Қоғам

Мектепті қайта жөндеп жатыр

Биылғы оқу жылы аяқталысымен-ақ, аудандағы кейбір білім беру ошақтарында келесі жаңа оқу жылына  дайындық мақсатында  тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіле басталды. 

400-ден астам бала оқитын аудан орталығындағы Қ.Дамитов атындағы орта мектебі жаңа ғимаратқа көшкендеріне биыл 7 жыл толды. Мектептің жаңа ғимаратын 2015 жылы сол тұстағы «Себанур»  ЖШС  салып берді. Кейіннен екі-үш жылдың аясында су жаңа мектептің іші-сыртынан азын-аулақ ақаулар шыға бастады. Бастабында мектептің кіреберіс дәлізінің едені түсіп кеткен. Нәтижесінде еденнің бетіндегі кафельдері бүлініп, сына бастаған. 2018 жылы мердігерлік ұйым өкілдері келіп, бұл олқылықты түзеп, еденді қайтадан қалыпқа келтірген. Десе де бұнымен іс біткен жоқ.  Жылдан-жылға ғимараттың бірінші қабатындағы  едендер  бүлінудің үстіне бүліне берген-ді.  Едендердің бүліну себебі, оның астыңғы қабаты, яғни, топырағы талапқа сай дұрыс  нығыздалмаған, бетіне қиыршық тас салынбаған, сөйтіп, тегістелмеген топырақ жер тартып, төмен қарай  отырып кеткен. Нәтижесінде, еденнің  бетіндегі кафель сынған. Қазіргі таңда мектептің асхана, медицина қызметкерінің, оқушылардың киім ілетін бөлмелерінің едендері  бүлінген. Тіпті, ғимарат ішіндегі кірпіш қабырғалары жарылып кеткен. Салынғанына  небары  6-7 жыл ғана болған білім беру ошағының бұлай уақытынан бұрын тозуына не себеп деп ойлайсыздар?  Жауап жалқы – бәрі де  сапаның жоқтығынан.

Қ.Дамитов атындағы орта мектебіндегі тиісті ағымдағы жөндеу жұмыстары мамырдың соңында «Адал еңбек» ЖШС-нің қолға алуымен  басталған. Бұған облыстық бюджет қаржысы есебінен барлығы 40 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.

– Соңғы жөндеуден кейін арада төрт жыл уақыт өтіпті. Біз жұмысқа кірісерде  мектептің бірінші қабатындағы бірнеше бөлмелердің қабырғалары шытынап, едендері шөгіп кеткен. Қабырғаларын бұзып,  жаңадан   тұрғыздық, едендерін құйып, қайтадан  көтердік.  Бетіне жаңадан линолеум төседік.  Едендер   1 метр 20 см-ге отырып кеткен. Едендердің астына нығыздап салу үшін  мың  тоннадан артық  қиыршық тас   әкеліп төктік.  Сонымен бірге, мектеп ауласындағы алаңды  тас төсеуішпен жаптық.   Қазіргі таңда, асхананың еденін жөндеп,   үстіне кафель жабудамыз.  Қабырғасы 10-15 см-ге ажырап кеткен екен, оны да ретке келтірдік.  Екі-үш жылдан кейін тағы да михнатты көрмес үшін біз бригадамызбен жүктелген барлық жұмысты сапалы етіп істеуге тырысып бағудамыз.  Ауыстырылатын аумақ 855 шаршы метрді құрайды. Құдай қаласа, осы айдың соңында жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтаймыз деп отырмыз, – дейді   «Адал еңбек» ЖШС-нің басшысы Ержан Қасымов.

Сондай-ақ мердігер ағымдағы  жөндеу жұмыстары аясында  мектептің  450 шаршы метр шатырын қайтадан темір қаптамамен жапқан, су ағарларын ауыстырған, мектепке жаңа жылыту қазандықтарын орнатқан. Жылыту қазандықтарын Е.Қасымов Ресейдің Барнаул қаласынан жеткізген.

Мектептің жөндеу жұмыстарына  мердігерлік ұйым барлығы он бес адамды жұмылдырған. Қажетті техниканың барлығы бар. Атап айтқанда, бірнеше жүк көліктері мен жүк тиегіш техникалары күн сайынғы жұмысқа сақадай сай.

– Мердігерлік ұйым жүктелген барлық жұмысты ойдағыдай атқарып, кем-кетік тұстарымызды ретке келтіріп беруін асыға күтудеміз.  Жөнду жұмыстарына бір жылдық кепілдеме берілген. Байқағанымызша, әзірге жөндеу жұмыстарының сапасына көңіліміз толатын сияқты. «Адал еңбектің» іске деген адалдығы мен тазалығын көріп, қуанып отырмыз. Бұдан былай дәл қазіргідей машақатты көргіміз келмейді, – дейді Қ.Дамитов атындағы орта мектептің директоры Гүлназ Қабдыкәрімова.

Мектеп басшысы алдағы жылыту маусымына тиесілі таскөмір қоры толықтай әкелінгендігін айтады.

– Барлығы  710 тонна әкелінді. Бұл бір жылға  толығымен жетеді. Көмірді Юрий Быценко басшылық ететін «Зырян ТЭК» ЖШС-і жеткізіп берді. Сапасы өте жақсы, – дейді мектеп басшысы.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button