Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстарға оң баға берді
Елбасы – ел ішінде
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді. Жұмыс сапарының барысында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге Өскемендегі облыстық қан орталығында және «Азия АВТО Қазақстан» акционерлік қоғамының кәсіпорнында болды.
Қан орталығы – халықаралық стандартқа сай
Өткен жылы қолданысқа берілген медицина мекемесін аралап көрген Президент заманауи қондырғылармен толық жабдықталған орталықтың қызметімен танысты. Адам өмірінің арашашысы деген абыройлы міндетті арқалаған ақ халатты жандармен, сондай-ақ, қан тапсырушы донорлармен тілдесті. Бүгінгі таңда жүріп жатқан донор айлығы аясында қан тапсыруға Өскемендегі 27943 әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздары да келген екен.
– Аса мәртебелі Елбасы! Біз – әскерміз. Біздің міндетіміз – Отанды қорғау. Біз үшін ең бастысы – елдегі Сіз орнатқан тыныштықты қорғау. Өткенде Ақтөбеде болған оқиға – нағыз сатқындық. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің берген бұйрығыңызды әрқашан орындаймыз Мемлекетті қорғау – біздің парызымыз, – деді Елбасымен кездескенде 27943 әскери бөлімінің қызметкері, лейтенант Олжас Әбенов.
Сондай-ақ, еліміздің Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ алдында қатардағы сарбаздар Берлі Оразалимов пен Дмитрий Андрюшенко да сөз сөйлеп, Отанды қорғау жолында қажет болса, жандарын қиюға дайын екендіктерін жеткізді.
– Бұл әрине, дұрыс. Алайда, сіздер өмірлеріңізді де сақтап, Отанды да қорғауларыңыз керек. Қан тапсыру арқылы қазірдің өзінде адамдардың өмірін құтқаруға көмектесіп жатырсыздар. Бұл да үлкен іс, – деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы бүгінгідей аумалы-төкпелі шақта елдің тұрақтылығын сақтап, тыныштығын күзету бәрінен де маңызды екенін баса айтты.
Жоғары өндірістік және тиімді технологияларға негізделген заманауи медициналық нысанды аралаған Елбасы ол жердегі мамандармен әңгімелесіп, орталықтың қажетті емханалық және диагностикалық жабдықтармен қосымша қамтамасыз етілетінін жеткізді. Жауапты да, сауапты қызметті адал атқарып жүрген абзал жандардан құралған ұжымның еңбекте табыс пен сәттілікке жетуіне тілектестігін білдірді. Ал мұқтаж адамдардың денсаулығына пайдасы тисін деген ниетпен қан тапсырып, азаматтық борышына адалдығын көрсеткен өскемендік тұрғындарға Елбасы мықты денсаулық пен отбасыларына амандық тіледі.
– Қан және оның құрамының донорлығын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін орталықта жылына 24 мың литр қан қабылдауға болады. Алайда, қазір біз медициналық мекемелердің тапсырысы бойынша жылына 13 мың литр көлемінде қан қабылдап отырмыз. Мұнда бәрі автоматтандырылған, халықаралық стандарттарға сай. Соңғы үлгідегі құралдардың көмегімен қанды кешенді зерттеуге қол жеткізілді, – деп түсіндірді облыстық қан орталығы директорының медицина жөніндегі орынбасары Светлана Шмурыгина.
Естеріңізде болса, бұрын қан орталығы типтік емес ғимаратта, ескі құрал-жабдықтармен жұмыс істеген. Бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін Мемлекет басшысы «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы арқылы Өскеменде жаңадан қан орталығын салуға тапсырма берген. Соның нәтижесінде жобалық құны 3 млрд. 300 млн. теңгеден асатын медицина мекемесі салынып, былтыр іске қосылды. Жылына 30 мың адамды қабылдай алатын нысанда жалпы сомасы 1,3 млрд. теңгеден асатын қаражатқа ғылымның соңғы жетістіктеріне жауап беретін қондырғылар орнатылған. Соның арқасында қан донациясы мен компоненттерінің сапасын автоматтандырылған зертханалық бақылауды енгізуге мүмкіндік туған.
Тұңғыш отандық электромобиль таныстырылды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Азия Авто» кәсіпорнында болып, «Лада» желісінің жаңа модельдерімен танысты, Согра кентіндегі толық циклді автомобиль зауытының құрылысын аралады.
Бір апта бұрын ғана тұсауы кесілген жаңа өндірістік желіні Елбасыға кәсіпорынның директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин таныстырды. «Бипек Авто-Азия Авто» компаниялар тобы бүгінде General Motors, SkodaAuto, Volkswagen, KIA Motors, Renault-Nissan, АВТОВАЗ сияқты әлемдік концерндермен технологиялық әріптестік орнатып, елдегі автомобиль өндірісін алға сүйреп келеді. Кәсіпорынның «Лада» маркалы өнімдеріне қазақстандықтар тарапынан сұраныс мол. Бұған дейін «Азия Авто» аталмыш желінің тек Lada 4х4 және Urban модельдерін ғана шығарып келген. Жол талғамайтын бұл «Нивалардың» бірі ауылды аймаққа арналса, бірі қалалы жерлерге лайықталған болатын. Енді оларға Lada Granta, Lada Kalina және Lada 4×4 5d модельдері қосылып отыр. Алдағы тамыз айында олардың қатарын Priora толықтырады. Ал қыркүйекке қарай Vesta және XRAY кроссоверін, әмбебап Largus көлігін өндіру жолға қойылады. Зауыттың аға шебері Дәурен Балғабаев – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бұған дейін әлемге әйгілі жеті машина жасаушы компанияның тәжірибесімен танысып, Volkswagen компаниясында жұмыс істеген маман мұндағы өнім сапасы алманиялық көліктерден ешбір кем түспейтінін атады.
Кәсіпорын басшылығы Президентке Lada Largus көлігін «орталықтандырылған қалалық такси» жобасына ұсынды. Ұлт Көшбасшысы болашақта еліміздің қалаларында біріздендірілген қалалық такси қызметін жолға қою қажеттігін қадап айтқаны белгілі. А.Балушкиннің айтуынша, сол ойдың үдесінен шығу жолында Lada Largus моделі таптырмас нұсқа болмақ.
-Бұл көліктің шанағы өзге жеңіл автомобильдерге қарағанда әлдеқайда биік. Мұндай биіктік клиенттің емін-еркін отыруына өте қолайлы. Ал көліктің артқы бөлігіндегі жүксалғышы мейлінше кең. Қосалқы бөлшектері мен қызмет көрсету құны өзге модельдерге қарағанда арзан. Сондықтан оны қалалық такси көлігі ретінде пайдалануға әбден болады, – деді Анатолий Балушкин.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы компанияның табыс аясын кеңейту бағытындағы ізденісін құптайтынын жеткізді.
Анатолий Балушкин Елбасыға отандық көліктерді Тәжікстан, Монғолия, Қырғызстан, Әзірбайжан және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдердің нарығына шығару бойынша жүргізілген келіссөздердің нәтижесін баяндады. Президент бұл тұрғыда көліктердің халықаралық сапа стандарттарына сай болуы керектігін ерекше атап, қараша айында Астанада Ресеймен бірлесіп өткізілетін шекаралас өңірлердің ынтымақтастық форумында осы келіссөздерді құжаттық негізде бекітуді тапсырды.
Кәсіпорын қызметкерлері Елбасымен телекөпір арқылы тілдесіп, мемлекет тарапынан машина жасау саласына көрсетіліп отырған қолдауды сезінуге мүмкіндік алды. Зауыттың конвейерлік құрастыру учаскесінің ұстасы Қанағат Янгушаков Елбасыға өз учаскесіндегі жұмыстардың қалай жолға қойылғанын баяндап, бұл кездесуден ұжымның кәсіби шабыт алатынын айтты. Саланың өркендеу барысын назарынан тыс қалдырмай келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында зауытта жаңа технологиялар қолға алынып, жаңа өнімдер шығарылып жатқаны мемлекеттің қолдауымен жүзеге асқаны да айтылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан .НАЗАРБАЕВ бұл компания Қазақстандағы тұңғыш машина жасаушы кәсіпорын болғандықтан, оған әрдайым мемлекет қолдауы көрсетілгенін, қолға алынып жатқан жобалардың жүзеге асуы үнемі мемлекет бақылауында болатынын жеткізді.
Толық циклді автомобиль зауытының құрылысын аралаған Мемлекет басшысы жобаның өндірістік әлеуетіне көңілі толатынын атады. Бүгінде өндірістік кешендердің іргетасы жартылай қаланған, әкімшілік және жатақхана ғимараттары, қоймалар бой көтерген. Соның өзіне компания 55 млн. АҚШ долларын жұмсаған. Зауыт 2018 жылы іске қосылса, толық қуатына 2020 жылы енуі тиіс. Сол кезде мұнда 12 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Ал бюджетке жылына 30 млрд. теңге салық түсімі құйылады. Қазірдің өзінде «Азия Авто» компаниясы бюджетке түсірген салық көлемі жөнінен облыс бойынша екінші орынға шығып отыр.
Мемлекет басшысының назарына тұңғыш қазақстандық электромобиль де таныстырылды. Қарапайым электрден қуат алатын бұл көлік осыдан бір жыл бұрын құрастырылған екен. Оны Елбасыға таныстырмас бұрын түрлі сынақтардан өткізіліп, жылдың әр мезгіліндегі климатқа төзімділігі тексеріліпті. Көліктің аккумоляторы қыста жылытып, жазда салқындататын қаптамамен жабдықталған. Президент бұл саладағы аса жоғары технологияның Қазақстан аумағында игерілгеніне ризашылығын білдірді.
Аймақтағы сапарын қорытындылаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
-Биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында облыстарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысып келемін. Мерейлі жылды әр аймақтың қандай жетістіктермен қорытындылайтыны маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, дағдарысқа қарамай, облыста өндірістің өсімі 39 пайызға, ауыл шаруашылығы 13 пайызға артып, жалақы көлемі 11 пайызға өскені қуантты. Балалардың 98 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілген.
Мен бүгін ел дамуында маңызы зор «Азия Авто» кәсіпорнында болдым. Бұл кәсіпорын құрылғанға дейін Қазақстан автомобиль шығарып көрмеген. Әзірге мұнда құрастыру өндірісі жолға қойылған. Әлемнің барлық елдері осылай құрастырудан бастаған. Сол арқылы адамдарын үйретіп, кейін біртіндеп жергілікті мазмұнды арттырған, соңында толықтай өздері өндіретін болған. Зауыттың жас мамандарымен, осында істеп жүрген «Болашақ» түлектерімен сөйлестім. Біздің қазақ жастары мұндай өндіріске ешуақытта жіберілмейтін болған. Соларды көргеніме қатты қуанып отырмын. Өзінің мамандығын жоғары деңгейде игерген, шетелдерге барып үйренген жастармен кездестім. Біздің шығарып отырған көліктеріміздің ең арзаны жеті мың, ең қымбаты 15 мың доллар тұрады. Мұндай баға халыққа да жайлы, бәсекеге де қабілетті деп санаймыз. Бұл көліктерімізді көршілерімізге де сатамыз.
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының аясында салынған қан орталығында да болдым. Бұл нысан адамның денсаулығы үшін, адам өмірін сақтап қалу үшін өте кажет. Халық соны түсініп, топ-тобымен келіп, елге көмегін тигізіп жатқанын көрдім.
Әрине, облыста шешілетін мәселелер әлі көп. Оның барлығын облыс әкімшілігі рет-ретімен шешеді деп санаймын. Шығыс Қазақстанда көргенімнің барлығы мен үшін өте қуанышты. Облыста істеліп жатқан шаруалар өте жақсы, – деді Елбасы.
Серік Әбілхан,
Есімжан Нақтыбайұлы