Руханият

Мемлекеттік қызметшілер латын қарпінде диктант жазды

Мемлекеттік қызметшілер латын қарпінде диктант жазды


Өскеменде 300-ге жуық мемлекеттік қызметші алғаш рет латын қарпінде жалпыхалықтық диктант жазды. Еліміздің барлық өңірлерінде бір күнде, бір мезетте өткен республикалық шараны облыстық тілдерді дамыту басқармасының лингвистикалық орталығы ұйымдастырды.

Мемлекеттік қызметшілер латын қарпінде диктант жазды

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс әкімдігінің мәжіліс залында 24 басқарманың 90 қызметкері, ал А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өңірдің барлық департаментінің 200 мемлекеттік қызметшісі жиналып, бір мезгілде диктант жазды.

– Біз Тұңғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын жалпыхалықтық диктант өткіземіз. Бірақ латын қарпі бойынша биыл алғаш рет өткізіп тұрмыз, – дейді лингвистикалық орталық басшысының міндетін атқарушы Бақытгүл Шүкеева. – Бұл шара латын қарпі негізіндегі қазақ тілі әліпбиінің, қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің тәжірибе жүзінде меңгерілуін жан-жақты қамтып, қызметкерлердің бейімділігін тексеру мақсатында өткізіліп отыр.

Диктант басталмас бұрын қатысушыларға латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі жазылған көмекші материал, арнайы парақтар таратылды. Лингвистикалық орталықтың оқытушысы Ләйлә Әбілмәжінова концерт, полиция, тағы да басқа сөздердің жазылуында кездесуі мүмкін кейбір орфографиялық заңдылықтарды түсіндіріп өтті.

Қатысушылар 80-90 сөзден құралған, күрделілігі орташа, аудиожазба түріндегі мәтінді шамамен жарты сағаттың ішінде аяқтауы тиіс болды. Мәтін аудиоқұрылғыдан үш рет дыбысталды. Яғни диктантты жазып біткен соң, өзін-өзі тексеруге уақыт берілді.

Диктант қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтерді облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанынан арнайы құрылған жұмыс топтары шығаратын болады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button