«Мен морж емеспін»
Астана тұрғыны Қайырбек Аяшев бір ай бұрын Есіл өзенінің үстіндегі мұз ойығында тапжылмай 45 минут тұрып, елдегі рекордты жаңартты. Мамандардың айтуынша, жаттықпаған адам болса, мұздай суда 10-15 минут ішінде өліп кетуі мүмкін.
42 жастағы азамат мұз ойығына 2009 жылдан бері жылына бір мәрте түседі. 2019 жылы 35 минут, 2020 жылы 40 минут тұрып, рекорд орнатқан. Ол суға түсерде жаттығу істеп, денесін қыздырады, тыныс алу гимнастикасын жасайды. Түскен соң бірден ыстық бөлмеге кірмейді. Денесін жылуға ақырын-ақырын үйретеді. Бір сағаттан кейін ғана ыстық шай ішеді. Жалпы, қыстан шолақ жең жейдемен шығады.
– Мен морж емеспін. Елдер солай айтып жүр екен. Мен криоатлетпін, – дейді ол.
Айта кетейік, криоатлетикадан әлем рекорды ресейліктерге тиесілі. Ерлер арасында Дмитрий Балабанов екі сағат, әйелдер арасында Осман Делибаш бір сағат су ішінде тұрған.
Тасқын Болатұлы