Қоғам

Менделеев тірілсе, еңбегіне разы болар еді

Менделеев тірілсе, еңбегіне разы болар еді


Тамыздың басында әлдебір жұмыстармен Қарағанды, Астана бағытына бет түзеген едім. Тамыздың үшінші күні Қарағандыдағы бір мейрамханада сол өңірде тұрып жатқан ағайын-туыс, жерлес-жекжаттармен әңгіме-дүкен құрып отыр едім, қалта телефоныма Алматыдағы Әбетханнан (Тоқтағанов) қоңырау келіп тұр.

Осы жаққа жол жүріп кеткенімді білетін.

– Қазір қайда жүрсің? – деп сұрады.
– Қарағандыдамын.
– Саған бір жайсыз хабар айтқалы тұрмын. Ұстазымыз Жұбайбек ағай бақилық болды. Осы Алматыда. Мәйітін елге апарып, жерлеп те қойды.
Өзіміз ақсақалдық жасқа келсек те, қашанда ұстаз әрі аға тұтатын, 80-нен асқанмен, жүріс-тұрысы әлі ширақ Жүкең сол күйінде ылғи да жүре беретін секілді көрінуші еді. Ажал шіркінге на шара… Сол жердегі Жүкеңді жақсы білетіндерге қайғылы хабарды естіртіп, «Артының қайырын берсін!» деп, бетімізді сипадық.

ХИМИЯНЫҢ ҚАҚПАСЫН ЖЫРМЕН АШҚАН ҰСТАЗ

Балаларына оқу қажет болған соң, әке-шешеміз бәріміз өсіп-өнген Бақасуды қаншалықты қимағандарымен, ақыры Дайырға көшіп барған еді. Химия пәнінен сабақ беретін Жұбайбек Жұмаханов ағайымызбен осы жерде ұшырастық.
Дайырда сегізінші сыныптан бастап химиядан Жүкең сабақ берді. Бұл кісінің сабақ беру тәсілі мүлдем өзгеше екен. Өзі «Химия қақпасы» атты тұтас жүйе ойлап шығарған. Валенттілік секілді миға бірден қона қоюы қиындау химияның аса қажетті деген жерлерін өлеңмен қиыстырып құраған. Сол өлеңдерін жаттап алсаң бітті санаңда қайта жаңғырып, жыр болып кестеленіп, тіліңнің ұшына өз-өзінен орала кетеді.

Калий, натрий бір валент,
Кальций, магний қос валент,
Алюминий үш валент.
Маргарецте жұптар жетіден,
Мырышта валент екіден.
Екі де үш темірде,
Никель ұқсас темірге.
Қалайы мен қорғасын
Екі де төрт тегінде… Осылай кете береді. Күні бүгінге дейін бәз біреулермен бас қосқанда, әңгіме химия ғылымына тірелген сәтте осы металдар мен металоидтардың валенттіліктерін тақпақтап қоя беретініміз бар. Мектепте химияны мұндай әдіспен оқымағандар бізге таңдана да, қызыға қарайды. Олар валенттілік дегенді баяғыда естерінен шығарған. Шынтуайтында, ол біздің де жадымызда қалмас еді ғой. Бірақ өлеңге орап жаттатқан дүние ұмытылмайды екен. Жалғыз мен ғана емес, нағыз бір ақпақұлақтар болмаса, мектепті қашан бітірмесін Жүкеңнің шәкірттерінің бәрі дерлік осындай. Ал Мырзаш (Имашев) секілді оқушылары осыны домбыраға қосып, ән ғып шырқайтынын қайтерсің. Сол Мырзашыңыз да пайғамбар жасынан әлдеқашан асып кеткен азамат. Ал осы біз жаттап алған валенттіліктерді Қазақстан мектептеріндегі шәкірт атаулыға неге осы тәсілмен оқытпасқа деген ойға қаласың.

Жұбайбек марқұм әзіл-оспаққа да шебер еді. Әзіл айтарда бет-жүзі әнтек қызарып, басын сәл селкілдетіп алады да, небір ұтқыр сөзді топ еткізетін. Сабақ үстінде кейбір оқушылар аяқтарын партадан шығарып отырса, тұсынан өтіп бара жатып: «Мына шашылып жатқан аяқтар кімдікі, жинап алмаймысыңдар?» – деп бір мырс ететін еді. Алпысыншы жылдардың аяқ шені. Қазіргідей компьютер мен ноутбук жоқ. Жазу мәшеңкесінің өзі кеңшар және ауылдық кеңестің кеңселерінде ғана бар. Сондықтан жазған-сызғандарыңды анық етіп қолдан көшіртіп алмасаң болмайтын. Жүкең «Химия қақпасы» еңбегін сол кезде жазып жүреді екен. Оны білетінім, менімен бірге Азат Жақыпбаев деген бала оқыды. Қолтаңбасы маржандай, жазуы өте әдемі еді. Сабақты да озат оқитын. Сол екеуіміз жолдаспыз, үйіміз де ауылдың шет жағында, бір-біріне жақын. Бірде сабақтан кейін ұстазымыз бірер парақты Азатқа ақ қағазға көшірткені бар. Сол, химия пәніне байланысты дүниелер ғой.

АҚИҚАТ ҮШІН ДОН КИХОТТАЙ АЙҚАСҚАН

Досым Ғалым Байбатыров марқұм екеуіміз сегізінші сыныптан әдебиетке біржолата ден қойып, ақын-жазушы болуды армандап, қайтсек те журналистика факультетіне түссек деп жүрген кезіміз. Аудандық газетке шағын мақала, өлеңдеріміз жарияланып жатады. Сонда Жүкең ұстазымыз: «Сендердің алдарыңа мұндай мақсат қойғандарың өте дұрыс. Тек география немесе биология секілді мамандық алғандарың жөн болар еді. Ертеңгі күні бірдеңе жазғанда құрылықтар мен мұхиттарды, өзен-көлдерді жете білсеңдер, өсімдік, ағаш-бұталардың атауларына жетік болсаңдар, ол ертеңгі шығармашылық жолдарыңда мықтап кәдеге асар еді» деп ақыл беретін. Бұл айтқандарының да жаны бар екен, оны кейіннен түсініп жүрміз ғой.

Жүкең шешем марқұм екеуі бір ауылдан екен. «Жұбайбек бала кезінен есепке өте жүйрік болды. Өзін сынау үшін үлкендердің берген нетүрлі қиын есептерін қас қаққанша шемішкеше шағып, шығара беретін», – деп айтып отырушы еді. Сөйтіп, мектепті де тәмамдадық. Дәм жазып, Алматыға оқуға түстік, осында тұрақтап қалдым. Жүкең аудандағы басқа мектепке барып, директор да болыпты. Сосын Дайырына қайтып оралған көрінеді. Мектепте директорлық лауазымының қаншалықты сәтті болғанын қайдам, бірақ мен білетін Жүкең нағыз ұстаз, химия пәнінің шынайы мұғалімі болғаны хақ. Керек десеңіз, сол саланың жақсы мағынадағы Дон Кихоты еді. Сервантестің Дон Кихоты әділдік жолында жан аямай арпалысып, жел диірмендермен айқасса, Жұбайбек аға да соның жолын құшты. Олай дейтінім, көптеген мектептерде химия мұғалімдері жүргізген сабақтарына өз беттерімен Жүкеңнің «Химия қақпасын» енгізіп, шәкірттеріне тамаша білім сыйласа, жоғарғы жақтағы ғылым-білімді аталарынан қалғандай еншілеп алғандар Жұбайбек секілді жаңашылдарды ит қосып қуып, маңайларына жолатпауға тырысты. Алдына үнемі кедергі қоюмен болды. Жазған оқулық кітаптарын баспадан шығартпады. Тек, көмекші құрал ретінде шығарған еңбектері бар. Оны да аса жанкештілігімен, Алматы мен Астананың арасын шаң қылып жүріп іске асырды.
Біздің мектеп бітіргенімізге де келесі жылы жарты ғасыр, яғни елу жыл толады екен. Демек, Жүкеңнің осы химия саласындағы жанкешті еңбекпен айналысып келе жатқанына елу жылдан асып жығылады деген сөз. Жазған өлең немесе прозалық шығармаларын жариялау үшін емес, қазақтың қара домалақ балаларына химия пәнін түсіндіру, санасына сіңірудің оңай жолын тапқан ұстазымыздың көрген құқайы осы. Және бұл тек Жұбайбек Жұмахановтың ғана басынан кешкен тауқыметі емес. Ортасынан қара үзіп, ғылым мен білім, өнертапқыштық жолында қажымай-талмай еңбектенген қазақтың небір атпал азаматтарының талайының басынан кешкен ахуалы.

1992 жылы «Казахстанская правда» газетінде Теміртау қаласының тұрғыны Владимир Ковалев деген кісінің мақаласы жарияланыпты. Соны кейіннен Жүкеңнің өтінішімен қазақшаға аударып едім. Жарияланымды тұтас келтіру қажет те болмас. Әлгі кісі Шығыс Қазақстанда тоқсаныншы жылғы зілзала кезінде құрылыс жүргізу үшін Дайыр ауылына барғанын жазады. «Бірде ауыл мұғаліміне үй салып жаттық. Қарапайым, басқа да қазақтар сияқты аса қонақжай, еңбекқор, бір сөзбен айтқанда кәдімгі ауыл тұрғыны. Бірде оның таныстары менен:
– Қазір қайда істеп жүрсің? – деп сұрады.
– Ә, «химия қақпасында ма?» – деді сонсын.

Осы сөз көкейімнен кетпей, «химия қақпасы» дегені қалай, осыны ойлаумен болдым. Бұдан кейін автор әкесін соғыс жалмаған Жұбайбектің анасы жеті баласын өсіріп-жеткізу үшін қандай қиындықтарды бастан кешкенін, оқу-білімге айрықша ынтық ұлының химия пәнінің мұғалімі болғанын, туған ауылында шәкірттеріне химияның қыр-сырларын үйретіп, өзі де бес бала тәрбиелеп өсіргенін жазыпты. «Ұзаққа созылған ұйқысыз түндер дарынды да, шалымды мұғалімге жемісін беріп, осының бәрін өзінің «Химия қақпасында» баяндап шығады. Тіпті, қалай баяндап, негіздеп берген десеңізші. Бұған оның еңбегіне тәнті болған көптеген ғалымдардың, тұтас ғылыми институттардың, студент шәкірттерінің толып жатқан пікірлері дәлел. Егер ғайыптан тайып Дмитрий Менделеев тіріліп келсе, бұл еңбекке шексіз риза болар еді деп ойлаймын. Енді қалай? Менделеевтің периодтық жүйесі пайда болған кезеңнен бері әлемнің бірде-бір ғалымы химия негіздерін осындай қалыпқа салып, жүйелеп берген емес. Бірақ осы химия қақпасы ауыл мұғалімінің еңбегімен таныс аздаған бастамашыларға ғана ашылып отыр. Ал бүкіл Қазақстанға және күллі әлемге біздің академиктеріміз, бұрынғы «Мектеп» баспасы (қазіргі «Рауан») бұл қақпаны ашқылары келмейді. Тіпті, «Мектеп» баспасы мұның қолжазбасын екі рет жоғалтып та жіберіпті. Бірақ құрметті редакция, біз сіздермен бірге осы мақаланы жариялаған соң, аталмыш ғажайып еңбекті жарыққа шығарып, ұлттың болашағы – оқушылар мен студенттерге химия қақпасын кеңінен ашуға септігін тигізетін бір ұлағатты демеуші табылатын шығар деп үміттенемін. Сондай-ақ, ол патриоттық және ұлттық міндетін атқарып қана қоймай, тәп-тәуір материалдық пайда да тапқан болар еді» – деп сөзін түйіндепті.
Шіркін, естір құлақ болса, айтудайын айтыпты ғой орыстың әділ азаматы.

АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ӘҢГІМЕ

Студент кезімізде де, оқу бітіріп, қызметке тұрған шағымызда да елге барғанда, осы Алматыда Жұбайбек ағамен талай мәрте жолығып жүрдік. Бірде ауылдағы ақынжанды, аузын ашса, жүрегі көрінетін тамаша азамат Әділбек Қоңырқановтың тойында бірнеше күн бірге жүрдік. Өзін Әдікей деп атаушы едік. Тойын мен басқардым. Жүкең Әдекеңнің ағасы ретінде осы тойды бастан аяғына дейін атқарысты. Ағамыздың Дайырдағы үйіне талай барып, Клара жеңгей марқұмның шайын ішіп, әдебиет жайында ұзын сонар әңгімеге кірісетін кездеріміз әлі де есімде. Тегінде, Жұбайбек ағамен кез келген тақырыпта әңгімелесе беруге болатын. Ондайда тілге тиек етіп отырған нәрсені терең білетінін, көп оқып және сол оқығандарын жадына түйіп, тоқып алатыны еріксіз тәнті қылатын еді бізді. Тіпті талай жылдар бойы қолына қалам алып, баспасөз саласына да белсене араласты. Іздеген адам республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдардан Жұбайбек Жұмаханов деген автордың небір проблемалық, көкейкесті мәселелерді қаузап жазған материалдарын тауып алары хақ. Алматыға келген сапарларында теледидардағы пікірталастарға да қатысып, өткір ойларын ортаға салып жататынына да талай рет куә болғанбыз. Кейіннен балалары өсіп ержетті, қыздары бойжетті. Олар Алматыда, Зайсанда, Шығыс Қазақстанның басқа да аудандарында тұрады. Клара жеңгейді ертіп алып, сол балаларына барып, айлап жатып жүретін. Тек соңғы жылдары қартайған шағында зайыбынан айырылып қалып, қатты қиналды. Бірақ тағдырдың ісіне не дауа, бұған да төзді.

Бұрнағы жылғы мамыр айында Дайырдағы бұрынғы Н.Гоголь, қазіргі Мүкарама мектебінің ашылғанына тоқсан жыл толып, сол тойға барғанбыз. Осы мектепті әр жылдарда бітірген түлектер бас қосып, мәре-сәре болдық. Ардагер мұғалімдер қатары сиреп-ақ қалған екен. Жұбайбек аға да келіпті. Мектеп бітіргендеріне елу жыл болған шәкірттері басқа да ұстаздарымен қатар Жүкеңнің де атын ілтипатпен ауыздарына алып, қолына бағалы сыйлық ұстатты. Көп жылғы адал еңбегінің аз да болса қарымтасы іспетті бұл ниетке қарт мұғалім бір жасап қалғандай көрінген.

Ардақты ұстаз ағамызбен ең соңғы рет Алматыдағы зағиптар қоғамының кітапханасында өткен бір мәдени кеште жолығып едік. Шараның негізгі бөлігі аяқталғаннан кейін, сонда отырып, шай іштік. Шаймен бірге музыка қойылып, жас қыздар мен келіншектер тіпті би ұйымдастырып, қызықты думанды бастап кеп жібергені. Отырған орнынан қояр да қоймай тұрғызған соң, Жүкең тіпті әлгілермен бірнеше мәрте биге де шыққан. Сексеннен асқан ағамыздың бұл өнеріне мәз болып, қарадай сүйсіндік. Сол кітапханадан шыққан бойда екеуіміз үйімізге бірге бет алғанбыз.
– Саған айтатын бір әңгімем бар, – деп еді жарықтық

– Жарайды, Жүке, олай болса алдағы уақытта бір жерде жолығып, асықпай әңгімелесейік, – дедім. Содан аяңдап төменгі Төле би көшесіне жеткесін бір таксиді тоқтатып, ақысын төледім де, жүргізуші жігітке: «Інішек, мына ақсақалды өзі айтқан жеріне жеткізіп сал», – деп Жүкеңнің бетінен сүйіп қоштасып, аялдамада қала бердім.

Әке-шешеміздің замандасы, ескінің көзіндей, үнемі құрмет тұтып жүретін ұстазыммен ең соңғы рет көрісіп тұрғанымды ол сәтте қайдан біліппін…

Заманбек Әбдешев,

«Алаш» әдеби сыйлығының иегері,

Зайсан ауданы және Дайыр

ауылының Құрметті азаматы

Осы айдарда

Back to top button