Мен ең алдымен өскемендікпін…
Өскеменде Геннадий Николаевич Пуссепті білмейтін адам жоқ шығар. Ақын, педагог, диктор, баспагер… Одан бөлек, қаланың және облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз көзқарасын білдіру – Геннадий Николаевичтың күнделікті жәй ғана тірлігі. Жақында Өскемен қаласындағы «Менің қалам» қоғамдық қорының директоры, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы және ҚАЕУ-дің құрметті профессоры Геннадий Пуссеппен біз де әңгімелескен болатынбыз.
– Мен ең алдымен өскемендікпін, – дейді Геннадий Николаевич. Сонау жеңісті 1945 жылы дүниеге келіппін. Содан бері Қазақстанда қанша жыл ғұмыр кешсем, сонша жыл соғысты көрген жоқпын. Гена Пуссеп 10 жастағы пионер болды, Кеңес Одағының халқы 10 жыл бойы соғыссыз тірлік кешті. Гена 20 жасқа келгенде, тағы да Ұлы Жеңістің құрдасы ретінде мені еске алды. Ал 45 жасымда қаладағы №19 мектептің директоры болғанымда да мені ұмыт қалдырмады. Барлық саналы ғұмырым осылай жалғасып кете береді…
Ал Жеңіске 75 жыл толған жылы Достық үйінде менің 75 жылдығымды атап өтті. Неге Достық үйінде дейсіз бе? Өйткені мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасымын. Бұл – менің қоғамдық жұмысым. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы Қоғамдық келісім кеңесі жанындағы Рухани келісім бойынша жұмыс тобының жетекшісімін. Қазір ол ШҚО қоғамдық келісім кеңесінің мәдениет және рухани келісім комитеті деп аталады. Міне, сол 75 жылдық мерейтойымда Леонид Шик менің иығыма шапан жауып, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің эстафетасын маған тапсырды. Біз бұл шапанды Достық үйінде қалдырдық. Ол шапанды мен кейін жаңа жетекшіге табыс етсем деймін. Биыл республикада алғаш ашылған Достық үйінің құрылғанына 30 жыл толғалы отыр. Леонид Шик үнемі осы істің басы-қасында болды. Қазір біздің өңірде қаншама ұлттың өкілі тату-тәтті тіршілік етіп жатыр.
Геннадий Николоевич Пуссеп жақында облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаковпен кездесіп, облыстың бөлінуі, Достық үйінің 30 жылдығы, алдағы жобалар туралы әңгімелескенін айтты. Осыдан үш жыл бұрын Өскеменде Ресей Жазушылар одағының Қазақстандағы бөлімшесі ашылып, кейін ол «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің аймақтық бөлімі ретінде тіркеліпті. «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің 100 жылдық тарихы бар. 1921 жылы Өскемен қаласында құрылған «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің негізін П.Бажов, Н.Анов, П.Кузнецов, Г.Тотин, Б.Лапин, М.Иванусьев-Алтайский, кейінірек – Дмитрий Черепанов, Иван Хведчук, Александр Афанасьев сияқты азаматтар қалаған. Бірақ әлемдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты әдеби бірлестіктің 100 жылдығын атап өтуге мұрша болмапты. Бірақ «ештен кеш жақсы» дегендей, биыл күзде Достық үйінде «Звено Алтая» бірлестігінің 100 жылдығын атап өту жоспарда бар екенін айтты. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарық көрген 30 томдықтың да тұсауын кесу ойда бар екен.
Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстандағы филиалының жетекшісі Әлібек Қаңтарбаевпен бірлесіп «Ақ Ертіс» журналын қайта қолға алып жатқанын да тілге тиек етті. Жақында алғашқы нөмірі жаңа атаумен жарыққа шығады деген үміт бар. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарының қолдауымен қазақ және орыс тілінде тағы да 30 томдық әзірлеу көзделіп отырған көрінеді.
Әңгіме барысында Г.Пуссеп Борис Щербаковтың «Звездная степь Жидебая» кітабы туралы да сөз қозғады. Абайдың 175 жылдығы қарсаңында жарық көрген бұл кітап Абай, Шәкәрім, Әуезов сынды ұлыларды дүниеге әкелген киелі топырақ туралы ғана емес, оның табиғаты, флорасы мен фаунасы туралы сыр шертеді.
– Қоғамдық кеңестің отырысында бұл кітапты облыс әкіміне табыс еткенімізде, облыс әкімі бұл кітапты қазақшаға аудару қажеттігін айтты, – дейді ол. Кейін ақын Серік Ғабдуллиннің шәкірті Азамат Тасқараұлы бұл кітапты «Жидебайдың жұлдызды даласы» деген атаумен жарты жылдың ішінде аударып шығыпты. Кейін облыс әкімі тағы да бұл кітапты ағылшын тіліне аударуды ұсынған.
Г.Пуссеп кітапты ағылшын тіліне аудару үшін ҚАЕУ-нің ректоры Ережеп Әлхайырұлына өтініш жасағанын айтады. Өзі сол университеттің құрметті профессоры. Сөйтіп, университеттің шет тілдері кафедрасының студенттері кітапты ағылшын тіліне аударуға жұмыла кірісіпті. Биыл кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы да жарыққа шығып қалуы әбден мүмкін.
– Борис Васильевич осы кітабы үшін Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алды. Біздің тамаша жазушымыздың еңбегі еленіп, зор құрметке ие болды. Өзі 80 жастан асып кетсе де, этнографиялық музейде еңбек етіп жатыр. Музей директорымен бірге тағы да бірлескен жобаны қолға алуда, – дейді Г.Пуссеп.
Ертістің сол жағалауында бой көтерген саябақ орналасқан жер осыдан 10-15 жыл бұрын қараусыз қалған аймақ болған деп кім айтады? Осының барлығы Николай Зайцев пен Борис Щербаков сынды өз өлкесін шексіз сүйген азаматтардың арқасында мүмкін болды.
–Бұл – Қазақстандағы ең ғажап саябақтың бірі. Талай жерді араласам да мұндай ғажап саябақты көрмедім. Мұндағы хайуанаттар паркінде күшпен әкелген ешқандай аң жоқ. Ондағы аң мен жануарлардың барлығы табиғаттың әсері мен адамның қолынан зардап шеккендер, – дейді ол.
Маусым айының ортасында Геннадий Николаевич бастаған бір топ адам Бораннан бастап Курчатовқа дейін кемемен жүзіп, Ертістің қазіргі жағдайын барлап келмекші. Жағалауы қоқысқа толған Ертістің халі оны қатты мазалайды.
– Жастарды тәрбиелеймін деп әуре болма, ең алдымен оларға өзің үлгі бол. Мысалы, мен ешқашан да қалтамдағы трамвайдың билетін жерге тастамаймын. Өйткені мені №29 мектеп солай тәрбиеледі. Мен ешқашан да жерге түкірмеймін. Өз кезегінде мен де №19 мектеп оқушыларын солай тәрбиеледім. Бір қарағанда, жәй ғана ұсақ-түйек болып көрінгенімен, бұл – үлкен тәрбие, – дейді Г. Пуссеп.
Мейрам Екпін