ТОП

Мен қалай өрт сөндіруші болдым?

Құтқарушылар күні қарсаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті журналистер мен блогерлерге экстремалды жағдайдағы іс-әрекет ережелері бойынша квест өткізді.

Фоторепортаж әзірлеуге барған мен ұйымдастырушылардың дайындығын көріп қатты қызықтым. Өрт сөндірушілердің жұмысына бұрын да ықыласпен қарайтынмын, олар «фотоаппаратты қойып, ойынға қатыс» дегенде қуана келістім.

Қатысушылардың алдында бірнеше кезеңнен өту міндеті тұрды. Логика мен тәжірибелік тапсырмалар аралас болатын. Үйінді астында қалған зардап шегушіні іздеп тауып, оған медициналық көмек көрсету, кедергілерді еңсеру, адамдарды эвакуациялау үшін жоғарғы қабаттан «өмір кубы» деп аталатын арнайы жұмсақ төсенішке секіру қажет болды. Шұғыл шешім қабылдау, физикалық күш-қуат, жылдамдық пен эрудиция жоғары бағаланды.

Сонымен бірге от жолағынан өту, оқпаннан су бере отырып өрт сөндіру және жауынгерлік киім киіп көруге мүмкіндік алдық.

– Квест кезіндегі эмоциямды айтып жеткізу мүмкін емес. Былай қарағанда ойын ойнаған секілдіміз, бірақ онымыз шынайылықтан алшақ болмады. Менің міндетім жоғарғы қабаттан батутқа секіру еді, секіргенде эмоциямды ұстай алмадым. Өз басын тәуекелге тігіп, халықты құтқаратын өрт сөндірушілер, сіздерге мың алғыс! Мерекелеріңіз құтты болсын! – деп ағынан жарылды блогер, «ilove_uka» қалалық паблигінің әкімшісі Кристина Дауытова.

– Керемет әсер алдым. Өрт сөндіруші болған оңай емес екенін түсіндім. Ерекше ұнағаны – биіктен секіру. Нағыз адреналин осы екен, – деді тағы бір әріптесіміз, «Менің өлкем» газетінің бас редакторы Талғатжан Мұхамадиев қуанышын жасыра алмай.

– Шынын айтсам, бұл іс-шара қызықты болады деп ойламап едім. Құтқарушылардың жұмысын басымнан өткердім. Мұндайға шынымен жаны берік адамдар ғана шыдай алады, – деді «Вестник компаний» газетінің редакторы Алёна Гановичева.

Ал мен уақытпен киіну және от жолағынан өту тапсырмаларын орындадым. Әр секундтың қымбаттығын осы жерде түсіндім, өйткені шапшаң қимылдамасам, барлығы кеш болатын еді. Өрт сөндірушінің киімі мен керек-жарағын асынып жүру тіпті қиын екен.

Департамент бастығының орынбасары Арман Тоқанов мұндай іс-шаралар алдағы уақытта тағы да өткізілетінін айтты.

Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button