«Мен қазақпын» маршын алғаш рет орындады
«Оркестрдің репертуарына кез келген шығармашылық туындыны қоспай тұрып, мұқият зерттеймін. Музыкалық композицияның айтар ойы, тәрбиелік мәні бар болса, жеке репертуарымызға қосамыз. Жалпы, қазақ әскери әндерінің ішінде жүректі шымырлатып, сезімнің сырын шертетін шы-ғармалар жеткілікті. Мен дирижер ретінде жеңіл-желпі би-леуге арналған дүниелерді айналып өтуге тырысамын. Ән таңдауда талабым күшті», – деп бастады әңгімесін Өскемендегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы №5518 әскери бөлімінің капитаны, оркестрдің дирижері Максим Наговицын.
Сонау 1983 жылы біздің облыста құрылған әскери оркестр жастардың бойына отаншылдық рухты қалыптастыруға үлкен үлес қосып келеді. Кезінде аға сержант Борис Глазьевтің қолдауымен құрылған оркестр жеке құрамды патриоттық және мәдени тұрғыдан тәрбиелеп, еліміздің Қарулы Күштері қатарында әскери қызмет атқаруды насихаттаумен айналысып келеді. Оркестрде жоғары білікті және кәсіби музыканттар ғана өнер көрсете алады. Егер болашағыңызды әскери оркестрмен байланыстырсаңыз, №5518 әскери бөліміне келіп бақ сынап көруіңізге болады екен.
– Біз облыс және республика көлемінде өтетін қоғамдық мәні бар барлық іс-шараға атсалысамыз. Бұдан бөлек Ұлттық Ұлан қолбасшысының жүлдесін арналған «Әскери керней» фестиваліне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрміз. Алда алар асуларымыз көп деп сенеміз, – дейді Максим Наговицын.
Оркестрдің жеке репертуарында әлемдік музыка мәдениетінің бүкіл жанр¬ы қамтылған. Атап айтсақ, патриоттық му¬зыкадан бастап, классикаға дейін бар. Жуықта Отарда өткен жауынгерлік шеруде өнерпаздар ең алғаш рет жерлесіміз, ақын Нұржан Өмірбаевтың сөзіне жазылған «Мен қазақпын» маршын орындап, сарбаздардың айбынын тағы бір мәрте асқақтатты.
– Біздің ұжым «Қаһарман батыр», «Атамекен», «Ұлттық ұлан» сияқты әскери марштарды кәсіби деңгейде орындап, көпшілік қауымның қошеметіне бөленіп жүр. Бірақ әлі күнге дейін еліміздегі әскери оркестрлердің жеке репертуарларында «иә, дәл осы» деп айтарлық қазақи мақамда жазылған композициялар көп емес. Бізде мемлекеттік тілде айтылатын әндер жетерлік болғанымен, нағыз әскери музыкалар аз. Біз көптеген байқауға барып жүргенде, орыс, неміс, ағылшын маршын бірден айыра аламыз. Себебі олардың өзіндік қалыптасқан формасы бар. Бұл сөзіммен дәстүрлі әндерді жоққа шығарудан аулақпын. Мысалы, оркестрдің орындауындағы қазақ композиторлары Түркеш, Құрманғазылардың күйін тыңдап отырған адамның рухы көтеріліп, ерекше күйге бөленетіні өз алдына бөлек әңгіме. Дей тұрғанмен дәл осы қазақи әуезді элементтерден құралған, сарбаздарға әскери рух бітіретіндей жаңа музыка керек, – дейді Максим Наговицын.
Оркестр мүшелері тек қана шығармашылықпен айналысып қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де атсалысады. Олар дайындықтан тыс уақыттарында басқа сарбаздар сияқты сапқа тұрып, топтық жаттығуларға қатысып, жауынгерлік тесттер тапсырып, оқ ату алаңдарына барады екен.
– Ел игілігі жолында өз міндеттерін бұлжытпай орындап, қызмет барысында ерлік, қырағылық пен көрегендік танытып жүрген әскери қызметшілердің еңбектері орасан зор. Бейбіт күннің батырлары шен үшін емес, ел үшін қызмет ететіндіктеріне сеніміміз мол, – дейді Максим Наговицын.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы №5518 әскери бөлімінің оркестрі – өзіндік стилі бар, облыс пен республи¬каның мәдени өміріне белсене атсалысатын шығармашылық ұжым. Олар Қазақ елін халықаралық музыкалық аренада танытатын үлкен сахналарға шығуға лайық.
Ажар Сағатбекова