Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікте алда келеміз

Қазіргі таңда облыста білім, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, денешынықтыру және спортты дамыту салаларында жалпы құны 177 млрд. теңгеге дайындық пен іске асыру сатысында барлығы 178 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бар. Оның ішінде 2015-2018 жылдар аралығында 25 млрд теңгенің 103 жобасына шарттар жасалған. Ең бастысы, біздің облыс республикада МЖӘ жасалған шарттар бойынша бірінші орында келеді.
Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың қатысуымен селекторлық режимде өткен облыстық мәслихаттың кезекті ХХІІІ сессиясында айтылды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Раушан Ластаева 2018 жылы жалпы құны 10 млрд. теңгеге МЖӘ тетігімен екі мектепке дейінгі балалар және 24 техникалық және кәсіби білім беру мекемесінде ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша, сонымен қатар Катонқарағай ауданында мектеп жанындағы балалар лагерін ұйымдастыру мүмкіндігімен мектеп ғимаратын қайта құру, Риддерде бөбекжай-балабақшаны сенімгерлік басқаруға беру, Зырян қаласында орталық жылу жүйесін қайта құру, Өскемен қаласында фотобейне белгілеу және бейнеталдау жүйесін құру және пайдалануға беру бойынша 32 МЖӘ шарты жасалғанын атап өтті.
Сондай-ақ биыл білім, денешынықтыру және спорт салаларында 4 млрд. теңгеге екі МЖӘ жобасы бойынша жеке әріптестерді анықтауға конкурс жарияланған. Оның бірі Катонқарағай ауданының Ақсу ауылында спорт залын салуға қатысты. Бұдан бөлек, биыл Өскемен мен Семейде екі-екіден төрт балабақшаның құрылысы аяқталады. Облыс орталығында «300 орындық көпбейінді аурухананы салу және пайдалануға беру» жобасы бойынша да конкурс қорытындысы шығарылып, концессия шарттары әлеуетті концессионермен нақтылануда.
– Құжаттаманы әзірлеу және заңнамамен белгіленген рәсімдерден өту үстінде тұрған тағы 72 жоба бар, оларды қысқа және ұзақ мерзімді келешекте іске асыру жоспарланған. Оның 63-і білім саласына тиесілі. Оның ішінде Өскемен қаласында бес балабақша салу, Курчатов қаласында 150 орындық «Тополек» балабақшасын қайта құру және іске қосу, МЖӘ бойынша 44 мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметін жүзеге асыру, Риддер қаласындағы он балабақшаны сенімгерлік басқаруға беру жобалары бар. Егер пилоттық жоба ретінде берілген Риддердегі 160 орындық «Дельфин» балабақша-бөбекжайы бойынша жоба сәтті іске асатын болса, қалған он балабақша да сенімгерлік басқаруға берілетін болады. Бұл іске жеке серіктестердің өздері бастамашылық танытып отыр, – деді Раушан Ластаева.
Басқарма басшысының айтуынша, аймақта көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да жалпы құны 95 млрд. теңге болатын төрт ірі жобаны іске асыру қарастырылған. Солардың бірі бұған дейін де көп айтылған Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салу және пайдалануға беру жобасы (30,2 млрд. теңге). Жоба Мемлекет басшысының шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі 2017 жылғы 6 ақпандағы №17-686 тапсырмасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына кіргізілген. 2018 жылдың 10 сәуірінде Азия даму банкі өкілдігінің директоры А.Капаннелимен кездесу барысында банк аталған жобаны бірлесіп іске асыруға қызығушылық танытқан, қазіргі уақытта жоба материалдары қарастырылуда.
Сондай-ақ «Өскемен-Таврия» автокөлік жолына шығатын Өскемен қаласының Виноградов көшесінің тұсында Ертіс арқылы өтетін көпір салу (62,1 млрд. теңге), Өскемен мен Семейдегі қоғамдық көліктерде электрондық билеттендіруді енгізу, Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде сыйымдылығы жылына 10 мың текше метр тұрмыстық-қатты және басқа да улы емес қалдықтар полигонын салу (69,3 млрд. теңге) алдағы уақыттың еншісіндегі шаруалар. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынып, жалғасын табатын болады.
Сессияда аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға қатысты ойын білдірген облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев МЖӘ талаптары бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдегенін айтып, өңір кәсіпкерлерін ортақ іске қорықпай кірісуге шақырды.
– Бұрын кәсіпкерден жобаны іске асыру үшін екі рет кепілдік қою талап етілген болатын. Яғни, алған несиесі үшін кепілдік қойса, оның сыртында мүліктік кепілді тағы да қоятын. Енді заңнама несие алып МЖӘ жобасын іске асыруға және өз мүлкін кепілге қоймауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Бұған біз соңғы төрт жылдың ішінде қол жеткіздік, – деді Алмасхан Сматлаев.
Дәурен Аллабергенұлы