Ағымнан жарылсам

Мен әкемді сағындым.

Мен әкемді сағындым.
Мен әкемді сағындым. Алпыстың асқарынан асып, жетпістің жетегіне іліккенде, самайда қырау, мандайға қосарлана сызат түскен шақта мендегі осы көңіл-күй әлдекімге біртүрлі болып көрінер. Бірақ мен әкемді шынымен қатты сағынып жүрмін.

Қарапайым еңбек адамы еді
Әкеммен болған соңғы күн көз алдымда. Сәуле екеуіміз қалаға келгенбіз. Ол кезде ауырыңқырап жүрген еді. Шешем екеуін үйге алып келдім. Дастархан басында жақсы отырды. Тек ас ішіп болған соң: «Мен аздап дем алайыншы» деп диванға жантайды. Мен де қасына келгенмін. Иығына, арқасына массаж жасадым. Жанымда тұрған Аружанды қайта-қайта бауырына басып, бетінен сүйген еді. Біраздан кейін үйге қайтпақ болып жинала бастады. Сәуленің: «Осында қоныңыздар» дегеніне: «Жоқ, балам, үйге барайын» деген болатын. Апарып тастамақ болып төменге мен де түстім. Сол кезде бауырым Ғабит те машинамен келе қалып еді. Қолтығынан демеп көлікке отырғыздым. Машина қозғала беріп қайта тоқтады. Әкем есікті ашып, мені өзіне шақырды. Қасына келіп еңкейген менің иығыма қолын салып мандайымнан иіскеді: «Сен аман жүрші осы» деді. Бұл менің әкемнен естіген соңғы сөздер болатынын білген жоқпын. Бірақ дауысы біртүрлі қажып шыққандай. Көңілім босап, құлазып кеткен едім. Қайран әкем, он-ақ күндей өмірің қалған екен ғой сонда.
Мен өзімді ерте есейдім бе деп ойлаймын. Оған марқұм Сары атамның мені он бір-он екі жасымда ересектер санатына қосып, менімен терезесі тең үлкендерше қарым қатынас жасағаны себеп болса керек. Әкем де маған сол кезден бастап сондай көзбен қараған. Мектеп бітірген жылдардан бастап менің пікірімді білгісі келетін, кеңес сұрайтын. Шамам келгенше ол кісінің көңілінен шығуға тырысатынмын. «Осы сен аман жүрші». Бұл сөзбен не айтпақ болды екен жарықтық. Өзінің өмірінің соңғы сызығына тақап тұрғанын, тұңғышымен ақырғы кездесуі екенін іштей сезді ме екен. Мен кетемін, әулетке өзің бас-көз боларсың дегені ме?! Машина жүріп кетті. Мен абдырап қалғанмын. Көңілім құлазып, жапан далада жалғыз тұрғандай күйге түскенмін.
…Көңілге неше алуан ойлар келді. Ең алдымен әкемнің замандастарын түгендеп шықтым. Қатарлары сиреп қалыпты. Мен бұл жайға бұрын мән бермеген екенмін. Әкеміз маған әлі тың, қайратты көрінетін. 96 жасқа келіп дүние салған анасының жасына келеді дейтінбіз. Біз, балалары, қауіпті шешеміз тарапынан күтетінбіз. Алғаш рет көңілге күдік ұялады. Сонғы кезде мазасызданып жүргені, ақырғы көргендегі бәсең дауысы, түсіңкі қабағы көз алдыма келе берді. Жазда ауылға келгенде, жайлауға барғысы келген еді. Үндемей қойғаныма өкіндім. Келер жазда міндетті түрде жайлауға, «Ұранқарағайға» апарам деген тоқтамға келдім. Сонда да қалаға жеткенше әлде бір түсініксіз үрей, мазасыз ойлар кетпей қойған. Қыс жолы ауыр, түнгі сағат үштен кете қалаға кірдік. Таңғы сағат алтылар шамасында телефон шыр ете түсті. Ояу болатынмын. Жаманшылық хабар болмаса екен деп күбірлей жүре қорқыныш, үреймен тұтқаны алдым. Ар жақтан Әбілдің дауысынан бір жаманшылықтың болғанын сездім. Жүрегім зырқ ете түскен: «Не болды?» деп сұрауға батылым жетпеген. Сол кезде Әбілдің: «Ағадан айырылып қалдық» деген үні келді құлағыма. Әкемізден осылай көз жазғанбыз.
2008 жылдың 31 желтоқсан күні жамбасы жерге тиді. Қақаған 40 градус аязға, алдағы Жаңа жыл мерекесіне қарамай топырақ саламыз деп келгендерге сан жоқ. Қаралы жиында әкеміздің сыйлас бауыры Бекболат Дәрібаев, Күршім аудандық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Бөкейхан Сіләмов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Жұмақанов ағаларымыз өз лебіздерін білдіріп, бізге көңіл айтқан болатын.
Әкеміз қарапайым еңбек адамы еді. Өзінің табан ет, маңдай терімен көпке танылды. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасынан 80-ші жылдардың ақырына дейін аудандық «Шамшырақ» газетінің қай санын алмайық, «Ағайынды Аманжоловтар» деген сөз тіркесін кездестіруге болатын. Марқакөл кеңшарын басқарған, аудандағы танымал азамат Т.Қизатов ағамыз: «Ағайынды Аманжоловтар» дегеніміз – Марқакөл ауданы атауының синониміне айналған», деп еді бір келелі жиында.
Кеңестік дәуірде бақытын еңбектен тапқан дегенді жиі еститінбіз. Әкеміз, шынында, бақытын, атақ-абыройын өзінің қажырлы еңбегімен тапқан еді. Жоғарыда аталған уақыт аралығында неше мәрте облыстық, аудандық, ауылдық кенестің депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі, облыстық, аудандық партия конференцияларының неше дүркін делегаты болған. Сол кезеңнің ең жоғарғы марапаты «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бес дүркін алтын, 4 дүркін күміс белгісі, көптеген медальдар, мақтау қағаздар – әкеміздің ерен еңбегінің айғағы.
1972 жылы сол кездегі Марқакөл аудандық партия комитеті бюросының қаулысымен ағайынды Құмарғали, Құмарбек, Қабылғажы Аманжоловтарға «Коммунистік еңбек жанұясы» деген атақ берілген еді. Осындай атақ алған әулет Марқа тарихында бұрын-соңды болмаған.
Сол жылдары республикалық, облыстық, аудандық баспасөз бетінде «Ағайынды Аманжоловтар» жайлы талай очерктер, мақалалар жарық көрді. Ақын жерлестеріміз С.Жәнәбілов, К. Еркасов өздерінің жыр жолдарын арнады. Облыстық партия комитетінің тапсырысымен журналист Мэлс Тоқымбаев жазған «Аманжоловтар әулеті» атты кітап баспадан шықты. Әкеміз бұрынғы Марқакөл ауданының экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін екі мәрте «Социалистік Еңбек Ері» атағына ұсынылған болатын. Бірінші рет көре алмаған ағайынның жала арыздары, екінші жолы жоғарғы партиялық басшылықтың жалпы орта білім қажет деген талабы кедергі болған. Кейінірек осы атақты алған парасаты биік, Марқаның мақтанышы Сабырбек Ақтанов ағамыз бір жолыққанда: «Бұл атаққа ең алдымен Құмакең лайық еді» деген болатын. Сонда әкеміздің еңбегін басшылық қана емес, қатарластары да бағалаған екен ау деген ой келген маған.
Мен әкемді сағындым.

Қызыл блакноттағы жазбалар
Әкеміздің бойындағы тағы бір үлгі боларлық қасиет – ол кісінің кім болса да, қай тақырыпта болмасын тең дәрежеде, еркін пікір алмасуы, ойының ұшқырлығы, тілінің өткірлігі еді. Үлкенді- кішілі жиындарда өз ойын ашық ортаға салатын. Әкей сөз алғанда, орашолақ басшы, біліксіз маман жерге қарайтын. «Басқа пәле тілден» дегендей, айтқан сыны өзіне мін болып қайтып, шолақ белсенділердің қырына ілінген кездері де болған. Бірақ әділдіктен, шындықты бетке айтудан танған емес.
Әкейдің жетісін берген күні кешке шешем қолыма кішкентай қоңыр сумка ұстатты. Ішінен оқушы дәптеріне әкеміздің өз қолымен жазылған хатым қағаз және қызыл блокнот шықты. Хатым қағазда бұрынғы өткен ата-бабаларымен қатар бақилық болған замандастары бар үш жүздей адам тіркеліпті. Маған осы жазбалар әкеміздің қолымен жазған шежіредей көрінді. Ал блокноттың алғашқы беттерінде төмендегідей жазбалар бар екен:
Бір дегеніміз – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бірлік.
Екі дегеніміз – ел үшін еткен еңбек.
Үш дегеніміз – өмірдің жалғасы ұрпақ.
Төрт дегеніміз – мұқалмас төзім.
Бес дегеніміз – шайқалмаған береке.
Алты дегеніміз – атадан алған алғыс.
Жеті дегеніміз – қол жеткен жеңіс.
Сегіз дегеніміз – селкеу түспеген сенім.
Тоғыз дегеніміз – тура айтылған төрелік.
Он дегеніміз – адамды алға жетелеген ой-арман.
Бұл сөз тіркестерін әкей бір жерден көшіріп алды ма, әлде өзінің ой-пайымдаулары ма, білмеймін. Не десек те, бұл жазбалар әкейдің іштей толғанып, ойланып жүретінінің айғағы болса керек.
Блокноттың келесі беттерінде мақалдар жазылыпты. Әсіресе басшылық туралы жазылғандары көңілге тоқырлық:
– Есер басшы елдің соры.
– Жақсы әкімге ерген елдің тасы өрге домалайды.
– Парасаты биік басшы асуды шаймен емес, келелі іс, кемел оймен алар.
– Уәзірі есек болса, ханның өзі кім болғаны.
Ат жалын тартып мініп басшылық жұмысына араласқан кезде бізге айтқысы келген сөздер ме екен, әлде өзімен қатарлас атқа мінерлердің ісіне көңілі толмағанда ойға түйгендері ме екен, ол жағы беймәлім.
Біз өскен Қарашілік деген шағын ауылда небір үлгі тұтарлықтай берекелі, тәрбиелі отбасылар болды. Үлкендері еңбекқор, жастары өнерге, білімге құштар еді. Парасаты биік, көпке өнеге болардай әкелер, отбасының ұйытқысы, тәрбиенің көзі алтын құрсақ аналар болды. Бірақ солардың ішінде жанұясындағы барлық балаға жоғары білім алуға жағдай жасаған әкеміздей ешкім болған жоқ. Біз бір шаңырақтың астында 11 бала тәрбиеленген едік. Әкем марқұм өзінің ұл-қыздарының білімді болғанын бүкіл жан дүниесімен қалады. Осындай талапты бауырларына, қарындасына да қойған еді.
Әкейдің немерелерге деген ықыласы бөлек еді: Нариман мен Олжастың, Ерасыл мен Бейбіттің, Нұртас пен Мейірдің, Еркебұлан мен Шыңғыстың, Абзал, Бекзат, Бейбарыстың аға-бауыр болып сыйласқанын көруді армандайтын. Алайда атасының көңілін тапқан ен сүйікті немересі Елдар болатын. Күні бүгін басымыз қосылғанда, Елдармен атасынан кейбір қызықты әрекеттерін айтып күліп аламыз.
Әкеміздің бізге аманат еткен тағы бір өсиеті – ол ағайындылардың берекелі, тату болуы еді. Үлкенге құрмет, кішіні қадір тұту – атамыз Сары палуаннан қалған тәрбие. Мен 4-ші сыныпта атамның қолына қайта келгенде, бауырларым Әбіл мен Мырзахметті шақырып алып: «Мынау – сендердің ағаларың, осы үйдің үлкені, оның айтқаны сендерге заң» деп ескерткен болатын. Аллаға шүкір! Күні бүгін Сары бабамыздың, одан бері әкеміздің осы аманатына қиянат жасаған жоқпыз деп ойлаймын. Әбілмен арамыз үш жас, Мырза бес жас кіші. Осы уақытқа дейін екеуі де, кейінгілерін айтпағанда, менің көңілімді қалдыратындай мінез көрсеткен емес. Қақпаға қатар келгенде, Әбілдің ұмтылып келіп маған есік ашқанын көрген сыйлас Бокейхан ағамыз әр жерде үлгі етіп айтып жүретін.
Әрине, бауыр-қарындастар үшін әкейдің орнын толтыру менің қолымнан келмегені анық. «Аға» деген атқа лайық бола алдым ба деген ойдын да кейде мазалайтыны бар…

Қабдуали Құмарғалиұлы
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button