Қоғам

Мектептерде қамқорлық кеңестеріне заңды тұлға мәртебесі берілуі мүмкін

Мектептерде қамқорлық кеңестеріне заңды тұлға мәртебесі берілуі мүмкін

Облыс орталығындағы мектептерде қамқорлық кеңестеріне заңды тұлға мәртебесі берілуі мүмкін. Бұл шара білім ошақтарында заңсыз ақша жинау мәселесін шешу, мектептерде жең ұшынан жалғасу, «бармақ басты, көз қысты» фактілеріне жол бермеу мақсатында енгізілмек. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысында қалалық білім беру бөлімінің қызметкерлері осындай пікірлерімен бөлісті. Жиында сонымен қатар, «2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасының 2015 жылы орындалуының барысы жайында сөз қозғалды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Бахыт Маржан жастар арасында құқықбұзушылыққа «нөлдік төзімділікті», жас өркеннің бойында жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды. Мысалы, «таза сессия» республикалық акциясына облыстағы төрт жоғары оқу орнынан 1200 студент тартылған. Болашақ мамандар оқытушылар үздік баға үшін өздерінің кітаптары мен публикацияларын сатып алуға мәжбүрлейтіндерін, түлектердің жұмыспен қамтылуы жайында жалған ақпарат беретіндігін хабарлаған. Биыл әрбір оқу орнына жемқорлық фактілерін анықтап, білім сапасын тәуелсіз қадағалауға мүмкіндік беретіндей арнайы жәшік қою жоспарланыпты.
Жиында қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Күленова білім мекемелерінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында семинарлар, тренингтер сияқты алдын алу шаралары мен ата-аналар және педагогтар үшін жиналыстар тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді. Баяндамашының айтуынша, барлық мектептерде ақпараттық-насихат топтары құрылып, оқушылар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында дебаттар ұйымдастырылған, арнайы дәрістер оқылды. Білім ошақтарының басшылары көрсетілетін мемлекеттік және ақылы қызметтер мен демеушілік көмектерге қатысты сұрақтарды тоқсан сайын талқылап отырады. Қалалық білім бөлімі жиырма үш түрлі мемлекеттік қызмет көрсете алады. 2015 жылы 56 мыңнан астам қызмет халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы, 8678 қызмет электронды үкімет порталы арқылы көрсетілген.
Қалалық білім бөлімі әкімшілік секторының меңгерушісі Елена Круглова оқу мекемелерінің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінбейтіндіктен, ата-аналардан қаражат жинау фактілері кездесетінін жасырмады. Бұл жұмыстар көбінде ата-аналардың өз ұсыныстарымен қолға алынып жүр. Елена Круглова білім мекемесіндегі қамқорлық кеңестерін заңды тұлға ретінде тіркеу мәселесі қазір қаралып жатқанын ескертті. Сонда мұндай кеңестер өз қызметтерін қолданыстағы заңнамалардың шеңберінде жүзеге асыруга мүмкіндік алар еді. Білім саласының қызметкерлері «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мен олардың жабдықталуына қатысты мәселені енгізуді сұрады.
-Баланың тәрбиесі мен оқуы – адам бойында жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуының негізі болып табылады. Сол себепті де бұл жұмыста отбасы мен мектеп бірлесе әрекет еткені абзал. Әрбір ата-ана мен мұғалім нағыз құндылықтарды таңдауда балаларға үлгі болуға тиіс , – деп қорытындылады жиынды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Михаил Лабуков.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button