Руханият

«Мен нағыз данышпанмын ғой»

(Эссе)

Бәрі де екі күн бұрын, 12 мың теңге және «Мен нағыз данышпанмын ғой» деген сөзден басталды.

Ұйқысыз атқан екінші таңым. Миым жұмыс істеуін тоқтатқан. Қазіргі сәтте бір нәрсені ғана қайталау үстіндемін. «Ақшаны көтеру керек!», «Ақша» деймін іштей.

«Шотымда 53 мың теңге тұр дәл қазір дедім сонда. Кешегі ұтысым 120 мыңға дейін жетіп еді. Ана спортшысымақ екінші сетті «сатып» жіберген сыңайлы ғой. Есек! Әйтпесе… Жә, жә, сабыр. 12 мың теңгені 120 мыңға жеткізген мына мен үшін енді 53 мыңнан 500 мың жасау сөз бе екен, а! Ха-ха-ха! Не десең де, бұдан ақша ұтуға болады! Құмар ойынды бірінші рет ойнап тұрғам жоқ, балақай!» – дедім де, шотымдағы қаржыны бөліп-бөліп, әртүрлі ойынға бәске тіге бастадым.

«О-о-о, міне, 23 жапырақ сары қағазды Зверевтің жолына төсейін. Жолың болсын, жарқыным! Айналайын біздің Зверев «зверь» емес пе. Арыстан ғой, арыстан! Ха-ха-ха!» деп өзімнен-өзім күбірлеп жүргенімде жарыс басталды да кетті. Бақандай жиырма үш мың теңге тіккендікі ме, мына ойынды көрудің өзі бір ерекше ләззат сезім сыйлады. Мұндай күйді шын сезінудің өзі ғаламат нәрсе.

«Түнде түсіп түндіктен хордың қызын сүйгендей», «Лай-ла-ла-лай!» біраздан соң әндете бастадым. Себебі бірінші сетте жолым болды, «Арыстаным ұтты!»

Шынымды айтайын, бұл сәтте айналамда не болып жатқанынан бейхабар едім. Біреу өмірден өтіп жатыр ма, жақындарымның жағдайы қиын ба – ешбірін де ойламадым. Маған бәрібір секілді. Жоқ, бәрібір емес, маған жалғыз керегі – ұтыс қана секілді. Ақшаңның да қажеті жоқ. «Ұтыс!», «Ұтыс!». Болды.

«Бастысы, мен ұтып жатырмын, ең бастысы осы емес пе?» дедім тағы өз-өзіммен сөйлескендей. Алға, бауырым, букмекерді әрмен қарай тонай берейік!  Әп-сәтте 23 дегенім 60 болды да шыға келді. Кім айтып жүр мынау көкеңді ақымақ деп, а? Қазір-ақ жарты миллионды көзіңе шұқып тұрып көрсетем» деп өзіме әлденені дәлелдеуге тырыса бастадым. Тіпті қазір соны ойласам, өзімнен-өзім түршігіп кетемін. Ұят-ай…

Одан ары не болды дейсіз ғой. Алғашқы арын болар, шотымдағы ақшаны жарысқа одан сайын үстеп тіге бастадым. Бес мың салдым, 10 мың салдым, 15 мың… Тіпті біраз өткен соң «ставка» қоюдан жалығып кеттім. «Менің күнім» батуға айналғанына көзім жете бастағандай болды. Байқап қарасам, манағы ұтқанымды қосқанда барлығы 135 мың теңгені тігіп жіберіппін. Есептеп көрсем, 600 мың ұтуым керек. Алайда мен енді ұтыла бастадым. Сену қиын, бірақ жағдай қиындады.

Ішім алай-дүлей. Бүкіл әлемнің ауыртпашылығы менің иығыма түскендей. Көзіме жас іркілдеп тұрып алды. Шығып та кетпеді. Жеңіс қолдан сусып шығып кетті. Құдды бір өмір ағысы дәл осы жерде тоқтап қалғандай болды. Бұл сәтте әлемде ең ақымақ адам болса, сол мен шығармын деймін.

«Уай, бала, сен адам болмайсың! Сен мақұлықсың! Сен, Сен… Адам кейпіндегі хайуансың… Өле қаласың ба енді? Кімге қиын қыласың!»  деп екі қолымды төбеме қойып, есеңгіреп біраз отырдым. Сәлден соң басыма әлдебір әзәзіл ой сап ете қалды.

«А-а-а, иә, таптым! Одан да тағы біреуден ақша сұрайын! Қарызға алған 12 мың теңге көзімнен бұлбұлдай ұшқан. Әне ұтамын, міне ұтамын деген 135 мың да, 600 мың да сағымдай алдаған екен. Тым болмаса қарызды қайтарып беру керек. …Қоя тұр, қазір ұйықтап, тынығып алайын. Кешке тиын-тебен болып қалар» деп жұбаттым өзімді. Осы ойдың басыма келуі сол екен, тағы бір үміт оты жылт еткендей болды. Қарқылдап күліп жібердім. Ха-ха-ха!

«Арыстан – Арыстан емес, Есек!» – деп сыбырладым сосын ұйықтап бара жатып.

Дарын Мұхтарұлы

Осы айдарда

Back to top button