Мен – қазақпын

1964 жылдың көктем кезі. Оқушымын. Мектеп директоры кабинетіне шақыртты. Кіріп барсам, кабинетте директордан өзге екі-үш кісі бар. Директор дереу сөз бастап кетті, қолында «Жұлдыз» журналы.
– Жолдастар, ғажап жаңалық, мына «Жұлдызға» ақын Жұбан Молдағалиев «Мен – қазақпын» деген керемет поэмасы жариялапты, – деп мәнерлеп оқи жөнелді. Үнсіз тыңдадық, ұнап барады. Жұбан деген ақынды біле қоймаушы едім, мына поэмасы шынында тамаша.
Мектеп директоры, өзі де өлең жазатын Ілияс Оспанов деген елге қадірлі адам.
Жаспыз, поэманы түгел дерлік жаттап алдық. Қандай жиында болмасын, «Мен – қазақпыннан» үзінді оқу дәстүрге айналды. Ешкім тиым салмады. Кеңес өкіметінің қанды қырғыны сәл-пәл толастаған кезі еді. Оны саясатта «жылымық» деп атады. Қуаты соншама болмаса да, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары либералдық қозғалыстар аңғарылды. «Халық жаулары» атанғандардың алғашқы легі ақтала бастады, олар: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер. Шәкәрім Құдайбердіұлы заң жүзінде ақталса да, коммунистік партия оның Орталық комитеті ақынның атын атап, шығармаларын оқуға тиым салды.
***
Жұбан ақынның «Мен – қазақпын» поэмасы таза ауа болды. Жиырма жасты жинай бастаған біздер ұлтшылдық сезім-санаға ауыса бастадық. Пікірлер таласы өршіді. Сол жылдары Мәскеудегі «Жас тұлпар» деген ұйым болғаны ел ішіне тарады.
Араға жылдар салып «Мен қазақпын» деген идеяны күшейтіп, Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстанымы» өмірге келді. Ұлт ояна бастады. Демография нығайды, қазақтар бүкіл халықтың 40 пайызына жеткенде, 1986 жылы «Желтоқсан оқиғасы» бұрқ ете қалды. Бұл ұлттың оянуының басы болатын. Өкінішті. Отыз бес жыл өтсе де, «Желтоқсан оқиғасы» туралы ақиқат әлі ашылмай, айтылмауда, оның себебі, бүгінгі «Алматы оқиғасынан» кейін айқындалды. Қандай болмасын халықтық толқуды билік өзінше пайдаланып кетеді екен. Айтарым, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасынан» саясатымыз оң бағытқабасталмады.
Небәрі бес жылдан кейін, 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жарияланды. Тәуелсіздікке де Биліктегі топтың даярлығы сапалы деңгейде болмады. Замандас ақынымыз айтқандай, «нан қамы» және «ел қамы» деген үрдістер бірікпей қатар жүрді. Нан қамындағылар нарықшылдарсоциалистік қоғамның коррупциясы тағы да зиянды әрі залалды жақтарын Егемен ел құруда «шебер» пайдалана бастады. «Ел қамы» деген мәселе екінші қатарда қала берді, олар: қазақ тілі, әдебиеті, мәдениеті, дәстүрі, тарихы және діні.
Әуелі экономика деген теріс ұран басты саясатқа айналды. Билік пен байлық аналарынан бірге туғандай, бір-бірін тауып, танып, әбден күшейді. Кәсіпкерлікпен шұғылданбай-ақ билік әр сатысында отырғандар әбден баю жолына түсті. Бәсеке басталды.
Бүгінгі күн оқиғасын әлемдік тәжірибемен дәлелдесек, айтарым, Германияның 12 жыл канцлері болған Ангела Меркель мемлекеттен заңсыз бір тиын алмаған екен. Онымен қоштасуға келген, жұрт алты минут түрегеп тұрып қол соққан. Міне, биліктегі әділеттілік. Біздің бәрі емес, біршама әкімдер мен министрлер Үкімет жұмысында отырып-ақ байлыққа малынғанын жұрт көріп отыр. Ойлаймын, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осындайларды заң арқылы тәртіпке келтірмесе, жағдай бұдан да ауырлай береді.
***
Айлығы 100 000 теңгеден төмен адам, ол әбден жадап-жүдеп ашынған жан, оны тоқтату қиын. Ол қорқу-үркуден кеткен. Себебі, ол адам баласының, ең бірінші құқы өмір сүру, ал оның өмір сүруге жағдайы жоқ. Жоқшылық. Ол қауіп-қатерден қорықпайды, үрікпейді. Ондай жанның қандай іске барарын біліп болмайсың. Адамдарды тарықтырып, ашындырмау керек. Байлық пен кедейлік арасы елімізде өте алшақ. Осылай бола тұра телехабарларда, арнайы бағдарламаларда байлықты, байларды насихаттау белең алып барады.
Байлықпен, барлықпен мадақтану есалаңдылық, ол туралы кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров «Бір адамға» деген өлеңінде баяндап берген:
Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар!…»
Көргенде күміс кесе, алтын таяқ,
Бір сөзді тамағыма қойдым таяп…
…Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп.
Нахақ көздің жасы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты айтты. Қазақстан халқының байлығының тең жартысына небәрі 162 адам ие, ал халықтың 50 пайызының алатын ақшасы елу мың.
Көп балалы аналарға құрмет жасаудың орнына, мұңдарын шағып көшеге шықса, алпамсадай жігіттер оларды аяқ-қолдарынан көтеріп, «автозаққа» салып, белгісіз жаққа тасуда…!
Бұл бетін перделеп алғанқазақ азаматтары «Мен – қазақпын» деп қалай айта алады екен?!
Адам бетін қылмысты іске барғанда перделеуші еді….
***
Шенеулік тиісті жалақыны ала отырып, неге коррупцияға барады? Сұрақ. «Ел қамы» деген қайда? Мемлекеттік қызметкер ел қамын ойламағанда кім ойламақ?
Қаңтардағы «Алматы оқиғасы» аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ. Бұл оқиғаның жетекшілерінің бірі еліміздегі – коррупционерлер.Осы оқиға бізді есейте ме жоқ па? Қатты ойдамын. Әзірше сырттан жау іздеудеміз. Сырттан жау болады, одан сақтайтын – мемлекет. Ішкі жауларымыз кімдер? Мен анық білетін – жау, ол халықтың кедейлігі. 1917 жылғы революцияны кедейлер, аштар, жалаңаштар жасады. Кедейлікті жоймай акме қоғам құрылмайды.
Кедейлікті анықтау Үкіметтің арнайы министрлігінің міндеті. Олар халықтың төменгі жалақысы 60 000 өсті, зейнеткерлерге 5 пайыз қосылды деуде. Бұл күлкілі статисика. Қадірлі оқырман, сіздерге қазақ қоғамындағы кедейлерді саралап берейін.
Барлық мұғалімдер, балабақша қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ұстаздары, магистрлер, докторлар, профессорлар, академиктер – тегіс кедей.
Барлық дәрігерлер – тегіс кедей. Мәдениет қызметкерлері, кітапханашылар, т.б. мәдени мекемедегілер – тегіс кедейлер.
Барлық министрліктегі төменгі қызметтегілер (Төрағалардан басқа) бәрі тегіс кедей.
Инженерлер, олардың мекемелеріндегі қызметкерлер – кедейлер.
Журналистер, зейнеткерлер – кедейлер.
Енді кімдер қалды? Сонда бұл қазақ қоғамының шамамен 60 пайызы емес пе?
Мен, кедей дегенде айына 300 000 – 400 000 теңге алатындарды айтамын. Мұндай қаражат тек күн көрістен аспайды.
Жоғарыда мен атаған мамандық иелерінің 500 000-нан артық ақша алып отырғандар жоқ, бар болса, ілде біреу ғана.
Адам сияқты ғұмыр кешу үшін қажетті қаражат 1 000 000 болуы керек. Осылай болмаса, ел қамы туралы айтылатын сөздердің еш қуаты жоқ.
Осындай әлеуметтік мәселелерді айтқызбай, құр мадақтаумен болдық. нәтижесін көріп отырсыздар! Еңбек етіп тиісті жалақыларын ала алмай зар шеккен халық қанама!
***
Аш құрсақ ағайын «Мен – қазақпын» деп қалай мақатанбақ?!
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы