Қоғам

Мемлекеттік қызметте қандай өзгерістер енгізілді?

Айна Ескенқызы 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Токаев  20 наурызда «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгерістерге қол қойғаны белгілі. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде 2022 жылдан бастап агенттіктің қатысуымен әзірленген Мемлекеттік қызмет мәселелерін реттейтін заңдардағы өзгерістерге қысқаша түсініктеме берді.

 Президенттің «сенімін жоғалтуына» байланысты жұмыстан босату

Мәселен, агенттік мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізді. Жаңашылдықтардың бірі – сенім жоғалуына байланысты өз өкілеттіктерін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні қызметтен босату институты енгізіледі.

-Заңға сәйкес, саяси қызметшi  саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты қызметшi болып табылады. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен.  Бірақ бұл Президент тағайындаған мемлекеттік қызметшілерге ғана қатысты болады. Мұндай босату туралы шешімді тек Мемлекет басшысы ғана қабылдайды, – деп түсіндірді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қайрат Сапарғалиев.

Осы себепті жұмыстан босатылған қызметкер үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке орала алмайды.

Заң жобасында сонымен қатар басқа аймаққа ауысатын жұмысшыларға ротациялық төлем төлеу енгізілді. Қолданыстағы Заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс.

-Алайда, қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Сол себепті  көптеген қызметшілер ротациядан бас тартып жатады. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып отыр. Ротациялық төлемді енгізу үшін  Республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға  қажетті қаржы  (305 миллион теңге) бөлу мәселесін мақұлдағанын айта кету керек, – деп жалғастырды департамент басшысының орынбасары. Құжаттағы тағы бір өзгеріс – заңнамаға «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы енгізілді.

-Мемлекет басшысы  Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында  келісімшарттық қызметшілер институтын енгізуді тапсырған болатын. Мұндай қызметкерлер мемлекеттік қызметші санатына жатпайды.

Бұл салалық жобаларды іске асыру барысында   арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік беретін болады. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды, – деп толықтырды Қайрат Нұрғазыұлы.

Сонымен бірге жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізіледі және мемлекеттік органдардың басшы және атқарушы құрамының арақатынасын регламенттеу айқындалатын болады.

2022 жылдың қараша айында аудан әкімдерін сайлау жөнінде Заң қабылданды. Құжатта сайланған әкімдер сынақ мерзімінен және ротациядан босатылатыны көрсетілген.

Сондай-ақ, сайланған әкімдерге «лауазымын төмендету» тәртіптік жазасы алып тасталынды.

Осы жұмыстың жалғасы ретінде, қазіргі кезде «сайланбалы қызметші» жаңа тобын құруды көздейтін Заң жобасы әзірленуде.

Үздік түлектер қызметке  конкурссыз тағайындалады

Қайрат Сапарғалиев мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөнінде қабылданған Заңға да тоқталды. –Енді Мемлекеттік басқару академиясының түлектері өңірлердегі лауазымдарға, мемлекеттік грант есебінен жоғары оқу орындарын ойдағыдай бітірген үздік түлектер аудандық және ауылдық деңгейлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындалу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар уәкілетті органның келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз “Б” корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындау үшін мүмкіндік беріледі, – деді Қайрат Нұрғазыұлы.

Сондай-ақ жоғарыда аталған Заңға сәйкес екі тоқсан қатарынан қанағаттанарлықсыз баға алған мемлекеттік қызметшілердің лауазымы төмендейді, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда – атқаратын лауазымдарынан босатылады.

Қызметкерлерді іріктеудің қанатқақты жобасы 

Ағымдағы жылдың 1-наурызынан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі пилоттық режимде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін сынақтан өткізеді.

Қайрат Сапарғалиевтің айтуынша, “Е-қызмет” порталында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі әзірленген. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге конкурсқа барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен, алдын ала белгіленген уақытта қатысуға мүмкіндік береді. Тек әңгімелесу ғана бетпе-бет өтеді.

“Е-қызмет” жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Бұл мемлекеттік қызметке үміткерлерге құжаттарды жинауға уақыт жұмсамауға мүмкіндік береді. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау – мұның бәрін жүйе автоматты түрде өзі жасайды.

16 наурызда Парламент әкімшілік реформа туралы Заңды мақұлдады.

Бұл Заңға сәйкес Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің аппарат басшылары «А» корпусынан саяси лауазымға ауыстырылады.

Осы Заңды іске асыру мақсатында әкімдіктердің аппарат басшыларын саяси лауазымға ауыстыру жөнінде тиісті жол картасының жобасы әзірленді.

-Осылайша, Заңға қол қойылғаннан кейін, қолданыстағы  Президенттіңі алты Жарлығына өзгеріс енгізілуі тиіс. Қазіргі кезде тиісті Жарлық жобасы әзірленуде. Заңды іске асыруға бағытталған барлық құқықтық актілер мамыр айында дейін қабылданып, не жоғары тұрған мемлекеттік органдарға енгізілуі тиіс. Алайда мен заң мен құқықтық актілер орталықта қабылданғанымен, реформаның толыққанды жұмыс істеуі аумақтық органдардың жұмысынан да тікелей байланысты екенін ескерткім келеді, – деп түйіндеді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев.

Осы айдарда

Back to top button