ҚоғамТОП

Мен әйелмін, әлемнің анасымын

Халқымыз ықылым заманнан ақ жаулықты аналарды биік қойып, қастерлейді. 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Өскемендегі Достық үйінде «Мен әйелмін, әлемнің анасымын» атты аналар байқауы өтті.

– Бүгінгі қоғамның ілгері басуында аналарымыздың орны ерекше. Тек отбасындағы бала тәрбиесімен айналысып қоймай, өңіріміздің әлеметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген аналарымыз аз емес. Байқауымыздың мақсаты – отбасының ұйтқысы болып отырған әрі қоғамның әр саласында жетістікке жетіп жүрген осындай өнегелі аналарымызды жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету, – деді шараны ұйымдастырған «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.

Байқау бес кезеңнен тұрды. «Сәлем – сөздің анасы», «Салтын сүйген, халқын сүйер» және «Қыз – ұлт болашағы» атты алғашқы үш кезеңде өңіріміздің әр ауданынан келген аналар өздерін таныстырып, халқымыздың жарысқазан, сәбиді бесікке бөлеу, қыз ұзату, кимешек кигізу сияқты салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары және отбасындағы қыз тәрбиесі жайлы сахналық қойылымдар қойды.

«Зерделінің ойы озық» сайысында аналарымыздың білімі мен зияткерлік қабілеті сынға түсіп, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Ал соңғы кезеңде аудандағы қыз-келіншектердің жетістіктерін дәріптеу мақсатында түсіріліп, «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің инстаграм парақшасына жүктелген бейнероликтері бағаланды. Бұл кезеңде әрине, жұртшылықтың қаралымы мен пікірлері ескерілді.

Байқауға барлық аналар ерекше дайындықпен келген. Қатысушылардың үстіндегі әдемі ұлттық киімдерінен бастап сахнадағы өнері, берген жауаптары мен салт-дәстүрге қатысты қойылымдары жұртшылық көңілінен шыққандығын залдағы жанкүйерлер мен көрермендердің қошеметінен-ақ көруге болады.

Иә, қыздарымыз мықты болмай қоғам мықты болмайды. Өңіріміздің қай ауданын алып қарасақ та жетістікке жеткен қыз-келіншектер мен аналар аз емес. Мәселен, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы Мәдениет үйінің басшысы Шәкен Көпшікбаева осы ауданда дүниеге келіп, еліміздің қоғамдық-саяси, мәдени өмірінде, тәуелсіз еліміздің білім мен ғылымын, демографиясын өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан әйел-аналардың көптігін, ауданда 46 Батыр ана, 50 Ана даңқы, 179 Алтын алқа, 240 Күміс алқа игері, 654 көпбалалы ана бар екендігін, өңірден шыққан 12 ғылым докторы мен профессоры, 28 ғылым кандидаты әр салада жемісті еңбек етіп жүргендігін мақтанышпен атап өтті.

Байқау да мәресіне жетіп, нәтижесінде тарбағатайлық «Мақта ана» тобы бас жүлдені жеңіп алса, зайсандық «Дәуір қарлығаштары» бірінші орынды, глубокоелік «Тұмар» тобы екінші орынды қанжығалады, ал риддерлік «Бойтұмар» тобы үздік үзтікті түйіндеді.

Жеңімпаз болған аналарға заманауи тігін машинасы, арнайы дипломдар мен ұлттық шапан сертификаты берілді. Ал жүлделі орын алған аналардың барлығы электронды еттартқыш, сенсорлы қысқа толқынды пеш, шаңсорғыш сияқты сыйлықтарға ие болды.

Айта кету керек, «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің жұмысы тек мерекелік шаралар өткізумен шектелмейді.

Гүлжамал Бершімбекованың айтуынша, бірлестік «ASAR-UME» қайырымдылық қорының Шығыс өңіріндегі үйлестірушісі ретінде көптеген отбасының баспаналы болуына мұрындық болып жүр. Былтыр 13, биыл екі, барлығы 15 көпбалалы отбасы үйлі болды. Оның ішінде кейбір отбасыларында мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Баспананың құжаттары үй иесіне заңды түрде тегін рәсімделіп, үй ішіндегі қажетті жиһаздарына дейін қамтылады.

Алдағы Рамазан айында «ASAR-UME» қоры «Асар-Наурыз» қайырымдылық акциясы аясында еліміздегі 150 отбасы, 700 баланы баспаналы етуге ниеттеніп отыр.

Бірлестіктің ерекше атап өтуге тұрарлық тағы бір жобасы – «Кең жүрек мың бала».

– Бұл жоба қайырымдылық қоры арқылы баспаналы болған отбасылар балаларының бойындағы көшбасшылық дағдыларын дамытуға бағытталған. Өскеменнен қатысқан төрт баланың екеуі қазір мәреге қарай келе жатыр. Жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балалар ағылшын, қытай тілдерін үйреніп жүр. Көп тіл білу болашақта олардың шетелде білім алуына мүмкіндік береді, – деді бірлестік жетекшісі.

Бірлестіктің ішінде ашылған тігін цехында қолөнерді дамытып, тігін ісін кәсіпке айналдырған аналардың жетістіктері де аз емес. Мәселен, салт-дәстүр бөлімінің жетекшісі Маржан Хасенова түрлі деңгейдегі форумдар мен көрмелерге қатысып, жүлдегер атанып жүр.

Бүгінде мектеп ұжымдары мен мекеме қызметкерлері тарапынан ұлттық киімге деген сұраныстың артып келе жатқандығы қуантады. Осы орайда «Жан ана» бірлестігінің тігіншілері арнайы тапсырыспен Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкерлеріне, балабақшадағы бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына заманауи үлгідегі ұлттық киімдер тігіп жатыр. Тіккен киімдері сапалы болғандықтан облыс аумағынан тыс Павлодар өңірінен де тапсырыс түсіп жатқан көрінеді.

Осы айдарда

Back to top button