Мемлкет басшысының сенімін арқалап қайтты

«Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген жеңімпаздармен бірге, шығысқазақстандық кәсіпкер Қуаныш Сүлейменов те үздік жүздіктің қатарынан көрінді. Қызмет жолын ауылда қарапайым мұғалім болып бастаған ол бүгінгі таңда 180 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, бір кездері қаңырап қалған ауылының еңсесін қайта тіктеп отыр. Осы жетістігінің бәріне ол тәуелсіздік жылдарындағы төккен терінің, ұйымдастырушылық қабілетінің ең бастысы, туған жерге деген ыстық махаббатының арқасында қол жеткізді. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында жүз жаңа есімнің бірі атанып, Елбасымен кездесіп қайтқан жерлесімізбен жолығып, танымал кәсіпкердің табысқа жету құпиясын, алдағы жоспарларын сұраған едік.
Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған
Қуаныш Серікқазыұлы басқарып отырған «Шалабай» шаруа қожалығын өзгелермен салыстыра алмайсыз. Себебі Жарма ауданының түкпіріндегі «Шалабай» ауылынан 7-8 шақырымда жатқан шаруа қожалығы кешенінің бірегейлігін алыстан байқауға болады. Онда малшыларға арнайы жатақхана салынған.
Жатақхана деген аты болмаса, ол кешеннің ішінде монша, сауна, бильярд атаулының бәрі бар. Тіпті «кинотеатр» демесек те, кино көруге арналған арнайы орынның өзі кешенде барлығы да үлкен ықыласпен, ең алдымен жұмысшылардың жайлылығы үшін жасалғанын байқауға болады. Бір сөзбен айтқанда, күндіз мал жайып келіп, кешке бильярд ойнайтын жұмысшылар осы Шалабайда ғана бар шығар. «Жұмыста емес, шипажайда жүрміз» деген шалабайлық малшылардың сөзі Жарма өңірінде жергілікті әзілге айналған.
– Тоқсаныншы жылдар ортасында кеңшар құлап, ауылда шаруашылықтар тарап кеткен еді. Жұмысымды 2000 жылдардың басында қарапайым тарих пәнінің мұғалімі болып бастадым. Ауылдан бәрі көшіп кетіп жатты. Құлазып қалған мекеніміз күнде көз алдымызда. Осыдан ауылды қалай да көтеру керек деген бір ой мені әрдайым мазалап жүретін. Бірде Мемлекеттік кірістер және қаржы министрі қызметтерін атқарған, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ президенті Зейнолла Кәкімжановтың «Экспресс-К» газетінде жарияланған сұхбатын оқыған соң, ойға қалып, «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытының бұрынғы атағын қайта қалпына келтіруге қол ұшын беруін сұрап хат жаздым. З.Кәкімжановтың бұл жағдайды терең түсініп, жанашырлық танытуының арқасында 2005 жылдың қараша айында «Шалабай» ЖШС заңды мәртебе алды. Ол кезде мектеп директоры едім. Серіктес инвестор «Андағы жұмысыңнан шығып, бастан-аяқ шаруашылықты өзің басқарсаң қайтеді?» деген ұсыныс білдірді. Ақыры ойлана келе, біржола кәсіпкерлікке бет бұрдым, – дейді Қуаныш Сүлейменов.
«Шалабайдың» шаруасын асыл тұқымды ақбас сиырлар шалқытты
2006 жылдан бастап кәсіпкер туған ауылы – Жарма ауданы Шалабай ауылындағы кеңестік кезеңнен кейін тұралап қалған шаруашылықты қайта жандандырып, жұмыс жүргізе бастайды. Жауапкершілігі үлкен осы шаруаны жолға қоюда Қуаныш өзінің нағыз менеджерлік, іскерлік қабілетін, табандылығын көрсете білді. Арнайы білімнің де қажеттілігін сезіне білген жаңашыл азамат Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аграрлық факультетінде «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру» мамандығы бойынша білім алып, сырттай оқып бітірді. Жаңа басшы бірінші кезекте бұрынғы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығын қалпына келтіруді басты мақсат етіп қойды. Сол үшін білікті кадрларды, мамандарды жанына топтастырды.
Жұмыс нәтиже беріп, 2006 жылдың қазанында Ұландағы «Багратион» шаруа қожалығынан 155 бас ірі қара мал сатылып алынған соң, «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытының қайта өркендеу дәуірі басталды. Келесі жылы қыркүйек айында Павлодар облысындағы «Галицкое» ЖШС-нен 138 бас мал сатылып алынды.
Бүгінде шаруашылықта асыл тұқымды малдың есебін жүргізу жақсы жолға қойылған. Малдың әр басының шыққан тегі көрсетіледі, жаңа туған әр бұзауға төлқұжат ашылады. Үш жыл бойы асыл тұқымды өгізшелер сатылуда, олардың сапасын арттыруға жұмыс жүргізілуде. Жемшөп базасын бір жылдық, көпжылдық азық дақылдарын егумен жақсарту жоспарланған.
Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен селекциялық-асылдандыру жұмыстары шеңберінде 2010 жылы Абердин-ангусс тұқымының эмбрионы әкелініп, қазақтың ақбас сиырларына салынды. 2011 жылы суррогатты аналықтардан Абердин-ангусс тұқымының алғашқы бұзаулары – үш өгізше, үш тайынша алынды. 2012 жылы үш өгізшені қазақтың ақбас сиырларын ұрықтандыру үшін бұқа ретінде пайдалану басталды. 2013 жылдың өзінде-ақ қазақтың ақбас сиырларының бірінші ұрпағы мен Абердин-ангусс тұқымының буданынан пайда болған алғашқы 50 бас бұзау алынды.

Басты мақсат – ауылды көркейту
– Біздің ұстанымымыз – ең бірінші мал емес, ең алдымен, адамның тұрмысын түзеу, ауыл халқының жағдайын жасау, ауылды көркейту. Сол ұстаныммен шаруашылығымыз өркендеп келеді. 2006 жылы шаруашылықты 150 бас ірі-қарамен бастаған едік. Бүгінгі таңда ірі-қараның басы 3500-ге жетті. Негізінен етті бағыттағы асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырларын өсіреміз. Бүгінгі күні екі нүктеде 180-дей жұмысшы нәпақасын тауып отыр. Қазақтың ақбас сиырымен бірге, қой, жылқы, үйрек-қазға дейін өсіреміз. Оның сыртында 70 ұя омартамыз бар. Жылына үш-төрт тонна бал аламыз. «Шалабай» шаруа қожалығындағы жұмысшылардың орташа айлығы – 100-110 мың теңге. Малшылар ауысым бойынша еңбек етеді, – дейді кәсіпкер.
«Шалабай» шаруа қожалығы қазіргі таңда Жарма ауданындағы Шалабай, Бірлік, Мариновка ауылдарының халқын жұмыспен қамтып отыр. Бұдан бөлек өндірістік көрсеткіштерін арттырумен қатар, Шалабай ауылының әлеуметтік дамуына жыл сайын 15 миллион теңге бөліп, үлкен қолдау көрсетуде, оған қоса қажетті әлеуметтік нысандар тұрақты түрде салынып жатыр.
Аймағымыздағы асыл тұқымды мал өсіруге ниет білдірген кез келген кәсіпкер малды асылдандыру, асыл тұқымды тайыншаларды алу үшін алдымен «Шалабай» шаруа қожалығына ат басын бұрады. Мәселен, 2013 жылы «Шалабай» ЖШС-дегі 200 бас асыл тұқымды тайыншалардың әр басы 500 мың теңгеден сатылса, 100 бас асыл тұқымды өгізшелер тірі салмағы бойынша бір келісі мың теңгеден сатылды. Ал 2015-2016 жылдары барлығы 699 асыл тұқымды мал сатылған.
Шаруашылық орналасқан Қызылсу өзенінің екі жақ бетіне ірі қара мал табындарына арнайы кешен салынған. Барлығы жаңадан тұрғызылған қоражайлардың талаптарға сай келетіні, малды күтіп-бағуға, өсіруге қолайлы екендігі бірден көзге түседі. Малды бонитировкадан өткізу үшін арнайы қойылған құрал-қондырғы селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нұсқаулық талаптарына сай жүргізілетінін аңғартады. Мұнда малшыларға да, малға да қажетті жағдайдың бәрі бар.
Малды өсірумен бірге «Шалабай» шаруа қожалығының басшылығы тұрақты түрде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы саласында ғылыми семинар өткізуді дәстүрге айналдырған. Шаруашылықтың шаруасына шетелдік мамандарды шақырып, тәжірибе алмасу жағы да ұмыт қалмаған. Мәселен, алдыңғы жылдары жапон мамандары \”Шалабай\” шаруа қожалығында арнайы болып, тәжірибе алмасқан. Оның іргелі қожалығы осылайша ілгері қадам басып келеді. Ендігі алда тұрған негізгі мақсат – мал басын өткен ғасырдағы бұрынғы көрсеткішіне қайта көтеру.
– Қазақстан бойынша қазіргі таңда қазақтың ақбас сиырынан 275 мың бас қалды ғой. Соны көбейтіп, өсіру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Ендігі жоспар – Шалабай ауылында асыл тұқымды ірі қараның басын кеңес кезіндегідей 8 мыңға жеткізу, – дейді Қуаныш Сүлейменов бізбен әңгімесінде.
Жуырда ауылдастарын жұмыспен қамтып, ауылының еңсесін тіктеп отырған кәсіпкер жерлесіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасының аясында барлық 102 жеңімпаздың қатарында ел Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу мүмкіндігіне ие болған еді. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген айтулы азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленіп, сенімін арқалап қайтты.
– Шыны керек, Мемлекет басшысымен тікелей кездесуден үлкен жауапкершілік арқалап қайттым. Елбасымен жолығуға мүмкіндік ашып, мені қолдап дауыс берген барша жерлестеріме алғысым шексіз. Қолға алған шаруамды бұдан әрі алға бастырмақпын. Балаларым да жолымды қуып, жолдасым да қолдау көрсетуде. Әке-шешем жол нұсқауда. Ең бастысы, туған жерімізді дамыту – басты мақсатым, – дейді кәсіпкер Қуаныш Сүлейменов.
Дәурен Аллабергенұлы