Қоғам

Мектептегі балалар қалай тамақтанып жүр?

Мектептегі балалар қалай тамақтанып жүр?


Осы сауалға жауап табу мақсатында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «Мектеп асханалары» атты жобаны қолға алды. Оның аясында өңірдегі барлық орта білім беру ұйымдарының ас мәзірі тексерілетін болады.

Осындай алғашқы рейд облыстық мамандандырылған ІТ мектеп-лицейінің асханасына жасалды.

– Мектеп асханаларында тамақтың сапалы ғана емес, нәрлі болуына да назар аудару қажет. Өйткені, қазіргі мектеп бағдарламасы оқушылардың көп күш жұмсауын талап етеді. Өз кезегінде дұрыс тамақтанбау олардың денсаулығына ғана емес, ойлау қабілетінің төмендеуіне де әкеліп соғатыны жасырын емес. Дені сау ұрпақ – елдің тірегі. Осы мақсатта мектеп асханаларындағы тағамдардың сапасын бақылауға алу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Осы жоба аясында облыс орталығының ғана емес, барлық аудандардағы мектептердің асханалары тексерілетін болады. Мұндағы мақсат жазалу емес, қандай да бір кемшіліктер болса, олқылықтың орнын толтыру, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков.

Алғашқы нысанаға алынған мектеп-лицейінің ас мәзіріне қатысты ешбір шағым түспеген. Асхананың ас мәзірі рейдке қатысушылардың да көңілінен шықты. Оның үстіне оқушылар мен ата-аналар да асхананың мәзіріне қатысты тек оң пікір білдірді.

– Мектеп асханасында күнделікті тамақтанамын. Мұндағы тағамдар дәмді әрі қолжетімді. Кейде тіпті таңғы асты да осы жерде ішемін. Сыныптастарымның ешбірінен осы асханаға қатысты теріс пікір естіп көрмеппін, – дейді 6-сынып оқушысы Кәрім Сыздықов.

Ата-аналардың бірі Динара Сорока бәрінен де асхана буфетінде газдалған сусындар мен фастфудтардың сатылмайтындығына риза.

– Бұл мектепте ұлым алтыншы жыл оқып келеді. Мен өзім балаларыма газдалған сусын, чипсы сияқты зиянды тағамдар әпермеймін. Таныстарымнан басқа мектептерде осындай заттар сатылатындығын естіп, біздің мектеп буфетінің ассортиментіне назар аударып жүрдім. Алайда, мұндағы буфетте ондай заттар сатылмайды. Жалпы, балам ешқашан «бүгін тамақ дәмсіз болды, ішпедім» деп айтып көрген емес. Күнде 390 теңгенің түскі асын осында ішеді, – дейді ол.
«Мектеп асханалары» партиялық жобасының жұмыс тобына аймақтық ведомствоаралық эксперттік топтың мүшелері, ата-аналар комитетінің өкілдері мен санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары кірді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button