Қоғам

Мемлекеттік қызмет автоматты түрде ұсынылады

Мемлекеттік қызмет автоматты түрде ұсынылады


Жыл соңында Өскеменде де кезекті цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Алғашында Астана мен Алматыда ғана қызмет көрсеткен цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы қазір еліміздің он бір қаласында жұмыс істейді.

Өскемендегі цифрлық қызметтер орталығы Белинский көшесі, 37а мекенжайы бойынша №3 халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында орналасқан.
Онда мемлекеттік қызметтер толықтай автоматты түрде ұсынылады. Бұл процеске операторлар қатыспайды, тек мамандар қызмет түрлерін алу бойынша кеңес береді. Келушілер мемлекеттік қызметті «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алып, видеоқоңырауға арналған бөлмеде мемлекеттік органдардың басшыларына өз сауалдарын жолдай алады.

Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы – мемлекеттік қызметтерді цифрлық технологиялар көмегімен алуға мүмкіндік беретін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының республика бойынша ашып жатқан жаңа үлгідегі фронт-кеңсесі. Орталық жұмысы толық автоматтандырылған. Азаматтар өз бетінше операторлардың көмегінсіз қажетті қызметтерді алып, цифрлық сауатын арттыра алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалы директорының міндетін атқарушысы Азамат Есембуловтың айтуынша, желтоқсанда еліміз бойынша жеті Цифрлық орталық ашылған.

– Мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасы болып есептелетін цифрлық орталықта азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орындары, «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы керекті анықтамаларды ала алады. Бұл – операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа форматы. Әлбетте, тұрғындардың барлығы да қажетті құжаттарды алудың амал-тәсілдерін біле бермейді. Осы ретте біздің мұндағы мамандар көмекке келеді, көрсетіп, үйретеді. Бір рет қалай құжат алуды көрген азамат келесі жолы өз бетімен-ақ жұмысын тындырады, – деді Азамат Есембулов.

Сондай-ақ мұнда халықтың цифрлық сауатын ашу мақсатында тегін оқу сыныбы ашылды. Оқу аптаның әр күнінде бекітілген тақырыптар бойынша сағат 9 бен 20 аралығында жүреді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған оқу сыныбында фронт-офис мамандары азаматтарға www.egov.kz электрондық үкімет порталын пайдалануды түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге өз бетінше қол жеткізуді үйретеді. Бір сағаттық курсқа кез келген адам қатыса алады.

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы алдымен барлық мемлекеттік органдардың, мектептер мен ауруханалардың басшыларын осы кеңседе оқыту керектігін ұсынды. Олар әрмен қарай өз білгендерін қарамағындағы қызметкерлерге, ұжымға үйретеді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button