Қоғам

Мемлекеттік қызмет көрсету әлі де жеңілдейді

 «Біз цифрландыруды не үшін енгізіп жатырмыз? Цифрландыру – бұл сәнді ойыншық емес. Ол іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Ақпараттық технологиялар бола тұра, мемлекеттік органдар әлі де макулатурамен алмасуда». Жуырда мемлекеттік аппаратты бюрократиясыздандыру туралы Жарлыққа қол қойған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай сын айтқан болатын. Осыған орай біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жобалар, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, электронды үкімет порталының жұмысындағы жаңашылдықтар туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Ержан Тілеужановтан сұрап білген едік.

 – Ержан Хамитұлы, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының облыстық филиалы биыл алға қандай мақсаттар қойып, қай салаларға басымдық беріп отыр?

– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сай биыл мемлекеттік қызметтерді барынша онлайн форматқа көшіру, пилоттық жобаларды іске асыру көзделген. Жалпы, бұлар – бірнеше жылдан бері тізбектеле атқарылып келе жатқан жұмыстар. Яғни осы жылы да қызметтерді оңтайландыру, онлайнға ауыстыру қарқынды жалғасады.

Айталық, қазір мемлекеттік бажды QR көмегімен төлеушілер көбейді. Былтыр корпорация Kaspi-мен және Halyq Bank-пен бірлесіп, ХҚО-ларда мемлекеттік бажды QR көмегімен төлеу сервисін енгізген. Содан бері біз оң өзгерісті байқап отырмыз – клиенттер уақытын үнемдеп, оператор алдында отырып-ақ қызмет ақысын төлеп жүр. Кассалардың жүктемесі азайды. Сондай-ақ QR-код арқылы төлем жасағанда комиссия алынбайды. Осының бәрі бізге таяуда ХҚО-дағы кассаларды үштен бірге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір QR-кодтың көмегімен 146 түрлі мемлекеттік қызметтің ақысын төлеуге болады. Келешекте бұл тізім толығады.

Тағы бір жаңалық – көпбалалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақыны проактивті форматта алу. Бұл жоба өткен жылдың мамырында пилоттық ретінде енгізілген. Әйелдерге төртінші не одан да кейінгі баланы туған кезде тағайындалатын көпбалалы отбасылар жәрдемақысын алу үшін ХҚО-ға жүгіну міндет емес, мемлекеттің өзі бәрін қашықтан СМС арқылы рәсімдеуді ұсынады. Бұрын аталған жәрдемақыны рәсімдеу үшін ХҚО-ға барып, өтініш жазып, жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері, неке қию куәлігі сияқты құжаттарды ұсыну қажет еді, ал жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалатын. Отбасында төртінші не одан кейінгі бала туылғанда проактивті түрде баланың туу туралы куәлігін, бала туу мен оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыларды ғана емес, көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақыны рәсімдеуді ұсынатын СМС те жіберіледі. Мұнда клиенттің СМС-ке келісімі ғана керек. Қажет мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. ХҚО-ға барудың қажеті жоқ. 1414 нөмірінен қызметтерді проактивті түрде рәсімдеуді ұсынатын СМС алу үшін телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Егер әйел қандай да бір себептермен СМС арқылы қызмет ала алмаса, ол бұрынғыдай ХҚО-ға жүгіне алады.

– Пандемияға дейін де мемлекеттік қызметті электронды түрде алуға баса назар аударылған еді. Ал карантин кезінде онлайн алынатын қызметтер саны күрт көбейді. Бұл корпорация жұмысын қиындатқан жоқ па? Мәселелер қалай шешілді?

– Әрине, пандемия бәрін өзгертті. Бір қызығы, ісімізді ілгерілетуге көмектесті деп те айтуға болады. Айталық, қызметтерді онлайн алушылар саны көбейіп, халықтың цифрлық сауаттылығы артты.

Есіңізде ме, бұрын бір анықтаманы алу үшін бума-бума құжат жинап, бірталай мекеменің табалдырығын тоздырушы едік. Ұзын сонар кезекке тұрып, кешке дейін шаруаның соңында жүретін кездерді ұмытпаған шығарсыз. Осы мәселені шешу үшін корпорация мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру және цифрландыру жолында жұмыс істеп, озық технологияларды енгізіп, қызметтерді алу кезіндегі кедергілерді азайтуда. Клиенттерге ыңғайлы, тиімді жағдай жасап келеді.

Бүгінде корпорацияның қызмет көрсету аясы айтарлықтай кеңейді. Көптеген қызмет электронды форматта қолжетімді. Карантин кезінде адамдар қызметтерді онлайн алуды өздігінен үйренді. Нәтижесінде ХҚО-ларда жүктеме азайды. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру – фронт-кеңсе қызметкерлеріне жүктелген міндет. Сондай-ақ электронды қызметтерді қаладағы ХҚО-ларда орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында алуға болады.

– Қазір халыққа қызмет көрсету орталықтары жалпы тізімдегі мемлекеттік қызметтің қанша түрін көрсетуде?

– Бәрін деуге де болады. Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай провайдеріне айналған корпорация реестрдегі 694 қызметтің 665-ін, яғни 95,8 пайызын көрсетеді. Ал электронды үкімет порталында барлық мемлекеттік қызметтің 93,4 пайызын азаматтар үйінде не жұмысында отырып-ақ ала алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болса жеткілікті. Қазір қолтаңбаны да қашықтан eGov.kz порталында алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ кей қызметтерді ЭЦҚ-сыз, бірреттік құпиясөздің көмегімен алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Электронды қызметтерді азаматтар өздігінен eGov.kz порталы, eGov mobile қосымшасы, @kenes1414bot телеграм-боты арқылы да ала алады.

– Қазір жұрттың көбі жаппай 10 сотық телім алу кезегіне тұрып жатыр. Осы қызмет туралы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз. Өйткені жер алып, жеке үй салғысы келетін адамдар аз емес.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізімін әзірлеуді міндеттеген болатын. Міне, Мемлекет басшысының осы бір маңызды тапсырмасынан кейін ауқымды жұмыс атқарылды.

Цифрлық даму министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жер алуға кезекке қою процесін автоматтандырды, ал әкімдіктер бұдан бұрын кезекте тұрғандар туралы ақпаратты ұсынды. Осының арқасында енді аталған қызмет электрондық үкімет порталында қолжетімді. Бұған дейін үй салуға учаске алу кезегіне тұру үшін азаматтар әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын, онда кезек реті дұрыс жүргізілмейтін, кезекке тұру процесі 12 күнді алатын. Бұл өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталды. Жаңа жүйенің арқасында қазақстандықтар кезекке тұрып, eGov.kz-те оның жылжу барысын өз бетінше бақылап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өтініштің деректерін көре алады. Осылайша, әр азамат алуы тиіс 10 сотық жерді беру процесі барынша ашық болып отыр. Ал автоматизация көмегімен бұл процеске 5 минут қана жұмсалады.

Цифрлық даму министрлігі әкімдіктер берген тізімді цифрландырып, электронды форматқа ауыстырды. Жер теліміне кезекті цифрландыру – жемқорлықты жою, жерді игеру бағытында жасалған батыл қадам. Енді кәмелетке толған әр қазақстандық үйден шықпай-ақ 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтінім бере алады. Тағы бір жаңашылдық – енді таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтінім беруге болады.

Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінен «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдау қажет. Әрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар – кезекке қою, деректерді өзектендіру, кезектен шығару. Егер сіз жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш беріп тұрсаңыз, өзіңіз жер алуды қалайтын аймақты таңдайсыз. Егер сіз бұдан бұрын жер кезегіне тұрған болсаңыз, бірақ ол туралы ақпарат таппасаңыз, «Өзектендіру» өтініш түрін таңдауыңыз қажет. Кезек алғаныңызды растау үшін қолыңызда бар құжатты, яғни талонның скан-нұсқасын, өтініштің, жеке куәліктің көшірмелерін жүктеу қажет.

Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады. Бұдан бұрын алған жер кезегінен бас тарту үшін «Шығару» өтініш түрін таңдау қажет. Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елді мекенде бос телім болмаса, өтініш бере алмайды. Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді әкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елді мекеннің бас жоспарына сай бос аумақтар болған жағдайда беріледі.

Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана беріледі, қалған өтініштердің күші жойылады. Бұрын қазақстандықтар ЖТҚ үшін жер учаскесін алу кезегіне тұру үшін әкімдікке жүгінетін. Олар тек өз аймағының жерлерін таңдай алатын. Кезекте тұрғандардың тізімі де тек әкімдіктерде сақталатын. Жер кодексінің 50-бабына сай әр азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жерді тегін алуға құқылы.

– Соңғы кездері қандай жаңа қызметтер пайда болды? Олардың тиімділігі туралы түсіндіріп берсеңіз.

– Ақырғы екі жылда корпорация бірқатар инновациялық жобаны іске асырды. Кей қызметтерді алу процесі жеңілдеді. Мысалы, жер қатынастарына байланысты қызметтер мен жылжымайтын мүліктің техникалық құжатын алу онлайн форматқа ауысты, әлеуметтік қызметтерді СМС арқылы проактивті алу мүмкіндігі пайда болды. Дайын құжаттарды есікке дейін жеткізу сервисі іске қосылды, QR-код арқылы мемлекеттік қызметтердің баж алымын телефондағы банк қосымшасынан төлеу мүмкіндігі жасалды. Сондай-ақ Kaspi мен Halyq Bank қосымшалары арқылы көлікті қайта рәсімдеп қана қоймай, әлеуметтік жәрдемақының бірнеше түрін алуға өтініш беру қарастырылды.

Ал басты жаңалық – дайын құжатты үйге жеткізу. Енді өскемендіктер мен семейліктерге дайын құжатты алу үшін ХҚО-ға барудың қажеті жоқ, курьер үй болсын, кеңсе болсын, белгіленген жерге жеткізіп береді.

Қос қаланың тұрғындары жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу бойынша құжаттарға, жер учаскелеріне актілерге, апостильденген білім туралы құжаттарға, мұрағаттық анықтамаларға, әскери билеттердің телнұсқаларына, басқа да дайын құжаттарға, барлығы екі жүзге жуық мемлекеттік қызмет түрі бойынша тапсырыс бере алады.

Құжат дайын болғанда клиент жеткізу сервисін пайдалану ұсынысы бар СМС алады. Келіскен жағдайда клиент жеке сілтеме бойынша өтіп, жеткізу мекенжайын толтырады. Одан әрі клиент қала шегінде жеткізу құнын төлеуі қажет, ол – 970 теңге. Курьер поштаны тапсырыс берілген сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде жеткізеді. ХҚО-ға келуге уақыты жоқ клиенттер үшін ыңғайлы.

Тағы бір жаңашылдық – мамандандырылған ХҚО-да жүргізуші куәлігін алудың жаңа биометрия жүйесі. Ол – жемқорлықпен күрестің құралы. Ақпаннан бастап қаладағы автоХҚО-да жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру кезінде биометрия жүйесі қолданылады. Бұл бөгде адамдардың емтихан тапсыруын болдырмайды.

– Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

 Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button