Қоғам

\”Менің Қазақстаным\” пойызы Аягөзге аялдады

"Менің Қазақстаным" пойызы Аягөзге аялдады

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай 23-наурызда Астанадан шыққан \”Менің Қазақстаным\” үгіт-насихат пойызы Аягөз қаласына келіп аялдады. Құрамында Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, белгілі өнер тарландары Ескендір Хасанғалиев, Нағима Есқалиева, жерлесіміз Толқын Забирова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Татьяна Бурмистрова бар насихаттық топ мүшелерін Аягөз теміржол бекетінде қала халқы гүл шоқтарымен, шашу шашып қарсы алды. Аудан әкімі Бақытжан Байахметов бастаған ардагерлер тарихы терең Аягөз өңіріне келген меймандардың қадамдарына сәт-сапар тіледі.
Сондай-ақ, \”Менің Қазақстаным\” үгіт-насихат пойызының жетекшісі, \”Қоғамдық келісім\” республикалық мекемесі директорының орынбасары Ғазиз Телебаев, Парламенті Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадов Елбасының \”Нұрлы жол-болашаққа бастар жол\” атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді жаңа экономикалық саясатты орындау жолында жан аямай еңбек етуге шақырды. Бұдан кейін үгіт-насихат пойызымен келген арнайы мамандар Аягөз жұртшылығын әртүрлі мәселелері бойынша қабылдады. Мәселен, денсаулығы сыр беріп жүрген жандарды аудандық орталық аурухана ғимаратында білікті дәрігерлер, \”Қозы Көрпеш-Баян сұлу\” атындағы мәдениет үйінде әлеуметтік, заң, жеңілдетілген несие алу, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша сала министрліктерінің өкілдері қабылдау жүргізді.
– Бұл халық үшін аса қажетті шара екені айтпаса да түсінікті. Мен таңертеңнен білікті дәрігерлерге көріну үшін кезек күтіп, жаңа ғана қаралып шықтым,-дейді Аягөз қаласының тұрғыны, зейнеткер Тоқтархан Нұрмұхаметұлы. – Осыдан бір жыл бұрын Астана қаласында жүрегіме ота жасалған еді. Жағдайым жаман емес. Қан қысымым қалпында. Дегенмен, осындай сәтті пайдаланып, тексеріліп қалуды ұйғарған едім. Дұрыс жасаған екенмін. Ерлан Жөкебаев деген кардиолог-дәрігерге қаралып, риза болып шығып отырмын.
-Елдің ынтымағы мен бірлігін ту еткен мұндай пойыз елді мекендердің тұрғындары үшін өте құнды. Біз баламыз екеуіміз жұмыс мәселесімен барған едік. Оның да оң шешім табарына қуанып отырмыз,-дейді Мақан Баймырза деген азамат.
Этносаясат, қоғамдық келісім жайында семинар-тренинг өтіп, мәдениет үйінің фойесінде \”Менің елім-Мәңгілік ел!\” атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. \”Теңдессіз сыйлық\” акциясы бойынша Ұлттық кітапхана бас директорының орынбасары Ғалия Бөкеева аудандық кітапханаға кітаптар сыйлап, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында өткен конкурстар мен жобалардың бейнетаныстырылымын \”Қоғамдық келісім\” республикалық мекемесінің өкілі Нұрбек Шаяхметов жұртшылық назарына ұсынды. Сондай-ақ, көңілді тапқырлар клубы (КВН) мүшелерімен, Аягөз жастарымен кездесу ұйымдастырылып, өнер саңлақтары аудан халқы үшін концерттік бағдарламасын ұсынды. Құрамында Әли Оқапов, Жанар Доғалова, Әлішер Кәрімов, \”lashyn\”, \”Voike KZ\” топтары, \”Гүлдер\” ансамблі \”Қозы Көрпеш-Баян сұлу\” мәдениет үйінің алдында Аягөз халқы үшін өз өнерлерін паш етті. Қала жастары орталық алаңда би билеп, өздері күнде теледидардан ғана тамашалап жүрген эстрада жұлдыздарымен жүздесіп, қолтаңбаларын алды.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button