Қоғам

Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Мен бала кезімнен Алтай тауының етегіндегі Марқакөл мекеніндегі арқыраған өзенді Қалжыр ауылында туып-өстім. Ауылым жайлы бірден тілге тиек еткен себебім –алты ай арқыраған қыста, алты ай жарқыраған жазда «Қазақтың інжу-маржаны» аталған туған жеріме қонақтардың көп келетіндігі және олардың арасында мемлекеттік қызметкерлердің де мол балатындығы. Сол кезден-ақ менің балалық арман-қиялымда сол қызметкерлердің сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, киген киімдері, тұтынатын заттары, адаммен қарым-қатынасы–барлығы қызықтыратын, солардай болу тілегі бірінші орында тұратын десем, артық айтқаным емес. Әулетіміз – қазақ айтқандай: «би болған жоқ, бірақ би түсетін үй» болғандықтан, олар біздің үйімізде қонақ болғанда да айтқан әңгімелерін еліте тыңдайтынмын. Осы арман-тілек, үміт мені кейін мемлекеттік қызметке деген ынтамды арттыра түсті.

Мемлекеттік қызмет дегеніміз не сонда? Меніңше, бұл сұраққа бірден жауап беру мүмкін емес, ол– жаһандық шапшаңдықпен дамып келе жатқан өркениетке ілесу, халық алдындағы жауапкершілік, отбасың алдында өзіңнің бар екендігіңді жанкешті еңбегіңмен дәлелдеу, ұрпақ алдындағы ізгілікті Ана ретінде сезіну, ең бастысы-Отаныңа адал болу. Ол–сонымен бірге, мазасыз күндер мен намысыңды қамшылаған ұйқысыз түндер. Ол–салауатты өмір салтына өзіңді де, өзгені де бейімдеу.

Осындай Адамзат алдындағы өзімнің перзенттік паразымды сезінген Мен 2005 жылы «Шығыс Қазақстан облысының сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаменті» ММ-не жетекші маман болып, 2010 жылы аталған басқармаға бас маман болып, 2012 жылдан бері осы басқарманың әкімшілік бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келе жатырмын.

Яғни, Мен– мемлекеттік қызметте жоғарылау сатысы бойынша жетістіктегі Жанмын. Бұл, әрине, айтуға ғана оңай. Себебі, 3 баланың анасы бола жүріп мемлекеттік қызметті абыройлы атқару –Өзімнің осынау 12 жыл бойғы жемісім деп ойлаймын. Мен жастық жігер-күшімді осы қызметтің беделі үшін мақсатты түрде жұмсап жүрмін деген ойға бекіндім. Бұл – мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидасының бір көрінісі және ол біздің Басқармада тұрақты жүзеге асырылып отырады.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2017 жылғы қаңтардағы жолдауында: «Біз тәуелсіз Қазақстанның жылдық даму жолынан өттік. Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің ең басты күшіміз – бірлікте.Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!» айтылғандай, Мен де жекелей қызметтік өркендеуімде осындай мол тәжірибе жинап, қандай қиындықтар кездессе де, еңсеріп, жаңа кезеңге қадам басып отырмын.
Елбасымыз бағыт-бағдар берген «100 нақты қадамда» айқындалғандай «3+3 формуласы» бойынша мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін сынақ мерзімі міндетті түрде үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті межелік бақылау өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі- осындай жауапты жұмысқа жас кадрлардың келуіне аса жоғары талаптың қойылуы-жахандық даму үрдісінде де бар жайт. «8-қадамды» талдай келе, мен Елбасымыздың біздей мамандарға жасап отырған қамқорлығына тәнті болдым: ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру, әрине, олардың қызметіндегі жауапкершілікті сезіндіреді деп бағалаймын. «Өз үйі-өлең төсегі» екендігін сезінуді мемлекеттік қызметкер өзінің қажыр-қайратымен, адал еткен еңбегімен игеруі қажет деп санаймын.
Сонымен бірге, Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бірінші бағытына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметі елді дамыту және мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қолжеткізу ісінде ерекше маңызға ие.

Мемлекеттік қызметші күнін мерекелеудің басты міндеті – қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, сондай-ақ азаматтардың өз елі үшін мақтаныш сезімін және Отанға қызмет етуге қашанда дайын болу сезімін одан әрі нығайта түсу. Мемлекеттік қызметші күнін мерекелегенде бұл күннің артықшылығын басқаларға жапондық үлгімен сәйкестендіре өткізсек деп ойлаймын, яғни, бұл күнде әркім халықпен сұхбаттасып, олармен бірге серуенге шығып, «жанжүрекке ену» дәстүрін немесе қазағым айтқандай «ет-бауыр араласуды» жандандырса.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 8-тарауының 49-бабында мемлекеттік қызметшілердің заңдылық қағидатын басшылыққа алуға, мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге, мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға, жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға, қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға міндетті екендігі көрсетілген.

Алғаш қызметке келген күннен бастап Мен осы міндеттерді тұмардай сақтауға барымды салудамын, бұл– өте күрделі және жауапты, сонымен бірге абыроймен атқаруға жетелейтін міндет.
Өзіммен бірге мекемеде қызмет етіп жүрген Әріптестеріме қарай жүріп Олардың да осынау мүддеден шығып жүргеніне күнделікті көзім жетуде. Олардың әр қадамы, әр ісі, әр нәтижесі мен әр сүрініп кетіп, оны қайта дер кезінде түзей қоюы да Біздің Ел алдындағы абыройымызды арттыратыны сөзсіз. Біздің мекемедегі Әріптестерден үнемі осы міндеттерді қалтқысыз атқаруға, Халық алдында Елбасымыз іргесін қалаған тәуелсіз Отанымыздың мемлекеттілігін нығайта түсуге деген құлшыныстарын байқаймын.

Қызметкер ретінде де, Ана ретінде де өзімді қоршаған ортама Еліміздің дамуында Біздерге жүктелген міндет пен Біздер атқарған істер жайлы баяндаудан еш жалыққан емеспін.
Елбасымыз мемлекеттік қызметшіде болуға тиісті негізгі қасиеттерді «моралдық жоғары жауапкершілік, кәсіптік білім, білімін тәжірибеде қолдана білу, адалдық, ақ ниеттілік, белсенді өміршеңді ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының барлық маңыздылығын сезіне білуі және өз елінің патриоты»,–депатап көрсетеді.

Менің Әріптестерім де қызмет барысында әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өздерін ұстай біледі, ұжым басшымыз да мемлекеттік қызметке адал болуды, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді, яғни өз қызмет бабын бас пайдасына асырмауды қызметкерлерінен талап етеді және үнемі қадағалап отырады. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Абай атамыздың «өзіңе сен, өзіңді алып шығар» дегені де осы емес пе?!
Мына жайтты да есте сақтағанымыз жөн сияқты: қазақтың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәтелі тура осы менің Әріптестеріме бағытталғандай әсер етеді маған, ең алдымен мінсіз қызмет, әділ шешімді, адамгершілік қасиеттер барлық қызметшінің бойында болуы керек. Сонда ғана біздің ой-санамызда жекелей мүддеміз емес– Елдің, Жердің мүддесі тұрады. Бұл–менің Әріптестеріме жүктелген парыз!

Күнделікті жұмысқа келе жатқанымды Мен көлік ішінде мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген Сенім екендігін түйсінемін. Мекеменің алғашқы сатысын басып, жоғары көтеріліп келе жатқанда арнайы теориялық біліммен қаруланған, басқару жүйесі мен жұмыс жасауда мол тәжірибесі қалыптасқан мамандармен алғашқы сәлемдесуден-ақ Халыққа қалтқысыз қызмет ететін жандардың моральдық бейнесін жоғары қоятындығымды бағамдаймын.

Бауыржан Момышұлы атамның «Тәртіпке бағынған құл болмайды!» деген қанатты сөзі мені әрдайым биікке жетелейді.
Иә, мемлекеттік қызмет–Ұлтқа қызмет ету, Мемлекетке адал болу!

Егемен еліміздің, Мәңгілік Еліміздің Ұлы Далада іргетасы бекем болуының бір кілті– Бізде, яғни, Мемлекеттік қызметте!
…Алтай өлкесі – түркі дүниесінің алтын діңгегі. Осынау әлемге әйгілі тарихи мекенде дүниеге келген Мен бабалар аманат еткен қарашаңырақ– Қазақстан атты жаухар мекенде мемлекеттік қызметте жүргенімді әрқашан мақтан етемін. Елбасымыз айтқандай: «Мемлекеттің ар-абыройын асқақтату–әр мемлекеттік қызметкердің заманауи парызы»!
«Қазақстан» атты Атамекенімді гүлдендіру–Перзенттік Парызым!

Назым Мерекенова,
облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы әкімшілік бөлімінің басшысы

Осы айдарда

Back to top button