Мемлекеттік қызметкерлер марапатталды
Облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайында мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Бүгінде сегіз мыңнан астам шығысқазақстандық мемлекеттік аппаратта қызмет істейді. Жиналғандарды кәсіби мерекелерімен Мемлекеттік қызмет істеі министрлігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов құттықтады.
-Еліміздің мемлекеттік қызмет саласы ұзақ қалыптасу кезеңінен сәтті өтіп, бүгінде кәсіби мемлекеттік аппарат құрылуда.Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық тарихы мемлекеттің дамуы мен өркендеуі білікті мемлекеттік қызметтің негізінде ғана мүмкін екенін дәлелдеп берді. Бүгінгі мемлекеттік қызметшіден халық асқан жауапкершілік пен жоғары біліктілікті, тиімді қызмет пен жоғары адамгершілік қасиеттер мен патриотизмді күтеді. Сіздер халықтың көңілінен шығады деп сенемін, – деді Тоқтамыс Жұмағұлов құттықтауында.
Одан кейін ең үздік мемлекеттік қызметшілерді марапаттау сәті де келіп жетті. Бұл жолы әдеттегі форматтан ауытқып, құрметке лайық мемлекеттік қызметшілер әр саладан, он бір номинация бойынша анықталыпты. Денсаулық саласындағы үздік мемлекеттік қызметші – облыстық тұтынушылардың құқын қорғау департаментінің өкілі Евгений Пивоваров, білім беру саласындағы үздік мемлекеттік қызметші ретінде Сайрангүл Жұмаділова, ветеринария және ауылшаруашылық саласында Күршім ауданы Теректі ауылдық округінің әкімі Серік Ақсартов, құрылыс және инфақұрылым саласында Жанар Қасенова, экономика саласында Александр Башкирев, әлеуметтік салада Алмагүл Азаматова, қаржы саласында Мұхтар Төлегенұлы, құқық саласында Асқар Досаев, құқық қорғау саласында Асылан Жексенбаев, спорт саласында Азамат Қыстаубаев, сот саласында Гүлмира Ысқақова үздік мемлекеттік қызметші деп танылды. Жеңімпаздар облыстың бас мемлекеттік қызметшісінің қолынан арнайы грамота мен гүл шоқтарын алды.
Төл мерекелері қарсаңында облыстың мемлекеттік қызметшілері өздерін спорт түрлерінен де сынап көріпті. Спорттың бес түрінен өткен спартакиаданың жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтап, марапаттады.
-«Билігі мықты елдің –тірлігі құтты» демекші, тәуелсіз Қазақстанның тарихы алтын әріптермен жазылып жатқан қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптар да күшеюде. Біздерге айтылар сын, артылатын жауапкершілік көп. Барлық қиындықтар мен өзгерістерге шыдап, халықтың сұраныстарына біліктілікпен, біліммен, тәжірибемен жауап беру оңай емес. «Елге қызмет ету тілден емес, мінезден» деген болатын Әлихан Бөкеев. Бәріміздің төл мерекміз құтты болсын, – деген Жақсылық Омар командалық есепте үздік шыққан жеңімпаздарды марапаттады.
Жүлделі бірінші орыннан мемлекеттік кіріс департаментінің спортшылары көрінсе, екінші орынды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің өкілдері жеңіп алды. Ал үшінші орынға қазынашылық департаментінің командасы лайық болды.
Салтанатты жиын «Мемлекеттік қызметтің өнер қырандары» атты мерекелік концертке ұласты. Бұл жерде де мемлекеттік аппараттың өкілдері жаңа қырларынан көрініп, жиналғандарды өнерлерімен тәнті етті.
Айна Ескенқызы