Қоғам

Мемлекет қолдауға дайын, тек масылдыққа жол бермейді

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Аукенов жұмыссапарын Ұлан ауданынан бастады. Ерлан Мұратұлы Ұлан ауданының жұмыспен қамту орталығының, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің жұмыстарымен танысып, халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындармен тілдесті.

Вице-министр атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға құжаттарды қабылдау барысымен танысып,  Мемлекет басшысының 2020 жылға арналған әлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылуы жайында айтып берді.

Облыс орталығында Ерлан Аукенов мүмкіндігі шектеулі жандармен, олардың мүдделерін қорғайтын қоғамдық  бірлестіктің өкілдерімен дөңгелек үстел басында кездесіп, өзекті деген проблемаларды талқылады.

Вице-министр мемлекет тарапынан  ерекше жандардың өмір сапасын көтеру мақсатында барлық салада қолға алынып жатқанған бастамаларды тілге тиек етті.

-Елімізде 690 мың ерекше жан бар, олардың құқықтарын қорғау саласында халықаралық стандарттар енгізіліп жатыр. Сегіз мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың әртүрлі несие қарыздары кешірілді. Ұлттық банк пен Үкіметтің бірлескен бағдарламасының шеңберінде ипотекалық несиенің қарыздарының салдарынанбаспанасынан айырылып қалайын деп тұрған адамдарға жеңілдіктер берілді. Қарыздардың 50 пайызы кешіріледі де, қалған жартысы аз пайызбен өтеледі. Осы санатқа жататын 7,5 мыңнан астам тұлғаның үштен бірі ерекше жандар. «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында екі пайыздық несиемен ерекше баланы бағып отырған 600-ден астам отбасы баспаналы болды, – деп атап өтті Ерлан Аукенов.

Ерекше қажеттіліктері бар жандарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында 2020 жылдан бастап әлеуметтік қызметтердің порталы енгізілді.

-Ағымдағы жылы порталға 18 млрд.теңге қаражат  бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Біздің мақсатымыз зәру жандарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтуды биыл 67 пайызға, біртіндеп 70 пайызға жеткізу, бұл – үлкен қадам, – деді вице-министр.

Портал мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығына өзіне сай келетін техникалық құралдарды өз қалауымен таңдап алуға мүмкіндік береді. Мамандар электронды жүйенің сыбайлас жемқорлық қатерлеріне де тосқауыл болатынына сенімді, ешқандай адами факторлар болмайды.

Кездесуде мүгедектер ісі бойынша қоғамдық кеңестің төрайымы Ольга Кузовлева спортпен шұғылданатын ерекше жандарға ыңғайлы екінші арбаға қол жеткізуге рұқсат берілсе деген тілегін жеткізді.

-Заң бойынша, бір ғана арба алуға болады. Ал билеу үшін, үстел теннисін ойнау үшін басқа мобильді арба керек. Біздің балалар осы бағыттарда керемет жеңістерге жетіп жүр, – деді Ольга Григорьевна.

Басқосуда қоғамдық көліктердің арбада отырған жандар үшін қолайсыздығы да сөз болды.

Ерлан Аукенов ерекше жандардың айтқан барлық арыз-өтініштерін жазып алғанын, оң шешімін табуға көмектесетінін айтты.

Жаңа ескі формат

Облыс әкімдігінде Ерлан Аукеновтің қатысуымен өткен селекторлы отырыста  көпбалалы және әлеуметтік нашар қорғалған отбасыларына көрсетілетін көмектер, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау туралы сөз болды.  Жиынға өңірдің қала мен аудандары әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғам белсенділері, көпбалалы аналар қатысты.

  • Бұл жүйе әлеуметтік қызметкерлерге таныс. Біз жаңа ештеңе де ойлап тапқан жоқпыз, тек атаулы әлеуметтік көмектің бұрынғы форматына қайта көштік. Тоқсан сайын тағайындалады. Критерий аймақтық ең төменгі күнкөрістің 50 пайызынан 70 пайызға көтерілді, – деді Ерлан Аукенов.

Вице-министрдің түсіндіргеніндей, басты назар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау механизміне аударылған. Ашық әрі әділ тағайындалуына, отбасын жұмыс істеуге ынталандыруға ерекше мән беріледі.

АӘК тағайындауда бекітілген кешенді іс-шаралардың үш бағытын атап өтуге болады. Көмек мұқтаж отбасыларына тағайындалатын болғандықтан, көпбалалы аналар бөлек санатқа шығарылды. Өйткені көпбалалы отбасылардың барлығының тұрмысы нашар деуге келмейді.

-Бұл аналарға берілетін көмек емес, отбасына көрсетілетін көмек. Төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары бар аналарға мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Егер сонымен қатар отбасының әлеуметтік тұрмысы нашар болса, қосымша АӘК тағайындалады, – деп түсіндірді вице-министр.

Үшінші бағыты – АӘК алатын отбасыларының жұмыссыз мүшелерін «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмысқа тарту. Егер жұмыс істеуге шамасы келетін отбасы мүшелері еңбектен бас тартса, онда АӘК төлеу тоқтатылады. Мемлекет мұқтаж жандарды қолдауға дайын, бірақ масылдыққа жол бермейді.

Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына  сонымен қатар кепілдендірілген екі әлеуметтік пакет беріледі. Біреуі мектеп жасына дейінгі балақайлар үшін, екіншісі мектеп жасындағы  балаларға арналған. Онда қоғамдық көлікте тегін жүру, мектеп формасымен, ыстық тамақпен қамтылу сияқты жеңілдіктер қарастырылған.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button