып қалуына бірінші  ата-ана кінәлі екенін жиі айтады.

– Көбінде әке-шешесі сырт көзден ұялып, баласын далаға да шығармай, төрт қабырғаға телміртіп отырғызып қояды.  Ал сіз айтып отырған Ерсайынның анасы құрметпен қарауға лайық жан екен. Баласы дертінен жазылып кетпесе де, ол үшін анасының мейірімінен артық ештеңе жоқ, – деген еді психолог Инна Давыдова.

Ерсайынның арманы

Дина Абдрахманова Қасым Қайсенов кентінде тоғыз жыл бойы баспана жалдап тұрып келеді. Шағын кентте бір бөлмелі пәтер табу оңай емес, екі бөлмеліге жалғызбасты ананың тапқан-таянғаны жете бермейді.

Ерсайынмен пәтер жалдауда біраз қиыншылық кездесетіні рас. Өйткені балаға жаңа үйге, жаңа аулаға, көршілерге үйренісу оңай емес. Көшіп-қонған сайын жүйкесі сыр береді. Сол себепті анасы баспананы мүмкіндігінше ұзақ уақытқа жалдауға тырысады. Оның үстіне психологиялық ауытқушылығы бар баламен де пәтерге жолата қоймайды. Тазалықты ұнататын, ұқыпты, пысық келіншек кез келген пәтерді тап-тұйнақтай етіп, жуып-шайып, ұлдарына ыңғайлы етіп жабдықтап алады. Тіпті подъезді жуу кестесіне дейін жасап, көршілерден де тазалықты талап етіп жүргені.

Анасы Ерсайын өзінің жеке бөлмесі, өз төсегі болуын армандайтынын айтады. Қазір көбінде апасы мен атасының үйінде жүреді, сонда қонып қалады.  Апасы да оған әбден үйреніп алған, тілін де ұғады, жылы-жұмсағын алдына тосады.

– Үлкен жігіт болды ғой, осы кезде жалғыздықты, үйде оңаша қалғанды ұнататынын байқаймын. Өз кілті бар, мен жұмыста, інісі Бекежан сабақта болғанда, үйге өзі келіп-кетіп жүреді, көбінде интернетте отырады. Үйге жылдамдығы жоғары интернет тартып, планшет алып бергем. Әлсін-әлсін телефон шалып, тексеріп тұрамын. Кішірек кезінде шамам келетін, қазір сойталдай азамат, оны тек алдап-сулап ұстамасаң, кейде қыңырланып, айтқаныма көнбейді де. Тісін жөндету, шашын алу біз үшін үлкен  проблема. Өйткені бәрінен қорқады. Талай адам «неге интернатқа өткізіп тастамайсың?» деп кеңес те берді. Ішімнен шыққан баланы жаутаңдатып, қалай интернатқа өткізем? Оған күтім керек, менің, апасының махаббаты керек. Інісі Бекежан да бір күн көрмесе оны іздеп қалады. Апасының үйіне қонып қалған кезде, «мама, Ерсайынның дауысы шықты ма?» деп елеңдеп отырғаны. Енді қазір тұрып жатқан пәтерден де шығуға мәжбүр болып тұрмыз, – дейді Дина күрсініп.

Айтуына қарағанда, көршілермен түсінбестік болыпты. Көршілердің біреуі жұмыстан келе жатқанда подъезде күші көп, денелі Ерсайынның бір баламен керісіп, оны ішке кіргізбей тұрғанын көреді. Көрші сол жерде бозбалаға жекіп, ақыл айтам дегенде,  психологиялық ауытқуы бар ұлы кенет ашуланып, оған түкіріп жіберген, ызаға булыққаннан қолындағы шайын бетіне шашқан. Ол кісі дереу әйеліне звондап, одан пәтер иесіне хабарласып, «мұндай квартиранттарды неге ұстайсыз?», – деп шағымданған.

– Ең өкініштісі, көршімнің әйелі Ардақ Болатқызы педагог, күйеуі Әсет салық органында білдей маман. Баланың психо-эмоциялық жағдайынан хабардар, сөйлей алмайтын бала, эмоциясын солай шығаратынын жұрттың бәрі біледі. Бірден үй иесіне арызданбай, өзіме айтса да болар еді. Талай жылдан пәтер жалдаймыз, көршілеріммен үнемі тату болуға тырысам, осы жолы да жағдайды түсіндіріп, ұлымның қылығы үшін кешірім сұрадым. Алайда үй иесі «айдың аяғына дейін төлеген ақшаңызды қайтарып берейін, 15 кейін сізді шығара алмаймын, қазір босатсаңыз» дегендей өтініш айтты. Пәтердің құны болса, күн сайын аспандап барады, кентте жалдай қоятын пәтердің табылуы да  екіталай, –  дейді  шарасыз қалған ана.

Тоғыз жылда қол жетпеген баспана

 Дина Абдрахманова мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған жалғызбасты ана ретінде 2014 жылдан баспана кезегінде тұр.

Аудандық тұрғын үй-шаруашылығы бөлімшесінің бас маманы Серік Асқабыловтың берген мәліметтеріне сүйенсек, ауданда қазір 1052 адам үй кезегінде тұр, оның ішінде 149 отбасы көпбалалы. Биыл Герасимовка, Мамай батыр, Сағыр ауылдарында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен бірнеше үй салыныпты, басымдық көпбалалы отбасыларына берілмек.

– Кентте жыл аяғына дейін  тағы 40 пәтерлі екі көп қабатты үй пайдалануға тапсырылады. Қазір сегіз отбасы осы үйден «Бақытты отбасы» бағдарламасымен баспана алу үшін «Отбасы банкте» маусым айында өтініштерін тіркеді. Дина Абдрахманова осы бағдарламаға жатады, бірақ жаңағы үйлерге өтініш тіркеу аяқталып қойды. Өтініш беру туралы біз ескертпейміз, кезектегілер банктің сайтындағы хабарламаларды өздері қадағалап отыруға тиіс.  Басқа пәтерлер, жер үйлер қандай бағдарламамен берілетіні әзірге белгісіз.  Мысалы,  бізге «Шаңырақ» бағдарламасына ақша жоқ деп бірден ескертті, – деп түсіндірді сала маманы.

Дина баспана мәселесімен аудан әкімі Ренат Құрманбаевтың жеке қабылдуында болғанын айтады.

– Әкім кентте «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен от жағатын, жер үйлер салынып жатқанын айтты. Жыл аяғына дейін аяқталса, сол үйлерден үш бөлмелі баспана алуға мүмкіндігім бар екен. Сол кісінің сөзіне сенем. От жағудан қорықпаймын, тек өз баспанам болса деп армандаймын. «Бақытты отбасы» бағдарламасынан осы жолы қалып қойдым. Енді «Отбасы банктің» әлеуметтік желідегі парақшасына тіркеліп, өзім қадағалап отыруға тиіспін,  – дейді Дина үмітпен.

Биылғы Балалар жылында әртүрлі арзан ойын-сауық шараларына, дөңгелек үстелдерге, конференцияларға, Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына  қыруар қаражат бөлінгенін білеміз. Одан да нақты мұқтаж балаларға баспана алып берсе, сол әлдеқайда тиімдірек болар еді. Кез келген тұрғын үй бағдарламасының он, жиырма, елу пайыздық алғашқы жарнасы тағы бар, оны бірден төлеу үшін де қомақты қаражат керек. Дина әртүрлі қайырымдылық қорларына жағдайын айтып, хат жазған екен, «біздің бағытымыз басқа» деген сыңайлы жауаптар келіпті. Ендеше, Ерсайынның өзінің баспанасы болуы үшін көмегімізді аямайық.  Дәл қазір мәңгілік бала сезімді Ерсайынның баспаналы болуы сіздің көмегіңізге байланысты болып тұр. Ерсайынның жағдайына бейжай қарамайық!

Осы айдарда

Back to top button