Қоғам

«Менің Қазақстаным» әні қалай жазылды?

Әнұранға – 10 жыл

«Менің Қазақстаным» әні қалай жазылды?

Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік Әнұраны болғанына 2016 жылғы 6-қаңтарда 10 жыл толды. Шәмшінің өмірбаяны мен «Менің Қазақстаным» әні туралы әркім әртүрлі мәліметтер айтып жүргенін ақпарат құралдарынан оқып та, көріп те жүрміз. Сондықтан жинаған дерегіме сүйеніп, осы тақырыпқа қалам тартып отырмын.
Алматы қаласындағы С.Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасындағы деректер бойынша Шәмші 1930 жылы 15-тамызда туған деп көрсетілген (соған сенсек, мен Шәмшіден 3 ай бұрын, 1930 жылы 15-мамырда туғаныма байланысты «бір жылғы төл», онымен құрдас екенмін). Ал Шәмші «Сіздерге айтар сырым бар» деген өзінің қолжазбасында. «Менің өмірбаянымды өз аузымнан естігісі келетіндер аз болмаса керек. Кеурегі мен жусаны жүз түрлі дертке шипа Қызылқұм өңіріндегі мөлдір сулы Арыс өзенінің жағасында (Шымкент облысы) 1931 жылы дүниеге келіппін» деп жазған.
Шәмшінің әкесінің азан шақырып қойған аты Әнәпия екен. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша жеңгелері қайнысының аттарын атамай, оларға еркелетіп ат қоятын болған. Әнәпияның аяғында алақанның үлкендігіндей қалы болғандықтан оның шын атын айтпай, «Қалды аяқ» деп жеңгелері атап кеткен көрінеді. Мектепке 1-сыныпқа оқуға барғанда мұғалімдер Шәмшіден әкесінің атын сұрағанда, «Қалдаяқ» депті. Сонымен Қалдаяқов болып жазылып кете барған. Шындығында Шәмші Әнәпиянов болып жазылу керек еді. Ендігі жерде оны түзетудің де қажеті жоқ. Себебі, бүкіл қазақстандықтар белгілі сазгер-композитор Шәмшіні Қалдаяқов деп біледі.
Әкесі Әнәпия саусағынан өнер тамған ұста, зергер болған. Бірақ әншілікпен, өлең жазумен әуестігі болмаған. Сазгерлік қасиет анасы мен нағашыларынан дарыса керек. Ол туралы өзінің жоғарыдағы қолжазбасында: «Той-думандарда анамның шырқап салған әндері қалың көптің құлақ құрышын қандырумен қатар, перзентінің жүрегіне нұр боп құйылар еді. Ол әлі күнге дейін есімде. Сөйтіп, табиғи дарынымның ана сүтімен келгеніне қуанбасам, ренжімеймін»-деп жазады.
Шәмші Шымкент облысындағы Қапланбек мал дәрігерлік техникумында оқып, зоотехник кәсібін игереді. Отан қорғауға әскер қатарына алынып, онда әскери училищені бітіреді. Әскерден аулына қайтып оралған Шәмші ана сүтімен дарыған табиғи дарыны маза бермей, өзінің тілімен айтқанда «іштегі тынжы тыным бермей», Ташкенттегі Хамза Хақымзада Ниязи атындағы музыкалық училищеге барады. Сонда оқып жүргенде, 1956 жылдың жазында Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова концерттік сапарымен Ташкент қаласына барғанда, тағдырдың жазуымен Шәмші әншімен кездеседі. Шәмшінің музыкалық қабілетінің зор екенін байқаған Жамал Омарова оның қолынан жетектеп Алматы консерваториясына алып келеді. Шәмші Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлық факультетіне қабылданады. 1956 жылдан бастап Шәмші құлақтан кіріп бойды алатын әндерін жаза бастайды. Оның әндерін жұртшылыққа танымал әртістер айтып, қалың көпшілікке, әнсүйер қауымға таратады. Мысалы, «Қайықта» деген әнін бірінші болып орындаған КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова. «Ақмаңдайлым» әнін бірінші болып халыққа жеткізген КСРО мен Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланова. «Менің Қазақстаным» әнін бірінші болып, сондай-ақ, өмірінің соңына дейін айтып кеткен Жамал Омарова еді.
Шындығында да, жоғарыдағы әншілер мен бұл күндегі Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Сара Тыныштықұлова, Мақпал Жүнісова, тағы сол сияқты көптеген өнерпаздар болмағанда Шәмшінің әндері халық арасына тарамай, қазылмаған алтындай қала беретін еді. Шәмші арттағы ұрпақтарына 300-ден аса ән қалдырып кетті. Халық арасында «Вальстің королі» атанды. Соған қарамастан кезінде Шәмшіге композитор атағын берерде, көре алмайтын кейбіреулер «оған композитор атағын беруге болмайды, себебі ол консерваторияны бітірмей кетіп қалған» – деген уәж айтыпты. Сонда Шәмшінің «консерваторияны бітірмеген Құрманғазы атамыздың атын неге консерваторияға бердіңдер» – деген сөзі көре алмаушылардың ауыздарын жаптырған екен деген әңгіме халық арасында бүгінге дейін айтылып жүр.
«Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихы да ерекше болған. Осыдан жарты ғасыр бұрын, нақтылап айтсақ, 1956 жылғы қараша айының 7-сі күні Ұлы қазан революциясының күніне арналған Алматыдағы әскер шеру жүріп жатқан алаңда сазгер Шәмші Қалдаяқов пен оның досы ақын Жұмекен Нәжімеденов кездесіп қалады. Жалпы халықтық мейрам күніне келген қала халқының көтеріңкі көңіл күйлерін көрген Шәмші мен Жұмекенге табан астында кенеттен ой келеді. Халықтың осындай асқақтаған көңіл күйін көтеретін қазақ тілінде әннің жетіспей тұрғанын екеуі бір біріне айтады. Кенет Шәмші Жұмекенге «жүр кеттік», – дейді. Алаңға келген екеуі шерудің аяқталуына қарамастан Шәмшінің жалдамалы пәтеріне келеді.
Бірнеше сағат ішінде Шәмші жаңа ән шығарады да, Жұмекен сол жерде отырып, сол әнге екі түрлі мәтін жазады. Екеуі ақылдасып, екі түрлі мәтінінің біреуіне тоқтайды. Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» деген Шәмші мен Жұмекеннің әні мен сөзі өмірге осыдан жарты ғасыр бұрын келеді. «Менің Қазақстаным» әнімен өлең сөзінің ұйқасы табылып, әп-сәтте көңілге қонымды шыққан шығармамызға риза болып, пәтер иесі -әйелдің жасаған «жүгері көжесіне» бір тойғанымыз бар», – дейді бір әңгімесінде Шәмші.
Бірақ «Менің Қазақстаным» әні көпке дейін жарыққа шығып, орындалмайды. Себебі, әннің сөзінің мәтінінде «жетінші бес жылдық» деген сөз қосылмаған, «Менің Қазақстаным» – деп ерекшеленіп, Одақтан «бөлініп тұрғанында» саяси мән бар деп әнді жарыққа шығаруға рұқсат бермеген. Соған қарамастан Шәмшіні Ташкеннен алып келген Қазақстанның халық әртісі, Қазақ радиосының әншісі Жамал Омарова жоғарыдағылардың рұқсатына қарамай, Қазақ радиосы арқылы «Менің Қазақстаным» әнін орындап, халық арасына кеңінен таратып жібереді. Міне, «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихы және халық арасына кеңінен таралуы да осылай басталған еді.
Қазақстанның бірінші Әнұранының музыкасын өткен ғасырдың 40-шы жылдары композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгениий Брусиловский, Латиф Хамиди жазған болатын. Еліміз егемендік алған соң, Әнұранның музыкасын сол қалпында қалдырып, сөздерінінің мәтінін ақындар Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев пен Жадыра Дәрібаева қайтадан жазып, айтылып жүрді. Бірақ еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 14 жыл өткен соң ол Әнұран бүгінгі күннің талабын қамти алмай, түсінігі төмендей берді. Осыған байланысты Әнұранды өзгерту тәуелсіз еліміздің күн тәртібінен түспейді.
Еліміздің жаңа Әнұранына сайысқа екі ән түсті. Біріншісі – «Менің елім», оның сөзін жазған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ, әнін жазған – Бекболат Тілеуханов.
Екіншісі – «Менің Қазақстаным», әні – жоғарыда жазылғандай, Шәмші Қалдаяқовтыкы, сөзі – Жұмекен Нәжімеденовтікі. Екі ән де Әнұранға лайық болды. «Менің елім» әнінің кейіннен шыққандығы болды ма, «Менің Қазақстаным» әні халықтың көңілін аудара берді. Себебі, жарты ғасыр бойы «Менің Қазақстаным» әнін концерттердің соңында Жамал Омарова, содан кейін Сара Тыныштықұлова орындаған кезде залдағы жиналған көрермендер (жасынан кәрісіне дейін) отырған орындарынан тұрып, қосыла айтып, аса зор рухани қуат алып, қуанышпен үйлеріне тарқайтын еді. Бұл ән той-думандарда да осылай айтылып жүрді.
Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әніне жазған сөздерін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ өзінің көрегендігімен Мемлекеттік Әнұран болғандықтан, бүгінгі уақыттың нақтылы талабына сай етіп, бұрынғы сөз мәтінінің бірінші ауызының 3-7-ші және екінші аузының 1-4-ші абзацтарының сөздеріне ішінара өзгерту енгізді. Әннің қайырмасы сол күйінде қалдырылды. Нұрсұлтан Әбішұлын Жұмекен Нәжімеденовпен бірге Әнұранының авторы есебінде халық аса құрметпен қабылдады. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің бірі болып еліміздің қазіргі Мемлекеттік Әнұраны 2006 жылы 6-қаңтарда қабылданды.
Оны бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қуанышпен, азаматтық сезіммен қарсы алды. Әнұранды орындағанда тыңдаушылар орындарынан тік тұрып, оң қолын сол кеудесінің жүрек тұсына ұстап тұру керек» деген ереже-заңмен бекітілді. Бұл Мемлекеттік Әнұранды сыйлап, шын жүректен қадірлеу және мемлекетіміздің мәртебесін биіктету болып табылады. Қазақстанның бейресми әнұраны атанған Шәмші Қалдаяқовтың \”Менің Қазақстаным\” әнінің мәтіні аз-кем өзгертілді. Мәтін авторы ретінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өз ұсыныстарын енгізді.
Бұл екі әннің сөздерін салыстыра отырып, мән беріп қарасақ, арасы жер мен көктей. Әннің сөзі 50 жыл бұрынғы өмірді суреттеп тұрса, Әнұранның өзгертілген сөздері бүгінгі күннің, тәуелсіз еліміздің өміріндегі көңіл күйін айтып тұр. Осы тұста Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ ақындық қаблетінің зор екенін айтпай кетуге болмайды. Нұрсұлтан Әбішұлының Елбасы болып бүкіл экономикамызды өркендетіп, халықтың жағдайын күннен күнге жақсартып, алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына Қазақстанды енгізу мәселесімен шұғылдануымен қатар, оның ақындық өнеріне таңғалмауға болмайды. Әнұранның сөзін өзгерту әр ақынның колынан келе бермейді.
Сөйтіп, Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік Әнұран есебінде қабылдануына байланысты Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануына орай, Елбасын ұлықтау рәсімі кезінде 2006 жылы 11-қаңтарда алғаш рет орындалды.
Дегенмен, шетелдерде бір емес, бірнеше рет жаңа Әнұранның орнына ескі Әнұран ойнатылғанына қарным ашады. Біздің спортшыларымызды басқарып барған басшылар ай қарап жүре ме, соған түсінбеймін. Бәрін қайталамай-ақ Ресейде ауыр атлетикадан өткен жарыста біздің ауыр атлетіміз Илья Ильиннің жеңісін рәсімдеу кезінде Грозный қаласында ескі Әнұран орындалды. Сол кезде Илья жаңа Әнұранды ойнатуды талап етіп тұрып алды. Ақыры ойнатқызды. Сол кезде оң қолын жүрегінің тұсына қойып, Әнұранды аяғына дейін қазақ тілінде өзі айтып шыққанын ғаламтордан көріп риза болдық. Нағыз Қазақстанның азаматы деп Илья Ильинге рақмет айтуымыз керек. Жақында Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, Сыртқы істер министрлігінің шетелде қызмет етіп жүрген өкілдері, тіпті, басқа жұмысты былай қойып, Әнұранның дұрыс айтылуын қадаламағанда не бітіріп жүргені түсініксіз?
Құрметті ағайын, Тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік Әнұранының 10 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, барлық Мемлекеттік рәміздерді қадірлейік, олар туралы заңдарды орындайық деген аталық ақылымды қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізгім келді.

Кәрім Жұмағалиев

Осы айдарда

Back to top button