Руханият

Мен сірә, өлмейтін шығармын…

Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Мен сірә, өлмейтін шығармын...

Мен сірә, өлмейтін шығармын.
Батар күн,
Келер түн,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен, осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сеземін-
Жерден де аспаннан,
Мұздардан,
Тастардан.
Өмірім, сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы мен, өлмейтін, өлмейтін шығармын.
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын – деп ақын жаңа дәуір поэзиясының қатарынан еш уақытта қалыс қалмасын, оның жырларын ұрпақтары, іздеп жүріп оқырын, өзі өмірден өткенімен қазақтай дана халқы барда ешқашан өлмейтіндігін, әдебиеттегі мәңгілік өмірі бастау алып жалғаса берерін нық сеніммен айтады.
Бүгінгі ХХІ ғасырдағы жаңаша бағыт алған қазақ поэзиясының көгінде мәңгілікке қалықтап тұрарын Алла сездірген бе деген ойға қаласыз.
Расымен де, қазіргі уақытта еліміздің еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін ақынның өлеңдерін жатқа оқуы, ақын жанын түсінуі, құрметтеуі, Мұқағали ақынның жырларының уақыт өтсе де, өлмейтіндігін, әлі талай ғасырларға жетерінің дәлелі деуге болады.
Мұқағали өмірден өткен соң мақтадық-мадақтадық, түрлі құрметтер мен сый-сыяпаттар көрсеттік, бірақ осы дүниелерді әттең тірісінде істеген болсақ, көңілімізде бүгінгідей өкініш болмас па еді?.
Қанша қиыншылық көрсе де, сол қиыншылықтарға қасқайа қарап, тайсалмай ұлы шыдам мен мызғымас төзімділік танытты. Ақынның кез келген өлеңін оқысаңыз, өзіңізге қажеттіні ала аласыз, кей жерлерінде сіздің басыңыздағы дүниелер суреттеліп жатады. Қырық бес жылдық ғұмырында ақын өмірден қанша соқы жесе де, тағдыры қиыншылыққа құрылса да, ешқашан адамдық биігінен төмендемеді. Хантәңірдей асқар таудың баласы екендігін, сол тұстағы қоғамға мойындата отырып, онан сайын өмірге құшырлана түсті. Бір өлеңінде тағдырына риза екендігін, титтей де өкпесі жоқтығын айтады.

Жо, жоқ!
Менің өкпем жоқ тағдырыма,
Өміріме, өзіме – барлығына.
Нан батырып жесем де ризамын,
Көз жасымның бір тамшы қалдығына,–дейді. Ешкімді кінәлағысы келмейді. Қолдағы барына қанағат етіп, келер күннен үлкен үміт күтеді. Мұқағали ақынның өмір жолына үңілер болсаңыз өршілдікпен тұнып тұрған адамдықты, елге, жерге деген сүйіспеншілігінің сондай бір жоғары деңгейде болғанын көруге болады. Бүгінгінің кейбір жоқтан өзгені көксейтін, сәл мансап пен атаққа ие болса танауын шүйіріп, көкірегін көкке көтеретін ақындары сияқты болмады. Тіпті қазақтай елі, Қарасаздай ауылы, Шалкөдедей жайлауы тұрғанда Лондон, Парижге бармақ түгілі, қиялдамады да, себебі өзінің туған топырағы олардан мыңдаған есе артық еді ақын үшін.

-Шетелдерде болдың ба?
-Болғамын жоқ,
Олар маған тұрғанда жоқ қол бұлғап,
Өз елімді аралап, өз ойымды саралап,
Қалсам болды, өлсем болды, өкінбен,
Осы отырған орнымда-ақ!-деуі де елге деген сарқылмас махаббатының айғағы. Кеңестік дәуірдің кертартпа саясаты мен кержақ қоғамы жетім ұлдың маңдайынан еш сипамады. Керісінше шетке сырып үнемі оның жолында бір бөгет ойлап тауып отырды. Ақындық ортада болсын, қызметте болсын түрлі сылтаулармен қабылдамай, ақынның елі үшін соғатын нәзік жүрегіне жазылмастай жара салды. Сол жүрегіндегі жара ақыры ардақты ақынды алып тынды.
Ақын жайлы сатирик-ақын Нұртан Төлепбергенұлының жазған естелігіне жүгінер болсақ. Мұқаңның арманшыл, өмірге ғашық, ақ жүрегі өле-өлгенше дүрсілінен бір танбай, сары уайымға салынбай дүниеден өтті. Аурухана төсегінде жатқанда қайтыс боларынан бір ай бұрын (9-10,02,1976 жыл) жазған «Аттанғанда» атты өлеңінде тағдырына сұраулы көзқараспен қарай келіп, бұл өмірмен мәңгілік қоштасарына көзі жеткендей болып, үнсіз ғана қош айтысқандай болады. Бірақ бәзбіреулерге ұқсап, аһылап-уһлеп күрсініп, көзіне жас алып боркемік күй кешпей, нағыз Райымбек батыр атасының ұрпағаны тән қайсарлық танытады.
-Мұқағали 1976 жылдың 27 наурызында қайтыс болды,- деген еді Лашын жеңгей көзі тірісінде Мұқаңды соңғы сапарға шығарып салған сәтті еске ала, терең бір күрсіне.
– Онда біз Панфилов көшесіндегі жиырма бесінші жылдары салынған екі қабат ескі үйде тұратынбыз. Мұқаң табыты сол үйден шығарылды. «Өмір – дастан» атты таңдамалы жинағы марқұмның қайтыс боларынан екі жеті бұрын «Жазушы» баспасынан шықты. Кейбіреуге қолтаңба жазып беріп те үлгеріпті. Қарасаздағы Дігәрбектің баласы Құрманбекке де қолтаңбасын жазып беріпті де, «27-наурыз, 1976 жыл» деп тура қайтыс болған күнін жазып қалдырғаны таңғаларлық жай.
Бұл өмірге жай қана қонақ екендігін, жазған-сызғаны болашақ ұрпақа аманат болып қаларын, жалпы өмірге кету үшін келгендігін әуелі баста-ақ түсінеді.
Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,
Кетеміз- ау, әй, кетеміз… пендеміз,
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
Біз кетеміз, кету үшін келгенбіз, – деуі де содан.

Мұқағали атамыз өзі айтқандай, бүгінгі ұрпақтың құрдасы, келер ұрпақтың сырласы, онан әрідегі ұрпақтың мұңдасы болып қала берері сөзсіз.
Әр жылы ақпан айы туғанда аяулы ақын атамыздың рухына бағыштап ақсақалдар құран оқыса, енді біреулеріміз сол кісіге арнап түрлі әдеби кештер өткізіп, ақын атамыздың өлеңдерінен сусындап, ел болып еске алып тойлап жатамыз.
Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда.
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда
Есіңе мені алғайсың,
Есіңе мені алғайсың!.

Қазақтай қасиетті халқыңыз барда, әдебиетті, жырды сүйетін біздей жас өркен ұрпағыңыз барда, сіз мәңгі өлмейсіз. Жырларыңыз жадымызда жатталып, әндеріңіз көгімізде шырқалып, өміріңіз бен адамдығыңыз өнеге болып қала бермек. Жатқан жеріңіз пейіштің нұрымен шалқысын.

Тәттімбет Асханұлы

Осы айдарда

Back to top button