Қоғам

Мектептерді жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Мектептерді жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?


Семейдегі мектептерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әсіресе, су ағатын ескі шатырларды жөндеу басты мәселе. Биыл қаладағы екі мектепке шатырын түбегейлі жөндеу үшін қаражат бөлінсе, қалғандарына ағымдағы жөндеу үшін қаржы бюджеттен беріліпті.

Мектептерді жаңа оқу жылына дайындау үшін қалалық білім бөлімінің бастығы Наталбя Фесенко директорларға демеушілер арқылы да жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігін айтқан екен. Егер 2016 жылы Семейдегі 35 мектепке 340 млн. теңге бөлінсе, биыл 33 мектепке 302 млн. теңге қарастырылған. Ал Пригород орта мектебі мен №43 мектеп түбегейлі жөндеуге қаражат алған. Түбегейлі түрде шатырлары мен төбелері жөнделеді.

-Біздің әрбір екінші мектептің шатыры ескіріп кеткен,-деді білім бөлімінің бастығы Наталья Фесенко, – сондықтан да қай мектепті күрделі жөндеу керек, біз оны директорлар жиынында анықтайтын боламыз. Сөйтіп, қаражатты қалай бөлу мәселесі қарастырылады.

Ал басқа мектептер өздерінің кезегін күтуге мәжбүр екен. Көптеген мектептерге 50-60, 90 жылдай болған. Олар шатырын жөндеуді күтуге шамалары жете ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Мәселен, биыл №35 мектепте ылғал салдарынан бір сыныптың төбесі құлап қалыпты. №28 мектепте төбе мен қабырғасы көгеріп, зең басып кеткен. Сондықтан да бұл жерде шағын спортзалды жауып тастауға мәжбүр болған. Бұл жерде бұрындары бастауыш сынып оқушылары жаттыққан екен.

-Балалардың денсаулығы үшін тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мамандары зеңнен көгеріп кеткен мектептерге балаларды кіргізуге тиым салды. Бұл дұрыс. Біз білім ордаларының басшыларына демеушілермен жұмыс істеуді тапсырып отырмыз. Қоғамдық және халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеңдер деп жатырмыз. Жапондық «Шөп тамыры» атты жоба бойынша қаладағы кейбір мектептер ескі терезелерін пластикке айырбастап алды. Ал ауылдағы бірнеше мектептер Жапон елшілігіне жобаларын ұсынды. Сондай-ақ, ата-аналар бірлестігімен де жұмыс істеу керек,-деді Н. Фесенко.

Алдағы уақыттарда мектептерде демеушілердің кабинеті ашылмақ. Бұл осылайша, оларды қаржылық жағынан тартуға арналған шараның бірі болса керек.
Мұндай кәсіпкер атындағы қайырымдылық бөлмесі қала мектептерінің бірінде ашылған екен. Десек те, бұның дұрыс-бұрыстығын алдағы уақыт көрсетер.
Ал әзірше Семей мектептерін жөндеуге қосымша қаржы көзі жетпей жатыр. Бұл мәселені арнайы шешу үшін арнайы өтініш-хат жаздық, жауабын тосып отырмыз деді Н.Фесенко.

Семей.

2016 жылы Семейдегі 35 мектепке 340 млн. теңге бөлінсе, биыл 33 мектепке 302 млн. теңге қарастырылған. Әсіресе, мектептердің шатырларын жөндеуге басты назар аударылып отыр.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button