Қоғам

Мен жұрттың кітапханашы туралы көзқарасын өзгерткім келеді

Мен жұрттың кітапханашы туралы көзқарасын өзгерткім келеді


Міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы да өз мәресіне жетті. 100 жаңа есім – Тәуелсіздіктің 26 жылдық тарихына еңбегімен ерекше үлес қосқан жандардың тізімі. Олардың арасында біздің жерлесіміз, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана басшысының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалинов та бар.

Өмірдегі ақылшым да, демеушім де – әкем

Отыздан енді ғана асқан жігіттің «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» ортасынан ойып тұрып орын алуы өзі үшін де күтпеген тосын сый болғаны анық. Ол – Тәуелсіздіктің өзі тудырған таланттардың бірі. Ол – Тәуелсіздіктің өзінің жемісі. Қалай десек те, оның тұлға ретінде қалыптасып, «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына қосылуы туған-туысқандары мен жора-жолдастары үшін ғана емес, жерлестері үшін де үлкен мақтаныш.

Нұржан Жолдыбалинов 1986 жылы 17 ақпанда Жарма ауданының Шар қаласында дүниеге келген. Отбасындағы үш баланың ортаншысы. Ерлан есімді ағасы мен Шырын атты қарындасы бар. Әкесі Нұрлан қарапайым ғана теміржолшы. Үшінші сыныпқа дейін Нұржан Көшек ауылында оқиды. Ал 1994 жылы Шар қаласындағы №63 мектепке ауысып, оқуын жалғастырады. Қазір бұл мектеп Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың есімін иеленген.

Нұржан мектепте сабақты жақсы оқиды. Әсіресе физика, химия, информатика оның ең жақсы көріп оқитын пәндері болатын. Мектепке 8-разрядты дербес «Корвет» компьютерін алып келгенде, кішкентай Нұржанның оған деген қызығушылығы ерекше еді. Үзіліс кезінде Нұржанды іздегендер компьютердің жанынан табатын.

– Ол кезде компьютер дегеніңіз керемет бір байлықтың белгісіндей болатын. Компьютері бар үй бізге бай әрі сәулетті көрінетін, – дейді Нұржан.
4-ші сыныпты аяқтаған соң, оны әкесі Семейдегі «Жас ұлан» мектебіне алып барады. Барлық емтиханнан сүрінбей өткенімен, неге екені белгісіз Нұржанның «Жас ұланда» оқуға ешбір құлқы болмайды. Шарға қайтып, мектептегі оқуын одан әрі жалғастырады.

Мектепте оқып жүргенде Нұржан спортпен де айналысыпты. Өзі құралыптас балалармен бірге қазақша күреспен шұғылданады. Бірақ қазақша күрестен қандай жарысқа қатысса да, жеңіліп қала беретін. Сонда әкесі ұлына: «Сенің жеңілгенің маңызды емес. Жеңілгенде тұрған ештеңе жоқ. Құлағанды жер көтереді. Ең бастысы, орныңнан тұрып, күресті жалғастыруың» дейтін еді. Сол кезде әкесінің айтқан бұл сөздерінде үлкен астар жатқанын Нұржан білмеген еді.

– Менің өмірдегі ақылшым да, демеушім де – әкем. Шынымды айтсам, әкемнің біреуге зекігенін, дауыс көтергенін ешқашан көрмеппін. Тіпті, үйдегі үш баланың біреуін маңдайынан шертіп көрген емес. Сондай ақылды, сезімтал, дана адам, – дейді Нұржанның өзі.

Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, Нұржан Семей қаласындағы электртехникалық колледжінің «Станция бойынша кезекші» мамандығына оқуға түседі. Бірақ тағы да теміржолшы болуды көңілі қаламайды. Өзгелердің «уақытыңды жоғалтпай, бірден жоғары оқу орнына түс» деген ақылына құлақ аспай, осы өзі бітірген колледждің «Есептеуші техника және автоматтандырылған жүйенің бағдарламалық жасақтамасы» мамандығына қайтадан құжат тапсырады.

¬- Бір бітірген колледжге екінші мәрте құжат тапсыруымның өзіндік себебі де бар. Өйткені мен мықты білімнің негізі – колледжде қаланады деп санаймын, – дейді Нұржан бұл туралы.

Колледжде оқып жүргенде де Нұржан спортты жанына серік етіп, таэквондомен айналысады. Бірде спорттың осы түрінен облыстық деңгейде жарыс өтетін болып, ол ауылдағы әкесін жанкүйер болуға шақырады. Ол әлемдік қаржылық дағдарыстың елімізге де салқыны тиіп тұрған жылдар еді. Әкесі баласының көңілін қимады ма, 500 теңге қарызға ақша алып, Семейге келеді.

– Ол кезде 500 теңге деген әжептәуір ақша еді ғой. Қайтар жолына деген ақшаны алып қалды да, әкем мені асханаға алып барды. Сонда әкем барлығын менің аузыма тосып, өзі ештеңе жемеді. «Әке, өзің неге бірдеңе жемедің?» деймін мен. «Менің қарным тоқ, балам. Сен болсаң, қазір жарысқа қатысасың.
Саған күш жинау керек» деп жауап берді әкем. Әйтеуір, сол жолы сәттілік жолдас болып бірінші, екінші, үшінші айналымда қарсыластарымнан басым түстім. Әкемнің екі езуі екі құлағында. Бірақ финалдағы қарсыласым спорт шебері болып шықты да, есемді жіберіп алдым. Көңіл күйім түсіп кетті. Әкемнің жанына барып, «Сіз ренжімеңізші, қарсыласым мықты екен. Мен әлі дайындаламын. Келесі жолы жеңетін боламын» деп ақталып жатырмын. Әкем сол сабырлы қалпынан айнымай, «Неге мен ренжимін. Сен жүлделі екінші орынға ие болдың ғой. Әне, таблода жазулы тұр» деді. Шынында да, күміс жүлдеге ие болыппын. Сол жолы жеңістің дәмінің қандай болатынын шын сезінгендей болдым. Грамотасынан бөлек, 3 мың теңге ақшалай сыйлығы да бар. Сондағы әкемнің қуанғанын көрсеңіз, – дейді Нұржан алыста қалған сол бір сәттерді есіне алып.

Колледжді тәмамдаған соң, Нұржан 2007 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Есептеуіш техника және бағдарламалық жасақтама» мамандығына сырттай оқуға түседі. Сырттай оқыды деген аты ғана. Білімге құштар Нұржан университет мұғалімдеріне күнде хабарласып, «маған тапсырма беріңіздер» деп, олардың мазасын алатын. Тіпті, университетті бітіріп, дипломды алғанында ұстаздарының арасында «Ух, сен шынымен бітірдің бе?» деп қуанғандары да болып еді.

Жұмыс табу оңайға түскен жоқ

Нұржан Нұрланұлы Астанаға 2007 жылы келді. Жалпы, Астанада қызмет істеу, астаналық болу – кез келген жастың асыл арманы ғой. Нұржанға да сұлу да кербез Астана бірден құшағын аша қоймады. Үлкен қаладан жұмыс табу оған әсте оңайға түскен жоқ. Қай жерге барса да, әлі жастығын, тәжірибесіздігін сылтау етіп, жұмысқа алудан бас тартатын. Бірде жолдасының жол сілтеуімен, жұмыс іздеп алып шаһардағы Ұлттық академиялық кітапханаға бас сұққан.
Бірақ кітапхана директорының орынбасары Әлия Сәрсенбинова сыпайы түрде әзірге жұмыстың жоқтығын айта келіп, бірақ резюмесін қалдырып кетуін өтінген еді. Арада бір жарты айдай уақыт өткенде ойламаған жерден ұялы телефонына Әлия Нұрханқызының өзі хабарласып, «Сізді шынымен де кітапхана ісі қызықтыра ма?» деп, сауал тастаған еді. Дәл сол сәтте Нұржан сауда-саттықпен айналысатын бір беделді компанияда сынақ мерзімін өтеп жүрген болатын. Кітапхана директорының орынбасарының қоңырауынан кейін қасындағыларға бір ауыз сөз айтпастан, орнынан тұрып жүре бергені бар.
Осылайша, ол ойламаған жерден Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкері болып шыға келді. Дәл сол сәтте мемлекеттік электрондық ұлттық кітапхана жобасы қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан болатын. Қазіргі таңда Нұржан Нұрланұлы қазақстандық электрондық кітапханалардың бірыңғай технологиялық платформасында Қазақстан кітапханаларының бірыңғай каталогын құру бойынша жұмыс істеуде.
Осынау жұмыстың нәтижесінде бірыңғай онлайн-каталог, бірыңғай толық мәтінді мәліметтер базасы, құжаттарды электронды жеткізу, ұжымдық виртуалды анықтамалық қызмет және т.б. құрылады.

Мен жұрттың кітапханашы туралы көзқарасын өзгерткім келеді

– Кітапхана ісі қанша алға дамып, ілгерілеп кетсе де, қағаз кітап ешқашан жоғалмайды. Мен оған кәміл сенемін. Шетелде ғаламтор, электронды кітапхана қанша дамығанымен, метрода, автобуста қағаз кітапты қолынан тастамай, оқып отырған жолаушыларды жиі көремін. Қазіргі заманауи, электронды кітаптар тек дәстүрлі кітапхана ісіне көмекке келді. Электронды кітаптардың артықшылығы сіз телефоныңызға немесе гаджетіңізге бір емес, мың кітапты жүктеп алуыңыз мүмкін. Сіздің кітапханаңыз қалтаңызда жүруінің өзі жетістік, – дейді Нұржан Жолдыбалинов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміз бойынша 4 мыңнан астам кітапхана, 14 мыңға жуық кітапханашылар бар екен. Нұржанның арманы – кітапханашы мамандығының беделі мен абыройын көтеру.

– Қазіргі жастар кітапханашы дегенде елуден асқан, көзілдірігі бар үлкен апайларды көз алдарына елестетеді. Мен кеңестік заманнан қалған осы бір стереотипті бұзғым, жұрттың кітапханашылар туралы көзқарасын өзгерткім келеді. Шетелде кітапханашы деген өте қадірлі мамандықтардың бірі. Оларға қойылатын талап та жоғары. Кітапханашы кем дегенде 4 тілді білуі керек. Ал бізде кітапханашы болуға деген жастардың қызығушылығы төмен. Өйткені, сала мамандарының жалақысы аз, – дейді Нұржан Жолдыбалинов.

Әңгіме барысында Нұржан қазақтың жаңа әліпбиі туралы да ойларын ортаға салды. Ол қазақ қарпінің латын әліпбиіне көшуін қолдайтынын, мұны заманның өзі талап етіп отырғанын жеткізе келіп, «біз латын қарпіне оралып жатырмыз» деді.

Таяуда Нұржан Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиевке кітаптарды кириллицадан латын қарпіне конвертациялау технологиясы туралы ұсынысын да жеткізіпті.

Бүгінде Арқа төріндегі ажарлы қаланың тұрғыны атанған Нұржан 2012 жылы үйленіп, отау да құрыпты. Өмірлік сүйген жары – Аягөздің Ардақ атты сұлуы. Қазір екеуінің екі бүлдіршіні бар. Үлкен ұлы Әлижан 3 жаста болса, қызы Аяужан әлі омырауда. Білімге құштар жігіт Мәскеуден жоғары оқу орнын «кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітіріп те алған. Тіпті, кітапхана ісін дамыту саласындағы жетістіктері үшін ол «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісімен де марапатталған екен. Енді, міне, «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» тізіміне еніп отыр.

– 100 жаңа есімнің ішіне енгенімде бәрінен бұрын әкем қатты қуанды. «Балам, сен менің төбемді көкке жеткіздің» деді. Өзім үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Енді маған бұл биіктен төмендеуге болмайды. Халықтың сенімін ақтау – парызым, – дейді Нұржан Жолдыбалинов.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button