Мектептерге «бомба» қойып жүргендер кім?
Бірнеше күннен бері мектептерде маза жоқ. Қаланың бірқанша мектебіне «бомба» қойылғаны туралы ақпарат күн аралатып облыстық полиция департаментіне келіп түсуде. Алайда тексеріс жүргізген жауапты орган қызметкерлері барлығының да жалған ақпарат екендігін растап отыр.
Жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартыларын білсе де, арты-артынан қала нысандарына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама жіберуді тоқтатар емес. Осы жылдың 6 ақпанынан бастап күні бүгінге дейін 50-ден астам нысанға «бомба» қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Осыған дейін қаланың бірнеше мектебінің оқушылары эвакуацияланып, мектептерге дер кезінде тексеріс жүргізілді. Дәл сондай жағдай тағы қайталанып, 14 ақпан күні облыс орталығындағы бірнеше мектепке «бомба қойылғаны» туралы хабарлама тарады. Алайда, тексеру нәтижелеріне сәйкес, объектілерде ешқандай қауіпті зат табылмаған. Жалпақ жұрт жарылғыш заттың табылмағанына қуанғанымен, жалған ақпарат таратқандардың табылмағанына қапаланып отыр. Ал жауапты органдар қазіргі уақытта терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар тарату фактісі бойынша тергеу жүріп жатқанын айтады.
– 14 ақпан күні 23 мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Тексеру нәтижесінде ешқандай қауіпті зат табылған жоқ. Күдіктілерді анықтауға бағытталған арнайы тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде. Интернетпен жұмыс істеу – өте күрделі. Себебі онда IP мекенжайлары секунд сайын өзгереді. Тексеру ұзақ уақытты алады. Күдіктілерді табу мүмкіндігі бар. Қазір барлық нұсқалар пысықталуда, – деп атап өтті ШҚО ПД бастығының орынбасары Медет Бердімұратов.
Міне, осылай интернет алаяқтары айласын асырып, мектептерге «бомбаны» жасырып әлек. Олардың әрекеттеріне тез арада құрық салмаса, ата-аналар да алаңдаушылық білдіре бастаған.
«Балаларымыз үрейленіп, өзіміз де қорқып отыратын болдық. Бұл жағдай әсіресе 11 мектепте бірнеше рет қайталанды. Жауапты органдар тексеріп, неге жалған ақпарат таратушыны ұстап, жазасын бермейді?! Біз баламыздың өмірін қауіп-қатерге тіге алмаймыз», деп жазып жатыр ата-аналар әлеуметтік желіде.
Жауапты органдар қылмыскерлерді жедел құрықтамаса, ата-аналардың алаңдауы басыла қоймасы анық. Өйткені кез келген адамның және мемлекеттің баланың өміріне бейжай қарамайтыны анық. Сонымен қатар бұл жағдайдың білім беру ісіне де зиянын тигізіп, мұғалімдердің уақыттан ұтылып жатқаны да түсінікті.
Алтай Ғали-Асқар