Қоғам

Мектептің шатыры жөнделеді

Биыл ауданымызда бірқатар мектепке жөндеу жұмыстары басталып кетті. Соның бірі – Дайыр ауылындағы Мүкәрама атындағы орта мектебі.

– Мектебіміздің шатырына күрделі жөндеу жұмыстарына 118 млн. теңге қаражат бөлінді. Мердігер –  «Актив А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті, – дейді Мүкәрама атындағы орта мектебінің директоры Р.Шакенов.

Мектеп – әр оқушының жүрек түкпірінен ерекше орын алар қасиетті мекен. Ал осы білім ордасының барлық талаптарға сай болып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі – басты назарда тұратын маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда, Мүкәрама атындағы орта мектебінің төбесіне күрделі жөндеу мәселесін көтерген мектеп мұғалімі А.Оралханова екенін атап өткеніміз жөн.

– Білім ордасында қызмет етіп келе жатқаныма биыл 12-ші жыл. Мектебіміздің төбесінен су ағып, іші көгеріп, нәтижесінде оқу оқып, жұмыс істеуге жарамсыз болды. Бұл жағдай бәріміздің денсаулығымызға кері әсерін тигізері сөзсіз. Осы мәселе көтерілгеннен кейін арнайы комиссия келіп, мектептің мән-жайымен танысты. Қазір мектеп шатырын жөндеуге қаражат бөлініп, жұмыс басталды, – дейді ол. Бұл жаңалыққа осы мектептің ұжымы, ауыл тұрғындары ерекше қуанды.
– Мектепте оқушылар мен ұстаздар көп уақытын өткізетіндіктен, оның адам денсаулығына тигізер кері әсері болмауы керек. Яғни жөндеуден өтіп, барлық талаптарға сай болуы қажет. Сонда ғана ата-аналар, тұрғындар тарапынан еш алаңдаушылық болмайды. Мектебіміздің төбесін күрделі жөндеуге қаражат бөлінді дегенді естіп бәріміз қуандық. Жақсы істер жалғасын таба берсін, – дейді Дайыр ауылының тұрғыны Н.Жұбанханова.

М. Мықтыбаева, Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button