Қоғам

Мемлекеттік қызмет – байлықтың кілті емес

Қазір елімізде мемлекеттік қызметшілерге талап күшейді, жауапкершілік артты. Олардың әрбір қадамын қоғам қалт жібермей қадағалап отыр. БАҚ өкілдерінің де назары мемлекеттік қызметшілерде. Кейбір шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа шатылып, істі болуы оларға деген қоғамның сынын үдетті. Десе де өз жұмысын адал атқарып, мемлекеттік қызметтің беделіне дақ түсірмей еңбек етіп жүргендер көп және олар да өзіміз сияқты қарапайым жандар. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаевпен болған әңгіме барысында біз салаға қатысты біраз жайтқа қанық болдық.

Жемқорлық формуласы туралы

Нұрлан Еркебаев:

– Мемлекеттік қызметке келген әр адам Конституцияға қолын қойып, Отаныма адал қызмет етемін деп ант қабылдайды. Бірақ уақыт өте келе кейбір шенеуніктер сол берген антынан тайып, теріс жолға түсіп, жеке басының қамын күйттеп кетеді. Неге? Менің ойымша ниеттің түзу болмауынан деп айтар едім. Сыбайлас жемқорлықтың формуласын ойлап тапқан америкалық Роберт Клитгаард деген ғалым монополия, әрекет ету еркіндігі бар кезде және бақылау болмағанда жемқорлық пайда болады деген формула шығарған. Ал бүгінгі таңда бізде мемлекеттік органдардың барлығы монополист, мемлекеттік қызметші шешімді өзі қабылдап, саралайды. Демек  әрекет ету еркіндігі бар. Енді қызметші жауапкершілік танытып, жұмысын адал атқарса жемқорлықпен былғанбайды. Ал ар-ожданнан аттап, мол қаржыға қызығып, мемлекеттің мүлкіне қол салса, онда оның баратын жері – абақты. Қазір байқасаңыз, құзырлы орындар жемқорлықтың алдын алуда және онымен күресуде нәтижелі жұмыс істеп, қылмыстық әрекеттерді әшкерелеп жатыр. Сондықтан қазір біз адамның қызмет бабындағы функциясынан бөлек, бойындағы құзыреттілікке де жіті назар аударамыз.

Шенеуніктер елімен етене ме?

Жасыратыны жоқ, ел ішінде «лауазымды шенеуніктер қарапайым халықтың жағдайын қайдан білсін, өздері ештеңеге мұқтаж емес» деген пікір бар. Қоғамда ондай пікірдің қалыптасуына сол шенеуніктердің аузынан шыққан сөздері әсер еткендей. Бір ғана мысал, баяғыда Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбек журналистермен өткен сұхбаттарының бірінде «Алматыда түскі астың бағасы 500 теңге» деп айтып, дүйім жұрттың алдында мазаққа қалған. Яғни, қаланың басшысы дәмхана, мейрамханаларды айтпағанда қарапайым асханада 500 теңгеге түскі ас сатып алып ішу мүмкін емес екенін білмейді. Қарапайым халықтың жағдайынан, тұрмыс-тіршілігінен мүлдем бейхабар екенін көрсетті…

Нұрлан Еркебаев:

– Мемлекеттік қызметте жүргендердің барлығы елдің жағдайынан бейхабар деп айта алмаймын. Олардың көбі қарапайым халықпен бірге күн кешіп, өмір сүріп жатыр. Әрқайсының басында бірнеше несиесі бар, бір жалақымен күн көріп отырған жандар. Ауылдан шыққан, ел ішінде жүрген, нақты жағдайды білетін азаматтар. Иә, ішінара шалғайдағы ағайындардың мәселесін білмейтін, қалада өскендері де бар шығар. Бірақ бәрі бірдей халықтың тұрмысынан бейхабар деп айта алмаймын. Ал енді көпшілік алдында сөйлегенде, ақпарат бергенде аузымыздан шыққан әр сөзге мұқият болу керек. Жауапты тұлғаның айтқан сөзінің салмағы бар, ол қатардағы бір адам емес ғой өйткені. Жалпы, мемлекеттік қызметте елдің жағдайын жақсартсам, халыққа адал қызмет атқарсам деген ниеттегі адамдар қызмет етуі керек. Мемлекеттік қызметті қара басының қамы үшін пайдаланатындарға мұнда орын жоқ.

Шәкәрім сөзін шамшырақ етсе

Нұрлан Еркебаев:

– Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге үлкен жауапкершілік артылып отыр, олардың әрбір басқан қадамы қоғам назарынан тыс қалмауда. Блогер, журналистер, тіпті қарапайым тұрғындар да шенеуніктердің әрекетін мұқият қадағалап, шалыс кетсе сын садағына алады.

Осы ретте өткен заманда ғұмыр кешкен ислам әлемінің әміршісі хазреті Омардың (р.а) өмірінен бір мысал келтіре кетейін.

Хазреті Омар (р.а.) халифа болып тұрған кезде түн ортасында мемлекеттік іспен шұғылданып отырады. Сол кезде оның үйіне жеке шаруасын айтып бір адам келеді. Омар (р.а.) шапшаң орнынан тұрып, жанып тұрған майшамды сөндіреді де басқасын жағады. Ештеңе түсінбеген әлгі адам: «Екеуі де майшам ғой. Біреуін сөндіріп, екіншісін жаққаныңыз не?» деп сұрайды. Сонда халифа Омар: «Сөндірген майшам – мемлекеттікі. Сенімен жеке шаруа жайында әңгімелесу үшін мемлекеттікін қолдануға хақым жоқ. Сондықтан оны сөндірдім де, өз ақшама алған майшамды жақтым» деп жауап береді.

Бұл ғибратты оқиға көпке үлгі болуы керек. Мемлекеттік қызметші қызмет көлігін жеке басына қолданбауы керек, қолындағы билігін де өз мүддесіне пайдаланбауға тиіс.

Жалпы қызметте жүрген жандар Шәкәрім Құдайбердіұлының «Біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше!» деген өлең жолдарын өмірлік қағидасы ретінде ұстану керек деп ойлаймын. Әрқашан өзінің бойындағы жағымсыз қасиеттермен күресіп, өзін-өзі тәрбиелеп отырса жемқорлықтан, мемлекеттің мүлкін талан-таражға салудан аулақ болады. Мемлекеттік қызметке келгеннен кейін, осы саланы таңдағаннан кейін ел сенімін ақтау керек. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деп айтқанына аса мән берсе деймін.

Тамыр-таныстық бар ма?

Ел ішінде Президенттік жастар кадрлық резервіне шенеуніктер мен бай-бағланның балалары, жақындары өтеді деген жаңсақ түсінік бар екені жасырын емес. Осы орайда департамент басшысы кадрлық резервке іріктеу қалай өтетіндігі жөнінде айтып берді.

Нұрлан Еркебаев:

– 2023 жылы Президенттік жастар  кадр резервіне іріктеу болған кезде осы үдерістің қалай өтетіндігіне куә болдым. Бірден айтайын, «анау  пәленшенің баласы немесе жақыны екен, өткізіп жіберейік» деген әңгіме естімедім. Тәуелсіз сарапшылар үміткерлерді аты-жөнін білмей тек сәйкестендіру нөмірі арқылы қабылдап, бағалап отырды. Шын мәнінде, олардың болмысынан білімі жоғары, қарым-қабілеті бар екені көрініп тұрды. Әр үміткерге тест, психологиялық сұрақтар емес, нақты бір проблема беріледі. Үміткерлер сол проблеманы шешу жолын, амалын қарастырады. Тапсырмаларды аспаннан ала салмайды, нақты өмірде кездесетін жағдайларға байланысты кейстер. Осы тапсырмалар арқылы олардың сараптау, ұйымдастыру қабілетін саралайды. Бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілмейді.

Олар да ет пен сүйектен жаралған

Нұрлан Еркебаев:

– Біздің қатарымызда қызмет əдебіне жетік, саяси тұрғыда сауатты, адамгершілік ұстанымы зор, мәдениетті, білімді қызметшілер жетерлік. Бірақ кейде олар қоғам өкілдерінен, төртінші биліктің – журналистерден жиі сөз естіп жататыны жасырын емес. Мемлекет мүддесі үшін аптасына жеті күн таңның атысы, кештің батысы жұмыс істеп, өз отбасына көңіл бөле алмай қалады. Бірақ біз бұл жайтты үйреншікті жағдай деп қарамауымыз керек. Олардың да еңбек заңнамасына сәйкес демалуына мүмкіндік қарастыру керек. Жұмыс уақытынан артық еңбек етсе, бұйрық бойынша жалақысының үстіне қосымша ақы төлеу немесе орнына демалыс беру қажет. «Әділетті Қазақстан» десек, барлығына бірдей жұмыс жағдайын қарастыру шарт.

Біздің агенттікке мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытын бақылайтын құзырет берілді. Мониторинг жүргізген кезде кешкі 19.00-ден кейін жұмыс істеп отырған қызметкер анықталса, онда біз сол мемлекеттік органның басшысына өтемақы төлеуін немесе демалыс беруін қарастырыңыз деп ұсыныс енгіземіз. Өйткені ол мемлекеттік қызметшінің отбасы, жақындары барын ұмытпауымыз керек. Оның да құқығы қорғалуы керек. Мемлекеттік қызметші де ет пен сүйектен жаралған адам. Оның да демалуға, отбасымен бірге болуға құқығы бар.

Жалпы, сөз соңында айтарым, мемлекеттік қызмет Президентіміз айтқандай, туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалап, адал еңбек етсе абыройлы міндет болмақ. Ал енді жеке басының қамы үшін еңбек етсе, елді емес өзінің қарақан басын ойласа, тамыр-таныстарының жағдайын жасауға әрекет етсе, онда бұл – абыройсыз қызмет.

 

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ 

Осы айдарда

Back to top button