Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Үндеуі

Қымбатты отандастар!
Бүгін елімізге жəне əрқайсымызға қатысты аса маңызды Үндеу жариялап отырмын.
Еліміздің Конституциясына сəйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым.
Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевпен ақылдастым.
Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім.
Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім.
Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім.
Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды əрі қажетті қадам.
Біз Елбасымыздың арқасында тəуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды жəне белді мемлекет ретінде бүкіл əлем мойындайды.
Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз.
Жоғары билік заңды жəне бейбіт жолмен ауысты. Бүкілəлемдік қоғамдастық осы оқиғаны түсіністікпен жəне құрметпен қабылдады.
Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді жəне жауапкершілігімді терeң сезінемін.
Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңір лерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім.
Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тəуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дəлел болуы керек.
Сондықтан елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, əлеуметтікэко номикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, əлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер əкелуі мүмкін.
Ішкі жəне сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған əлеу мет тік бағдарламаларды ойдағыдай сəтті əрі тиімді іс ке асыруымыз керек.
Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабыл дадым.
Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.
Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады.
Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық əрі əділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!
Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни сіздерге сенемін.
Қадірлі отандастар!
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз.
Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Еліміздің келешегі, əр отбасы мен əр азаматтың тағдыры сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сəйкес
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалсын.
2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жəне қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.
4. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының əкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасауды жəне дұрыстығын қамтамасыз етсін, Орталық, аумақтық жəне учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мəселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін.
5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ.ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда,
2019 жылғы 9 сəуір №18