ӘлеуметБілім

Мектептегі интернеттің сапасыздығына кім кінәлі?

Қызырбек Дүргінбайұлы

Ауылдық жерді айтпағанда қалалы жердің өзінде интернеттің сапасыздығын тұрғындар жиі сөз етеді. Ал ауылдағы жұрт бұл тақырыпты айта-айта жауыр болған деуге болады. Жаһандық ғасырда интернеттің игілігін көре алмаған жұрттың шағымы да орынды. Алайда жалпақ жұрттың наразылығына тіл қатқан жауапты министрлік мектептің өзін кінәлап отыр.

Қазіргі кездегі қажеттіліктің тамыры интернетке байланған деуге толықтай болмаса да негіз бар. Өйткені қоғамдағы көптеген сала цифрлық жүйеге көшіп үлгерген. Әсіресе білім саласы үшін интернет ауадай қажет. Алайда оқушылар мен ұстаздар интернеттің игілігін ұтымды пайдалана алмай отыр. Бұл мәселені тілге тиек еткен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептегі сапасыз интернеттің себебін директор қолының қысықтығынан көріп отыр.

– Мектептердегі интернет мәселесіне қатысты жағдай белгілі. Егер кез келген ұйым интернетке нарықтық бағамен төлеуге дайын болса, бұл ретте жылдамдығы жоғары интернет тартылады. Атап айтқанда, тиісті ұйым немесе заңды тұлға жоғары тариф төлесе, онда операторлар оларға қызмет көрсетуге дайын екені анық, – деді Б. Мусин Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар сұрағына жауап бере отырып.

Иә, қай ауылға барсаң да интернеттен іздегеніңді таппай, жүйкеңе салмақ түсіресің. Ал ауыл тұрғындары бұл жағдайды күнде бастан өткеріп жатыр. Бұндай жағдайда ауыл балаларының бір қадам артта қалары анық. Сондықтан бұл бірінші кезекте шешілетін мәселе болуы керек.

– Шындығын айтқанда, дамыған заманның мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз. Қазіргі кезде тек байланысқа шығумен ештеме шешілмейді. Қолымыздағы ұялы телефонның функциясы көп болғанымен, біздің мүмкіндігіміз аз. Өйткені сол функцияларды пайдаланып жұмыс жасағың келгеніңмен интернетің оқымай қояды. Мектептегі оқушылар да осы жағдайға тап келеді. Сабағына қатысты дүниені іздегенмен таппай қиналады. Қазір базалық білім бар дегенмен, тереңдете оқу үшін көптеген дүние ғаламтордың тереңінде жатыр ғой. Интернетің сапасыз болса, оған тереңдеп бара алмайсың. Сондықтан интернеттің сапасыздығы балалардың білім алуына да үлкен кедергі келтіріп отырғанын білген жөн. Бұл – біздің ауылда ғана емес, көптеген ауылда бар проблема, – дейді Бозанбай ауылының тұрғыны Тілеужан Бақытұлы.

Бұл жағдайдың растығын жауапты министрлік мойындап, нақты себептерін де айтып отыр. Сонымен қатар мектептегі ғаламтор жүйесінің дұрыс тартылмағандығы интернеттің дұрыс оқымауына кедергі болатын көрінеді.

– Мектептердегі жағдайға тоқталсақ, жақында Үкімет отырысында осы мәселені талқылап, әкімдіктерге нақты тапсырма бердік. Интернет бойынша бюджетті мектептерге арнап есептегенде, стандарт бойынша 20 Мбит-ке жетеді. Ал директор қаражат үнемдеп, секундына 8 Мбит үшін төлейді. Осы орайда операторлар оған 8 Мбит ауқымында қызмет көрсетеді. Екіншіден, мектеп ішіндегі интернет желісі тиісті деңгейде тартылмаған, яғни оператор модемді тек бір компьютерге орнатады. Бұл тұрғыда негізінен бухгалтер мен директордың кабинетіне қойылады да, бүкіл мектеп аумағында интернет қамтамасыз етілмейді, – деді министр.

Осылайша керекті интернет жүйесі қажетті жеріне жетпей жатқанын министр ашық айтты. Министрдің сөзіне әрбір директор құлақ асса, оқушы мен ұстаз сапасыз интернеттің езгісінен құтылары анық. Еститін құлақ болса, бұл – жиі-жиі талқыланып жүрген тақырып. Шығыс Қазақстан өңіріндегі интернет мәселесі бірнеше ай бұрын көтеріліп, БАҚ өкілдеріне жауапты тұлғалар жауап берген болатын.

– 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыста 683 ауыл интернет желісіне қосылған. Оның ішінде 146 ауылдық елді мекенде ADSL технологиясы бойынша деректерді беру жылдамдығы 8 Мбит/с дейін ұйымдастырылған. Байланыс операторының жоспарында дәстүрлі сымды технологиялардан бас тартып, деректерді сымсыз тасымалдау желісін дамыту тұр. Осы бағытта байланыс операторы «радиокөпір» технологиясын пайдалана отырып, ауылдардағы интернет мәселесін шешпек. Биыл «Қазақтелеком» АҚ өңірдің 10 елді мекенін интернетке қосуды жоспарлауда. Ал 2020 жылдан бастап Қазақстанның ұялы байланыс операторлары 250+ жобасын жүзеге асыруда. Бұл шалғай елді мекендер тұрғындарына кең жолақты мобильді интернетке қол жеткізуге, сондай-ақ телемедицина, онлайн білім беру сияқты цифрлық мемлекеттік қызметтерді және тағы басқаларды пайдалануға мүмкіндік береді, – деген болатын «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының Шығыс өңіріндегі өкілетті өкілі Ермек Қуанышбеков.

Бұл тақырып дүркін-дүркін осылай тілге тиек етілгенімен шешімін таппай келе жатқаны шындық. Бүгінгі таңда жылдамдығы жоғары интернет кезек күттірмейтін мәселе болуы керек. Өйткені сағат сайын ғарыштап дамып, ақпарат ағымы тасқындаған қоғамнан ұрпағымыз қалыс қалмауы керек. Себебі болашаққа апарар жолдың бірі – осы интернет жолағы.

 

Осы айдарда

Back to top button