Қоғам

Мемлекеттік мекемелер жұмысы жариялы болуы тиіс

Мемлекеттік мекемелер жұмысы жариялы болуы тиіс


Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалымен ақпараттық саясат жөніндегі облыстық кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Кеңес мүшелері, өңірдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық басқармалар мен мекемелердің өкілдері, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары ақпараттық саясат мәселесіндегі өзекті мәселелерді, атқарылған шаруаларды, алда тұрған ауқымды міндеттерді ортаға салды.

Облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев баспасөз бен билік органдарының өзара байланысы қашанда жоғары маңызға ие болып келгендігін, сондықтан қазіргі уақытта бұл мәселенің күн тәртібіне қойылып отырғаны өзекті екендігін атады. Бұл ретте облыста оң тәжірибе қалыптасқан. Елімізде алғашқы болып облыстық ақпараттық орталық – аймақтық коммуникациялар қызметі құрылды. Онда қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары, департамент директорлары брифинг өткізіп тұрады. Онда айтылған ақпараттардан қажетті материалдар ала отырып, тілшілер алдағы жоспарларын да анықтап алады. Тосын оқиғалар, жағымды жаңалықтар да осы жерде айтылып, журналистердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік ашылып отыр.
Облыстық «Дидар» газетінің тәжірибесімен бөліскен бас редактор өкінішке қарай, газет қанша мүдделі болса да, аудандар дер кезінде тиісті ақпаратпен қамтамасыз ете алмай жататынын атады.

– «Дидарда» «Сіз сұраған едіңіз…», «Сұрақ-жауап», «Тікелей байланыс» айдарларымен арнайы беттер беріледі. Оқырмандар өздерін толғандырған білім, денсаулық, зейнетақы, жәрдемақы төлеу, жұмыспен қамту, Еңбек кодексіне қатысты мәселелерін шешіп алуға тырысады. Сондықтан газет осы салаларға қатысты басқармалармен тығыз жұмыс істейді. Алайда – оқырман сауалына жауап бергенде кей мекемелер тек заңның баптарын көшіріп берумен ғана шектеледі. Бір апта бұрын хабарландыру берілсе де, «Тікелей байланысқа» келмей қоятын, маманын ғана жібере салатын басқарма басшылары бар, – деген «Дидар» газетінің бас редакторы облыста қаншама индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асып жатса да, тиісті басқарма газеттерге қажетті ақпарат ұйымдастырып бермейтінін атап көрсетті.

Электронды БАҚ жұмысы бойынша сөз алған республикалық «Астана» телеканалының аймақтағы меншікті тілшісі Ирина Якунина да алдыңғы әріптесінің айтқандарын қостады. Облыстық ішкі саясат басқармасымен тиімді байланыстың, ақпараттық орталықтың жұмысының арқасында Шығыс Қазақстан өзге өңірлерге қарағанда республикаға жаңалықты алдымен тарататындығын жеткізді. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы, көптеген облыстық, қалалық мекемелердің өздері де, сайттары да журналистер үшін жабық күйінде қалып отыр. Сайттағы материалдары жаңаланбайды, әбден ескірген. Олардың қатарында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармалары, қалалық ішкі істер басқармасы бар. Оның сөзінше, олардан болған жайтқа түсіндірме алу өте қиын немесе созып жүріп алады. Сол арқылы ақпарат маңыздылығын жоғалтады. Ал керісінше, облыстың прокуратура органдары төртінші билік өкілдеріне барынша ашықтық танытып келеді, олар ұйымдастырған баспасөз мәслихаттарынан бірде-бір тілші қалыс қалған емес.

«Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Аида Жабағиева журналистер мен жергілікті билік өкілдері жиі бас қосып отырса, көптеген өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға болатындығын атады. Көптеген басқармалар мен бөлімдердің жетекшілері сұратылған түсіндірмелерге «жазбаша хабарласыңыз, үш күн ішінде жауап береміз» деп созбалаққа салуы телеарна жұмысына айтарлықтай зиянын тигізіп келеді. Бұдан басқа мемлекеттік органдарда бірінші кезекте республикалық телеарналар сұранысын қанағаттандыру, облыстық, қалалық БАҚ-ды кейінге ысырып тастау, тіпті, елемеу, жауап бермеу секілді жағдайлар болатынын да жасырмады Аида Жабағиева.

Аймақтық коммуникациялар қызметінің жетекшісі Досжан Омар жиналғандарды орталықтың жұмысымен таныстырды.
Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл жиында БАҚ жетекшілерімен біршама мәселелердің қаузалғанын айтып, бұл жердегі ең басты мәселе – уақытында, сапалы әрі нақты ақпарат беру екендігін атады. Ақпаратты сол саладан хабары мол, білетін маманның беруі керектігін, ақпарат бере білуге үйрену қажеттілігін жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button