COVID-19 

Мектептерде қауіпсіз шаралары қатаң сақталады

         Қазіргі кездегі карантиндік режимге сәйкес мектептердің антисептиктік  заттармен, маскалармен, басқа да қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуі қандай деңгейде? Сондай-ақ әлеуметтік қашықтық, санитарлық талаптардың орындалуы қандай дәрежеде? Біз осы сауалдарға жауап алу үшін аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Джакуперовамен жолыққан едік.

– Аудандағы 41 мектептің төртеуінде сабақ қашықтан оқытылып, бастауыштағы пәндер кезекші сыныптарда өткізілуде, – дейді Айзада Солтанқызы. – Білім беру мекемелері  Білім және ғылым министрінің 2020 жылдың 13 тамызындағы бұйрығындағы 1-қосымша негізіндегі коронавирус инфекциясының таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды даярлық сыныптарында жолға қойылған оқыту қызметтерін ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бойынша жұмыс істеуде. Атап айтар болсақ, шеткері ауылдар мектептерінде штаттық режимде оқыту санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуда.

Әдіскер ауыл мектептерінде оқытудың штаттық режимін ұйымдастыру кезінде төмендегідей шаралардың қатаң сақталуы қажет екендігін ортаға салып өтті. Мәселен: кестені сабақтың басталу және аяқталу уақытын көрсете отырып құру; әлеуметтік қашықтықтың сақталуы жолындағы  физикалық  тұрғыдағы байланыстарды азайту, бұл үшін ауысымдарды ұлғайту және ауыстыру;  кабинеттік жүйені алып тастау, әр сыныпты белгілі бір кабинетке орналастыру; әр сынып үшін  сабақтар арасындағы өзгерістерді реттеп отыру.

Айзада Солтанқызы 1-4 сыныптарды кезекші сыныптарда оқытуды ұйымдастыру барысы жайлы әңгімеледі. Бұл тәсіл осы сыныптарда  білім алатын балалардың жас ерекшеліктерін, олардың оқуға деген ынта-ықыластарын, әлеуметтену дағдыларын, өздігінен білім алу және өзін-өзі ұйымдастыру құзыреттілігін қалыптастыра бастауына негізделеді екен. Мұндай сыныптарға созылмалы ауруы жоқ, денсаулығы мықты балалар іріктеліп алынады. Ал оқушыларды кезекші сыныптарда оқытуды таңдау құқығы олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне беріледі. Олар таңдау құққығын жалпы білім беретін мектеп басшысының атына өтініш беру арқылы білдіре алады.

Қашықтан оқыту кезінде білім сапасының төмендемеуі және тәрбие жұмысының ақсамауы үшін мынадай бағыттар негізге алынады:  азаматтық-патриоттық тәрбие беру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру; академиялық адалдық қағидаларын сақтау; балаларды экологиялық, рухани адамгершілік нормалары бойынша  тәрбиелеу; салауатты өмір салтын насихаттау;  терроризмге қарсы ағартушылық; құқықтық тәрбие; діни экстремизмнен сақтандыру және еріктілер қозғалысын дамыту. Ал бұл маңызды тақырыптарды балаларға ұғынықты етіп жеткізу үшін онлайн зияткерлік-құқықтық ойындар, онлайн кездесулер, онлайн вебинарлар, түрлі дәстүрлі шығармашылық байқаулар, онлайн акциялар, қашықтық олимпиадалары, онлайн фотокөрмелер, жұмысқа орналастыруға арналған онлайн жәрмеңкелер, алуан түрлі әлеуметтік роликтердің онлайн трансляциясын және еріктілердің қашықтағы мектептері, тағы басқа форматтарды пайдалану қажет.

Осы бағыттағы шаралардың қалай орындалып жатқанына көз жеткізу мақсатында біз Алғабас орта мектебіне барып, ондағы медбике Нұрлан Мұқағанқызымен тілдескен едік.

– Мектебімізде сабақ екі ауысымда жүргізіледі, – дейді ол. – Сабаққа келгенде барлық оқушылардың, сонымен бірге, мұғалімдердің дене температуралары өлшенеді. Маска кию режимін қатаң назарда ұстаймыз. Балаларға қауіпті дерттен сақтанудың жолдары үнемі түсіндіріліп отырады. Ол үшін арнайы бюллетеньдер жасалып, стендтерге індеттің алдын алу жөніндегі ақпараттар іліп қойылады. Температурасы бар балалар үйге қайтарылады, ал сырқат бала анықталған жағдайда бүкіл сынып қашықтан оқытуға  көшіріледі, бірақ мектептегі оқу жалғаса береді.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button