Мемлекеттің мүддесі бәрінен биік
![Мемлекеттің мүддесі бәрінен биік Мемлекеттің мүддесі бәрінен биік](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2016-08/1470029713_2-bet-kz.jpg)
Мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Еліміздің әрбір азаматы мұны сезінгені абзал. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Бас прокуратураның мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаментінің бастығы Әсет Шындалиев, облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов және аймақ активі қатысқан жиынның тобықтай түйіні осы.
Астанадан арнайы ат шалдырған қадағалаушы орган өкілдері екі күн бойы Өскемен және Семей қалаларында тұрғындарды қабылдап, мәселелерін тыңдады. Көкейлеріне түйген сұрақтарына жауап берді.
– Қос қаладағы қабылдауға елуден астам тұрғын келді. Азаматтар тарапынан қойылған сұрақтардың дені жеке мәселелерін қатысты болды. Айталық, қандай да бір келеңсіздікке тап болған балаларының тағдырлары, сол секілді құқық қорғау органдарының әрекетіне, оның ішінде тергеушілердің шешімдеріне, қылмыстық істердің дұрыс жүргізілмеуіне наразылық білдіру немесе сот шешімімен келіспеу сияқты түйткілдер. Ол сұрақтардың барлығын ден қойып тыңдадық, мүмкіндігінше нақты әрі толықтай жауап беруге тырыстық. Жазылған өтініштер мен арыз-шағымдар түгелдей қабылданды. Соған сәйкес облыс прокурорына тиісті тапсырмалар берілді. Бірқатар өтініштерді өзіміздің өндіріске алдық. Бас прокуратураның құзыретінде қарастырып, тиісті шара қолданатын боламыз, – деп атап өтті департамент бастығы Әсет Шындалиев.
Сонымен қатар, облыстық әкімдіктегі жиынға қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарды көлденең тартып, өңірімізге күнде келе бермейтін Бас прокуратура өкілінен тұщымды жауаптар алып қалуға тырысты. Алқалы басқосуда айтылған мәселелердің негізгі ауаны мемлекеттік органдардың жұмысына, соттың шешімдеріне қатысты өрбіді. Мәселен, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді игеру, табиғатты қорғау, экология, жасыл желекті орман байлығын тиімді пайдалану төңірегінде туындаған проблемаларды шешуге ықпал етуді өтінді сұрақ қоюшылар.
– Қандай жағдай болмасын біз барлығын заң аясында және мемлекет мүддесі тұрғысынан қараймыз. Жеке адамдардың мүддесі мемлекеттен биік тұрмауы керек. Мұны әрбір азамат сезінгені жөн. Тұрғындардардың өтініштерін еліміздің заңдары мен қадағалаушы орган құзіреті шеңберінде қарастырып, шешуге тырысып келеміз. Барлығын прокуратураға арта беруге болмайды. Прокурор бүкіл мемлекеттік органдардың қызметін алмастыра алмайды ғой. Егер прокурор барлық мемлекеттік органды алмастырса, онда уақыт өте келе олардың қабілеттілігі шектеліп қалмай ма?! – деп түсіндірді облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Президенттің тапсырмасына сәйкес еліміздің өңірлерінде өткізіле бастаған бұл жиындар мен қабылдаулардың маңызына тоқтала келе: – Бәрінен бұрын заңдылық сақталуы керек. Заң талаптары бұлжытпай орындалып, тәртіп сақталғанда ғана тәуелсіздігіміз баянды болмақ. Қоғамымыз тыныш, экономикамыз өркендеп өсе бермек. Астанадан арнайы келген Бас прокуратура өкілдері мен жауапты орындар басшыларының осындай кездесулер ұйымдастырып, аймақтарда қордаланған проблемаларды жергілікті жерде қарастырып жатқандағы мақсаты да сол, – деп түйді.
Серік Әбілхан