Руханият

Менің де бір құсым бар құшақтаған…

   Менің де бір құсым бар құшақтаған…

Көрінбей кеттің

Құстарды көрсем, құса боп қалам күнде мен
Несі кетер екен, жеткізсе сәлем шын менен.
Енді ұқтым жаным қос қанат менде болмапты,
Бәсе, сол екен жетпеуші- ақ еді бірдемем.

Ойлағам сені іздейін деп барлық тұстардан
Бағынбай кетті сабырға соңы күшті арман.
Ажары қайтқан жаз айы қандай көңілсіз,
Жеп жатыр ішті бір сәби сезім тіс жарған.

Қай жақта жүрсің, айтпады құрғыр самал да,
Ақжауын нағып қатыгез болған әманда.
Осы бір жаным жүрсің бе көріп бұлттарды,
Жап-жақын барып жүретін саған, маған да.

Лайсаң көше өзгертіп алды өз өңін
Өртеніп тұр ғой от ауа жұтып өзегім.
Білдірмей мынау тұрғанмен мылқау дүние,
Бір жерде жүрсің сен мені күтіп, сеземін.

Көрінбей кеттің көшкіннің мынау ішінен
Жүрмісің әлде болмайтын тірлік ісімен.
Махаббат суы төгіліп жатыр көзімнен,
Жүрек қой тентек, жуынып жатқан, түсінем.

Көрінбей кеттің жылдарды тіпті еншілеп
Қызық бір уақыт ойлантып қойды көрші кеп.
Сыздайды дүние сары-ала жолды сапырып,
Тамшылап жатыр күйдіріп жанды сан шүмек…
Кімге айтам енді өзіңді ертіп келші деп.

Бір күні…

Бір күні менің бір жақты болып тағдырым,
Тереземді ашып қызықтап тұрам таң нұрын.
Аралап қайтсам алыстап кеткен достармен
Сәлемі салқын ағайындардың барлығын…

Бір күні менің азайып тартқан азабым,
Күлімдеп тұрар балдақсыз көрген көз алдым.
Жүгіріп өтіп өзімдік жетім жолдарды,
Қуаныш жайлы өлмейтін өлең жазармын.

Бір күні менің ашылып қырсық аспаным,
Қанатын жаяр арманға құштар жас жаным.
Мінберге шығып мен әттең өлең оқысам,
«Ит-ай» деп сонда тасада тұрса қастарым.

Бір күні менің түзеліп кедей тұрмысым,
Суырып алсам сұмырай күннің сүңгісін.
Қайтарып беріп қарызын талай достардың,
Рухани күштің көрсетем ғажап үлгісін.

Бір күні менің салтанат құрып ақтығым,
Тас-талқан болар күншілдік жайлы шартты ұғым.
Шапалақ қағып, шуласып қалар пәк жандар,
Келеке қылып қос жүзді адам сатқанын.

Бір күні менің ілінер көзге өлеңім,
Ар жағын сонда өзім-ақ айтып берермін.
Жазуы жұмбақ жазмыш қой бәрі, кім білсін,
Оны да оқып, маңдайдан кейін көрермін…

Содан бері

Мен отырмын қолтаңбаңа қадалып,
Шым еткен бір шырмақ ойға оралып.
Есіңде ме, ескірген бір жаз кеші,
Қайтқанымыз бір апайдан бал алып?

Сағыныштан кеудем сыздап сірескен,
Сол тәттілік әлі кетпей жүр естен.
Содан бері жақсы көрем көшенің,
Соңымыздан иттерін де ілескен.

Қолтығымнан табылған соң арманым,
Қолдарыңнан қолдарымды алмадым.
Содан бері жақсы көрем көшенің,
Салбыраған сүп-сүйкімді шамдарын.

Сәл болса да сәт еді ғой сыр шерткен,
Құлағымнан кетер емес үркек дем.
Содан бері жақсы көрем көшенің
Көліктерін соңымыздан нұр төккен.

Тәтті еді ғой сенім отын жаққаның,
Сәтті еді ғой менің де бал тапқаным.
Содан бері жақсы көрем апайды,
Көшенің де лайсаң боп жатқанын.

Қол ұстасып кету үшін армандар,
Қуып жету үшін кейде қалғандар.
Жақын жүру үшін тіпті өзіңе,
Жақсы екен ғой байқамаппыз тар жолдар.

Қатарласа қарғып өткен арықтан,
Қалды есімде сұлу қалпың қорыққан.
Содан бері жақсы көрем көшенің,
Адамдарын ала кеште жолыққан.

Кетер емес көңілімнен сол аспан,
Сырымды да ешкімдерге жоқ ашқам.
Содан бері жек көремін бірақ та,
Автобусты өзіңді алып қыр асқан.

Кезіктің бе, әлде маған бекер кеп,
Қорықтың ба, сөз көбейіп кетер деп?
Ал қазір ғой, алаңдаймын күн жауса.
Бал іздеуге сен шақырмас па екен деп.

Аңсаған күн, алыс қалды қоңыр күз ,
Бал сапардың бітпеп ек қой жолын біз.
Балды көрсем батып қалам бір ойға,
Барсың ба, сен бұл өмірде қоңыр қыз.

Бір сұлуға

Ырғақты жүрісің -ай, ырқымды алған
Қызынып қыран көңіл қылқынды арман.
Керіліп кеуде тұсы алға қарай,
Қос мықын қозғалады былқылдаған.

Тұрғандай тар суатқа киіктер кеп
Қанымды мың құмырсқа ұйытты өрлеп.
Қос көжек жасырынған қоңыр танау,
Тор көзді тырсиып тұр қиық көйлек.

Қалайша бір қарамай тұрады адам
Ақ анар алқынады құламаған.
Дүние көтеріліп, басылады,
Деміне дертті арудың шыдамаған.

О, көктем әлі толық көгермеген
Ерке елік әлденеге елеңдеген.
Есуас екі көздің құртын жеп,
Арасы омыраудың тереңдеген.

Нағылған нәркез қимыл, икем еді,
Нәресте қозғалыстан би келеді.
Атылған асау мінез ақ сазандай,
Ақ сандар үркіп қана үйкеледі.

Көз кетті көгенделіп балтырыңда,
Балтырыңда батты ойлар бал шырынға.
Ақ періште артында із қалдырып,
Тәңірдің тербеледі толқынында!

Қолаң шаш құлап кетіп жұмсақ қана
Сұлулық – сұлап түскен бір сәтті ара.
Жұпары жақын маңды мас қылады,
Толқындар тыным таппай бұл шақта да.

Леп қандай, қымыз қайрат шамалы ұрған
Аққандай ақша бұлттар қабағыңнан.
Көрсетші, көлеңкесіз көңіліңді,
Көтеріп бір тартайын шарабыңнан!

Сүйкімді мұнша ғалам сәл демігіп
Тербетті тұмшалаған пердені ұрып.
Білмедім дүние түгел үнсіз қалды,
Көздерің көксеңгірдей төңкеріліп.

Кірпігің үркек құстай жыпылықтап
Қастарың қиылады ұмтылып қап.
Ақмаржан тістеріңді көрсетеді
Екі ерін езу тартсаң жыртылып қап.

Үніңнен үлбіреген тым жағымды
Тіліңнен түсінемін түп жағыңды.
Қалдырып барасың ғой жұмбақ ару,
Ұйқысыз жүрегімде ырғағыңды.

Ақмаңдай дидарыңда күн сүрінген
Жуынып дәл осылай жүрші нұрмен!
Сұрықсыз дүниелер суға қанып
Көктесін қу көңілдер бүршігіңнен!

О,тоба қас сұлулық барсың ба әлі,
Бақыттың кеудемдегі баршындары!
Біз жаққа жыл құсындай бір соға кет,
Кірлеген көкірекке болсын дәрі.

Жанымнан жоғалтпаспын осы күнді
Осы гүлді ойлармен өсіруді.
Бара ғой, мен білмейтін бағытыңа,
Сұрамай-ак қалайын есіміңді.

Білмедім ертең келер басқа күнді
Аялап өтсін тағдыр жас жаныңды.
Сұлулық жақсы екен ғой тығылмаған,
Толтырып алып қалдым тостағымды…

Жас ақынға

Ей, жас ақын, мен саған кезек берем,
Кеше мен де аға алдын кесе өтпегем!
Күн-түні мазаланған кеудеңдегі,
Құрметте, өлең-құсты безектеген!

Біреудің бөленсең де алғысына
Біреудің қалып жүрме қарғысына.
Суымен жүректердің қоректенген,
Сатқындық жасай көрме сол құсыңа!

Дүр етсін, көргенде өмір түрін үйрек
Қалғанда қара түнде қиын күй кеп.
Жас ақын, жылап жатқан шақтарда да,
Құсыңа жүрегіңнің тілін үйрет!

Мінезге наркескенді қайрамаса
Болмайды биігіңде байрақ аса.
Сол құсың өз кеудеңде ұя салып,
Ұят қой, өзге бақта сайрамаса!

Ақыл бер, ақ құсыңа арға малып
Әнге қанып, әлденсін таңға қалып.
Көзінде бір сұлудың жыпылықтап,
Құшақта ғұмыр кешсін таңданарлық!

Құдай-ай, сол құсыңды қысып ұста,
Бұл деген баршын шақ қой, іші құста.
Айрылып қала көрме асығыста,
Бар мәні өміріңнің – осы тұста!

Ақындар-ақын емес ұсақтаған,
Дүние – мал ешкімге әлі тұсатпаған!
Сатқындық жасай көрме, Құс – өзің ғой,
Менің де бір құсым бар құшақтаған…

Анашым

Сағындырып тағы жетті сары күз,
Ақжауынмен езіліп тұр жанымыз.
Алма ағашпен бір балаңдай аулаңда,
Жазмыш қой жылап тұрмыз тағы біз.

Соқсын самал, көңілімді тербетсін,
Сарқылмайтын сол самалдай мол бопсың.
Мен келгенде сүп-сүйкімді жүретін,
Қос әйнектің ар жағында сен жоқсың.

Ойлап кеттім, өзің жайлы, дем басып
Омырауымды жетім көңіл желге ашып.
Аласапыран сағынышпен арбасып,
Көңіл шіркін көмескі көп жолды асып.

Сыздар жүрек сағыныштан ұлғайып
Ұлғайып ап қанаттарын тұр жайып.
Жеткіз мені анашыма сол құдірет,
Бөліс қане, бақытыңмен қылдай қып!

Күндер қайда мен арманға құштар шақ,
Төбет үрген біздің үйдің тыстан сақ.
Әлдеқайдан әкем келіп жататын,
Шіркін, деші шәйдің басы қызған шақ.

Дастарқанға құлап сонда күн шуақ
Шақпақ қантқа таласушы ек шұрқырап.
Шоққа піскен тапа нанға тойып ап,
Мазаңды алып жүруші ек қой су сұрап…

Қайда кеткен, анашым-ау қайран күн
Мың мұңайып, мың қуанып қайралдым.
Әкем кетті, әшейін бір сен кеттің,
Түс секілді түпсіз ойда мен қалдым.

Солай ана, сен кеткелі басқамын,
Көп ешкімге дүниемді ашпадым.
Өксік пе әлде, өкініш пе бірнені,
Оңашада жаспен жуып тастадым.

Осы айдарда

Back to top button