Қоғам

Мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?

Бейсенғазы Ұлықбек

Өңірдегі орта білім беру мекемелерінің алдағы оқу жылына дайындығы қай деңгейде, мектептердің қаншасы күрделі, қаншасы ағымдағы жөндеуден өтті? Осы сұраққа жауап алу мақсатында аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісовамен жолықтық.

– Өңірде 51 мектеп, 45 балабақша, үш қосымша білім беру ұйымы бар. Осы күнге дейін білім мекемелерін оқу жылына дайындау мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Егінсу, Ақтанберді, Майлин орта мектептерін күрделі жөндеу үшін 506 миллион теңге, Б.Момышұлы, Абай, Қайыңды, Ерқабанбай мектептерін ағымды жөндеуге 14 миллион теңге, Тұрлыханов, Төлеубеков, Қоңыр, Алтынсарин, Найманбай, Қарақол, Мақаншы, Қаратұма мектептерінің жылу қазандықтарын ауыстыруға 27 миллион теңге бөлінді, – дейді аудандық білім бөлімінің жетекшісі Сәуле Жүнісова.

Бүгінде 48 мектеп ғимараты жаңа оқу жылына толық дайын, үш мектеп күрделі жөндеуден кейін бірінші қыркүйекке дейін дайын болады.

Өңір мектептерінде қатты отынға қажеттілік – 12522 тонна. Бүгінде оның елу пайызы жеткізілді.

Найманбай, Төлеубеков, Жаңай, Қарақол және Алтыншоқы орта мектептеріне оқушыларды тасымалдау үшін бес автобус сатып алынды.

Оқушылар қауіпсіздігін қамту мақсатында аудан орталығындағы Б.Момышұлы, Абай, Жансүгіров, Абылайхан мектептері маманданған күзет қызметімен, дабыл түймесі және турникеттермен қамтылады. Аудандағы барлық мектептер ғимарат ішіндегі дәретханалармен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

Сонымен қатар мектептердің жанында 42 жылыжай бар.  Мақсат – биология, дүниетану, жаратылыстану, технология пәндерінде тәжірибелік сабақтар өткізу, сондай-ақ оқушыларға ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдіру жолдарын меңгерту.

Әр мектепте құрал-жабдықтармен жарақталған спорт залдары, алаңдар бар. Бүгінде олар жөнделіп, оқу жылына дайын тұр.

– Оқушыларды тегін оқулықпен қамту үшін бюджеттен 80,2 миллион теңге бөлінді, мердігерлермен оқулықтар жеткізуге шарт жасалды. Оныншы тамызға дейін оқулықтар жүз пайыз жеткізіледі. Сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 4887 оқушыны тегін мектеп формасымен қамту үшін бюджеттен 91,1 миллион теңге, тегін аяқ киіммен қамту үшін 53,7 миллион теңге бөлінді. Кеңсе тауарларымен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары қамтылады, – дейді бөлім басшысы.

Жаңа оқу жылын штаттық режимде бастау үшін вакцина алуға жарамды 1462 мұғалім, 906 техникалық қызметкер толық екпе алды. Барлық мектеп дезинфекциялық құралдармен жабдықталған.

Алакөл жағасындағы «Үржарайым» лагерінде бірнеше ауысыммен 640 бала демалуда. Лагерь директоры Ж.Уәлиев, аға тәлімгер А.Жағыпарова, тәлімгерлер А.Құрманова, Г.Ибрагимова, денешынықтыру мұғалімі С.Нигиметов, жүзу бойынша нұсқаушы Р.Бөкебаев, мейіргер Н.Әбдікәрімов балалар демалысын қызықты өткізуге атсалысып жүр.

Мұнда «Ең үздік топ» қабырға газеттер байқауы, «Тап та, таныс!», «Сәттілікке қадам», «Қазына аралы», «Көңілді старт», «Күш атасын танымас» ойындары, «Лагерь ханшайымы мен ханзадасы», «Би марафоны» байқаулары ұйымдастырылды. Сонымен қатар баланы мамандық тандауға, қаржыны үнемді жұмсауға дағдыландыру мақсатында «Бизнес-класс» ойыны өтті. Әр мектептің өнер саласы бойынша жетістіктерін басқаларға үлгі ету мақсатындағы «Үздік өнерпаз мектеп» байқауында «Үздік әнші», «Үздік биші», «Үздік күйші» балалар анықталды. Осындай қызықты ойындар мен байқаулар әлі жалғаспақ.

 

Үржар ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button